Елорда • 22 Желтоқсан, 2022

Bus Lane: елордада қоғамдық көлік қалай дамып жатыр?

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту мақсатында кешенді және жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов онлайн-брифинг барысында қаладағы көлік кешенін, жылжымалы құрамды жаңарту және автобустардың аралық ұзақтығын қысқарту жайлы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Bus Lane: елордада қоғамдық көлік қалай дамып жатыр?

Бүгінде қала тұрғындарының жартысынан көбі қоғамдық көлікті пайдаланады.

«2020 жылдың наурыз айынан бастап 18 жасқа дейінгі балалар тегін жол жүрді. Осы кезеңде оқушылар 50 миллионнан астам сапар жасады. Бір отбасында бірнеше бала болғандағы қиындықты білеміз. Мұндайда тегін жол жүру өте үлкен қолдау болмақ, өйткені оқушы тек мектепке ғана емес, түрлі үйірмелер мен секцияларға автобуспен тегін қатынай алады», деп түсіндірді Нұркенов.

Ол елорданың барлық елді мекені автобус маршруттарымен қамтылғанын атап өтті. Сол сияқты елордаға іргелес аймақтарға сапалы көлік қызметін көрсететін 25 қала маңындағы маршрут бар.

Елорданың автопаркін жаңарту бойынша жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Мәселен, 2014 жылдан бастап 853 заманауи автобус сатып алынды. Қоршаған ортаның ластануын азайту үшін 2019 жылы 100 электробус сатып алынды.

«Көлік кешенін үнемі жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Мәселен биыл 3 жаңа бағыт іске қосылды – №43, 121, 327. Қолданыстағы маршруттар қозғалысының 27 схемасын оңтайландыру жүргізілді, 16 бірлік маршрутқа кестелер саны ұлғайтылды. Қоғамдық көліктің жүру уақытын қысқарту үшін ұзындығы 4,3 км болатын 2 Bus Lane учаскесі енгізілді, 15 бірлік жаңа аялдама пункті орнатылды. Сондай-ақ жеке автобус парктерінің күшімен 35 жаңа автобус сатып алынды», деді қала әкімінің орынбасары.

не

2023 жылы елорданың автобус парктерін 300 көлікке жаңарту жоспарланып отыр.

Қазір 300-ден астам автобусты жаңарту және толықтыру бойынша үш әлеуетті инвестормен жұмыс жүріп жатыр.

Бір ерекшелігі, барлық инвестор автобус паркін құруды жоспарлап отыр және атмосфераны зиянды шығарындылармен ластамай, үнемді әрі экологиялық таза электр автобустарын сатып алады. Бұл әсіресе қалалық жағдайда маңызды.

«Бұл шаралар жылжымалы құрамның қазіргі тапшылығын азайтуға және маршруттағы кестелер санын көбейтуге мүмкіндік береді, бұл автобустардың жүру аралығын қысқартуға әкеледі», деп қорытындылады спикер.