07 Маусым, 2014

Кең даланың киесі

3910 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
атанған киіктер экожүйені сақтауға да үлес қосады нің мүйізі ғана құнды ма? Еті де бар дерсіз, бәлкім. Сөйтсек, киелі аңның шартарапты шарлаған іздері, сирағы мен тұяғы да құнды екен. Әзірге мүйізінің пайдасы мен рахатын жат біреулер көріп жатса, сирағы мен тұяғының пайдасын туған жеріміз және сол жерге ие – болашақ ұрпағымыз көрмек. Сондықтан ақбөкенді қорғап, басын көбейту саласында қызмет атқарып жүргендіктен, оны қорғау тек қорғаушылар міндеті емес, жалпы қоғамға ортақ жүк екендігін жеткізгіміз келеді. Игорь Шпиленок Ақбөкен – бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап, ұрпағына аманат етіп қалдырған дархан даласының киесі ғана емес, сақтаушысы әрі түлетушісі. Ғалымдар жайылымдық жерлердің шектен тыс қолданудан ғана емес, пайдаланылмағандықтан азып-тозатынын зерттеп, анықтаған көрінеді. Жан-жануарлардың тұяғы немесе шалғы тимеген шабындық-жайылымдардағы табиғи өсім­діктердің өзі тұқым шаша алмайды екен. Шашса да көктеп шығуы үшін жерге ене алмай, орнына қажетсіз өсімдіктер өсіп шығып, жерге су сіңдірмейтін көрінеді. Бұл үдеріс топырақтың құнарлануына, өсімдіктер дүниесінің дамуына кері әсерін тигізетіндігі, әрі мұндай жер өртеніп кетуге бейім тұратындығы көп жылғы тәжірибелермен дәлелденген. Қазақстан жер көлемі жөнінен дүниежүзінде 9-шы орын алса, жайылымдық жері бойынша 5-ші орында. Оның сыртында еліміз далалық экожүйесі сақталған санаулы мемлекеттер қатарына жатады. Көпшіліктің көкейінде «сол құлазыған иен далада не бар» деген сұрақ жүретіні ақиқат. Білгенімізбен бөлісейік. Нақты деректер бойынша, көкорай шалғынды деген орман алқабының белгілі бір алаңында 50-ге тарта өсімдік түрі өссе, дәл сондай далалық алаңқайда сирек болса да одан 2 есе көп 100-дей өсімдік түрі тамыр жаятын көрінеді. Ең бастысы, сол өсімдіктер арасында емдік қасиеті бар шөптер жиі кездеседі. Шаруашылықта, мал қорада жем-шөппен өскен түліктің еті мен далада жайылып жүрген мал етінің дәмінде өзгешелік бар. Өйткені, соңғы жылдары қысқы соғымдықты, болмаса ет өнімдерін ауыл шаруашылығымен дамып келе жатқан Ырғыз ауданынан алғысы келетіндер қатары артуда. Бұл кең далада сан алуан емдік қасиеті бар шөпті жеген малдың еті де дәмді, шипалы екендігінен болса керек. Жайылымдық жерлерде эколо­гиялық тепе-теңдік бұзыла бастаса, оны қалпына келтіру қиынға соғатынын күнделікті көріп-байқап жүрміз. Мәліметтерге жүгінсек, мал өнімдерінің 80 пайызы аулалардағы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі екен. Мал басы шектен тыс шоғырланған елді мекендер айналасы «тулақ сүйреткендей» кейіпте. Шаруа қожалықтарының өзі қысы-жазы бір жерден қозғалмастан мал жайып, құдықтардың, ашық тұрған су көздерінің айналасын аздырып жіберді. Осы мәселеге байланысты Үкімет, жергілікті әкімдіктер қалыптасқан түйткілді жағдайды түзету, ең бастысы, оны бетіне жібермей орнықты басқару мақсатында ұйымдастырушылық, құқықтық, әлеуметтік-экономи­калық, ағартушылық шараларды қолға алуда. Оның оң нәтижесін көруге, пайдаланылмай жатқан шалғай жайылымдықтарды суландыруға, тиімді пайдалануға біраз уақыт кетеді әрі күрделі қаржы қажет болады. Сондай-ақ, тұрмысы жайлы ауылға үйреніп қалған қожалық иелерінің, жекелеген азаматтардың санасын өзгерту де оңай емес. 40 жыл мал дәрігері болып қызмет жасаған бір ағамыз «малды өсіру үшін өзің де мал сияқты өмір сүруің қажет» дейтін. Бейнелеп айтылғанымен шұрайлы жайылым іздеген мал секілді, кім көшіп-қонып өмір сүргісі келсін?! Соңғы жылдары шаруашылық құрылымдар басшылары «малшы шықпайды» деп еңірегенде етектері жасқа толады, тіпті, кәсіптерін жауып жатқандары да баршылық. Сонда қайтпекпіз? Біз ауыл шаруашылығы құрылымдарының пайдалануға алған жерлері төңірегінде ғана мәселе қозғадық. Пайдаланылмай жатқан босалқы жерлеріміз одан аз емес. Ақтөбе облысының барлық аумағының 89,7 пайызы немесе 27 млн. гектары ауылшаруашылық алқаптары болып саналса, солар­дың жартысынан астамы пайдаланылмай жатыр. Тағы бір кемшін тұсы, осы санаттағы жерлердегі жайылымдықтардың 8 пайызы ғана суландырылған. Басым бөлігі, дәлірек айтсақ, 82,8 пайызы жер көлемдері үлкен, шалғай жатқан облысымыздың Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Шалқар аудандарында екен. Аумағына Швейцария секілді бір кіші мемлекет сыйып кететін Ырғыз ауданы жерінің жартысы бос жатыр. Мұндай босалқы жерлер санаты бізге шекаралас Қостанай, Қарағанды, Қызылорда облыстарының шалғай аудандарында да жетерлік. Сайгак-1Қазақтар үшін киелі жануар атанған, аңыз-ертегілеріне, күй-жырларына арқау, даламызға көрік болған киіктер санын қалпына келтіріп, оның тұяғымен жерімізді түлету қажет. Бөкен шөпті таңдап-талғап жейді, қой сияқты түбінен үзбейді, жоғары жағын кертіп жеп қана жайылады. Әр жердегі шөпті теріп, жүре жайылады. Сондықтан өсімдіктердің өсуі тоқтамайды, керісінше, тұқымын шаштырып, оны үшкір, аша тұяқтарымен жерге енгізеді. Ақбөкендер елсіз жерлерде құрамында ылғалы мол шырынды өсімдіктермен қоректенетін болғандықтан, сулы жерлерден алыс аймақтарда да тіршілік ете береді. Су көздерінен ұзамайтын үй жануарлары сияқты емес, жазғы, қысқы жайылым ауыстырғанда мыңдаған шақырымды ерсілі-қарсылы көктей өтеді. 1990-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында киіктер саны күрт азайып, жойылып кету шегіне жеткен. Еліміздегі Зооинститут берген мәліметтерге сүйенсек, 2003 жылы Бетпақдала таралымындағы киіктердің 1,8 мың данасы ғана қалған. Кеш те болса оң шешім қабылданып, киіктерді аулауға тыйым салынды және ол шешім 2020 жылға дейін ұзартылды. 2007 жылы Ақтөбе облысынан Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, ел Үкіметі 763 549 га жерді ерекше қорғалатын табиғи аумаққа бөлді. 2012 жылы көршілес Қостанай облысының Амангелді және Жангелдин аудандарынан «Алтын дала» табиғи резерваты ашылды. Қазіргі таңда Ырғыз-Торғай табиғи резерватының жер көлемін 409 мың гектарға ұлғайту, көршілес екі резерват аралығынан экологиялық дәліз ашу құжаттары жасақталуда. Бұған қазір резерват қорғауындағы жер көлемі 296 мың гектарды алып жатқан Торғай зоологиялық қаумалын қосыңыз. Қаржыдан тапшылық көрмей, жоспарланған шаралар жүзеге асса, Қазақстанның қақ ортасынан дүние жүзіндегі кең көлемді ерекше қорғалатын табиғи аумақ кешені пайда болғалы тұр. «Дүние кезек» деп қазақ қалай тауып айтқан. 1972 жылы Қазақстандағы киік етін өндіретін екі өндірістің бірі осы Ырғызда ашылған еді. Киік етін өндіретін мемлекеттік аңшылық өндірістік шаруашылығы құрылып, киік соя­тын алып мұздатқышы бар комбинат салынды. Қазір, керісінше, сол Ырғызда киіктерді қорғайтын ғылыми мәртебесі бар мемлекеттік табиғи резерват ашылып, алып әкімдік ғимараты кешені салынды. Сол кезде қаптаған аңшылар бригадасы киік атып даламызды қанға бөктірсе, қазір қорықшылар күн-түн қатып, мұз жастанып, аптап ыстықта дала кезіп сол киіктерді қорғауда. Алынған шаралар нәтижесіз емес. Резерват ашылғаннан бергі 6 жыл ішінде Бетпақдала таралымындағы киіктер саны 7 есе өсіп, 2007 жылғы 22,8 мың бас­тан 2013 жылы 155,2 мың басқа жетті. Әлем бойынша киіктердің 5 таралымы болса, Қазақстандағы ақбөкендердің 83 пайызы, дүниежүзіндегі ақбөкендердің төрттен үші осы Бетпақдала таралымының еншісінде. Ең бас­тысы, ел аумағынан сыртқа шықпайтындықтан осы киіктер нағыз қазақстандық түр болып саналады және басқалардан дене бітімінің ірілігімен ерекшеленеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, соңғы 6 жылда Үстірт, Орал таралымындағы киіктер саны түрлі себептермен бір басқа да өскен жоқ. Өткен ғасырдың басында бұл аң биологиялық түр ретінде жойылып кету қаупінде болған. Сол кездері де мүйізі дәрілік шикізат есебінде шетелдерге жоғары бағамен сатылыпты. Бір жұп мүйіз бір аттың құнына тең болған деген деректер де бар. Өкінішке қарай, арада бір ғасыр өтсе де киіктің өзіне сор болып жабысқан мүйізінің 1 килосы қазір Қытайдың қара базарында 3,5-5 мың АҚШ долларына сатылатын көрінеді. Ақшаға құныққан, мұздай қаруланған, астарына желдей жүйрік, жол таңдамайтын машина мінген қаскөй браконьерлер киіктің киесіне ұшырап, сирек те болса құрықталып жатса да ешнәрседен тайынатын емес. Мүйіз киіктің текелерінде ғана болғандықтан олардың ешкілерге қарағандағы үлес салмағы жыл сайын күрт азаюда. Мониторингтік зерттеу­лер жазғы жайлауға көршілес Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына, Қостанай облысына кеткен киіктердің текелері күзде, қыста Қызылорда облысына кеткен киік текелері көктемде 2 есе азайып келетіндігін, күйек алдында ешкілерге қарағандағы үлес салмағы 4-5 пайызды ғана құрайтындығын, тиісінше ешкілері негізінен егіз туатынына қарамастан, әрбір 100 аналыққа 75 құралай ғана еретіндігін көрсетті. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватына қарасты ерекше қорғалатын табиғи аумақта бір мезгілде 45-60 мыңғаСайгак-2 дейін киіктер жиналады. Олар үнемі қозғалыста болып, күзде солтүстік-шығыстан келіп, оңтүстік-батысқа қарай, көктемде кері қарай қоныс аударып жатады. 2013 жылы киіктерге қатысты браконьерліктің үш оқиғасы резерватта, оған шекаралас аумақта орын алды. 98 бас киік атылып, табиғи ортаға 32 456 250 теңге шығын келді. Өткен жылдың қарашасында Ырғыз-Торғай мем­лекеттік таби­ғи резерваты қызмет­керлері Атан­басы учаскесіне шекаралас аумақта заңсыз сегіз киік атып алған Қызылорда облысының тұрғындарын ұстады. Сыртқы периметрі туралай есептегенде 600 шақырымдай болатын ерекше қорғалатын елсіз, жолсыз табиғи аумақты, одан тыс жерлерді қысы-жазы қорғау-күзету, оған қоса қаскөйлерді құрықтау үшін барлық аумақты қоршай бір-бірімен радиобайланыста болатындай 30-40 шақырым қашықтықта тұрақты күзет топтарын орналастырғанның өзінде кемі 15-20 топ және оларды 10 күн сайын алмастыратын 15-20, барлығы 30-40 топ қажет болады екен. Қазір резерват бар мүмкіншілігін сарыққанда 7 тұрақты топ сыртқы шекараларға, 1 жедел топ ішкі бағытқа, барлығы 8 топ қана шығара алып отыр. Күзет-қорғау жұмыстарына басқа да табиғат, құқық қорғау мекемелерін тарту ісі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің араласуымен оң нәтижесін бере бастады. «Охот­зоопром» ӨБ РМҚК меке­месінің 1 тікұшағы қысқа мерзімге болса да жұмыс істеп, қаскөйлерді (браконьер) құрықтауға жәр­демдесті. Көршілес Қостанай облысындағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватынан да автокөліктерімен 2 - 3 топ келіп, күзгі-қысқы мезгілде тұрақты жәрдем көрсетті. Ырғыз-Торғай резерватының автокөлік паркін жаңартуға көлемді қар­жы қаралуда. Қолға алынып жат­қан шара­лар киіктерді қорғау жұ­мыс­тарының тиімділігін арттыруы тиіс. Кешегі кеңес заманында киік­терді аулауға үзілді-кесілді тыйым салынды дедік. Киік басын 50 жылдары 900 мыңға, 70 жылдары 1,1-1,2 млн.-ға дейін арттырып, өндірістік деңгейде аулайтын дәрежеге жеткізген сол тәжірибені қазір де қолдануға болады. 1955-1981 жылдар аралығында тек біздің республикамызда 4 млн. 137 мыңнан астам ақбөкен ауланыпты. Нәтижесінде 71 мың 112 тоннадай ет, 3 млн. 614 мың тері өндірілген. Франция, Италия және осы секілді бірқатар шетелдер емдік қасиеті бар жеңсік тамақ ретінде 3 мың 500 тоннадай ақбөкен етін сатып алған. 300 тоннадай бөкен мүйізі дәрілік шикізат есебінде шетелдерге шығарылған екен. Қазірде де өндіріс ошақтарының, әсіресе мұнай-газ саласында көп­теп ашылуымен, автокөлік, темір­жол дәліздерінің салынуымен киік­тердің таралу ареалының қыс­қарғанына қарамастан Қазақ­стандағы ақбөкендер санын 500 мыңға жеткізуге әбден болады дейді зерттеушілер. Қазақтың даласында нағыз брендке лайық ақбөкендер жосып жүрсе еліміздің мәртебесі, халқымыздың мақтанышы емес пе? Қарапайым халық ақбөкеннің қадір-қасиетін жанашырлықпен түсінеді. Олардың алғысын арқалағаннан артық баға болмас, сірә. Дегенмен, оны пайда көзі деп ойлайтындар азаймай отыр. Халықаралық табиғат қорғау ұйымдары киіктің жоғалып кету қаупі жөнінде бірінші болып дабыл қаға бастады. Сирек жануарлардың сатылуын реттейтін халықаралық келісім-шартқа (СИТЕС) қатысушы елдер (Қазақстан 2000 жылдан бас­тап мүше) 1995 жылы киікті де қосымшаға енгізді, 2001 жылы Ресей мен Қазақстан киіктердің мүйізін импорттауға тыйым салуды ұсынды. Халықаралық табиғат қорғау одағы 1996 жылы бұл түрді «сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер тізіміне» енгізсе, 2004 жылы жердегі биологиялық саналуандықты сақтап қалудың мәселесі ішіндегілердің ең маңыздысы осы «киік мәселесі» деп жариялады. Шындығында экожүйедегі өзара күрделі байланысқан тіршілік иелерінің бірі жойыла бастаса, басқаларына елеулі әсер етеді. Соның ішінде далалық экожүйе өте нәзік, ал киіктер оның ең маңызды тетігі тәріздес, оның өлексесінің өзі сол экожүйеде тіршілік ете­тін жыртқыш аң-құстардың, жәндіктердің қорегі. Халықаралық ұйымдар мәсе­лені көтеріп қана қоймай, нақты шараларды қолға алуда. 2009-2013 жылдары жұмыс жасаған Ғаламдық экологиялық қор, БҰҰ Даму бағдарламасы, ел Үкім­еті қолдауымен құрылған «Дала­лық экожүйелерді сақтау және орнықты басқару» жобасы және Қазақстанның биологиялық саналуандылықты сақтау ассоциациясы табиғи резерватты басқару жоспарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, резерват аумағын ұлғайтудың ғылыми-жаратылыс және техникалық-эко­номикалық негіздемелерін, жерге орналастыру жобаларын жасақтау, материалдық-техникалық, ғылыми-әдістемелік көмектер көрсету, заманауи қондырғылармен жабдықтау, халықаралық сарапшылар мен отандық ғалымдардың жәрдемін ұйымдастыру сияқты бірнеше жобаларды жүзеге асырды, асыра да бермек. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты – Ақтөбе облы­сындағы республикалық дәрежедегі халықаралық маңызға ие бірден-бір ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Ол Бетпақдала таралымындағы киіктермен қатар, дүниежүзілік Рамсар Конвенциясы тізіміне енген батпақты сулы өлкені, ондағы Қызыл кітапқа енген құстарды да қорғайды. Олай болса табиғи резерватқа барлық деңгейде қолдау көрсетіп, табиғи байлығымызды халық болып жұмыла қорғайық және молайтайық дегім келеді. Мереке ЖҰБАНИЯЗ, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи  резерваты директорының орынбасары. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы.