Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Алайда биыл өнім мол болғанымен, бидайдың бағасы шаруаның ойлағанындай болмады. Баға дұрыс болмай, береке болмайды. Бағаның жайын білмек мақсатта үш шаруа қожалығының басшысымен әңгімелесіп көрдік. Үшеудің бірі – шағын шаруа, екіншісі – орта, үшіншісі – озық технологияға қол жеткізген ірі шаруашылықтың басшысы. Өкінішке қарай, үшеуінің де бидайдың бүгінгі бағасына көңілі толмайды. Шаруалардың айтуынша, көктемгі егін науқаны қарсаңында тоннасы 170-180 мың теңгеге дейін шарықтап барған бидайдың бағасы бүгінде 105-110 мың теңгеге дейін құлдырап кеткен. Есесіне, ұн қымбат. Диірмендер ақ ұнның килосын 220 теңгеден сатып жатыр. Ал «Азық-түлік корпорациясы» бидайдың бір килосына 112 теңге ұсынып отыр.
– Биыл бидай құны құлдырап кетті. Баға 35 пайызға дейін түсті. Ала жаздайғы маңдай тер, адал еңбегіміз бен қыруар шығынымызды қоса есептесек, біздің табатын тұрақты табысымыздың мөлшері 15-20 пайыз ғана болады. Яғни шартты түрде 10 млн теңге шығын шығарсақ, соның үстінен әрі кетсе 1,5-2 млн теңге табыс табамыз. Биыл баға құлдырап кеткендіктен, табысымыз азайды. Мұның сыртында, жер өңдеуге қажет ауылшаруашылық құрылғылары мен техникалары, қосалқы бөлшек сияқты тікелей шығындардың бағасы шарықтап кетті. Былтырдан бері 200-250 пайызға дейін қымбаттады, – дейді орта шаруа.
Мысалы, былтыр 50-52 млн теңге тұратын жаңа «Вектор 410» комбайнының құны биыл 100-102 млн теңгеге жеткен. Қосалқы бөлшектер 2-2,5, тіпті 3 есеге дейін қымбаттады. Мамандардың пікірінше, бидайдың арзандап, керісінше, темір-терсектің бірнеше есе қымбаттап кетуінің салдарынан гектарына 7-8 центнерден өнім алатын көптеген шаруашылық автоматты түрде табысы жоқ шаруашылықтарға айналады.
– Биыл бидай түсімі мол болғандықтан, шаруалар бағаның құлдырауын соншалықты қатты сезіне қойған жоқ. Егер астық түсімі орта немесе ортадан төмен болғанда, шағын шаруа қожалықтарының жағдайы тығырыққа тірелетін еді. Нәтижесінде, табыссыз қалған шаруашылықтар қаржы үнемдеуге көшіп, жұмыс орындарын қысқартады. Онсыз да қазір шаруа қожалықтарының дені техника паркін жаңарту, жаңа технологияға көшу, ауылшаруашылық құрылғыларын сатып алу бағытындағы даму жоспарларын тежеп қойды. Өйткені тұрақты дамуға бидай бағасының құлдырауы мүмкіндік бермей отыр, – дейді тәжірибелі диқан Бауыржан Барсақбаев.
Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың сөзіне қарағанда, бидай – өзіндік құны өте жоғары тауар. Бүгінде жер игеріп, бидай өндіруге қажет жанармай, техника, қосалқы бөлшек, химиялық дәрі қымбат, сол есептен бидай да қымбат болуы керек. Қазіргі нарықта бидайдың бағасы ең кемі 140-150 мың теңге болғанда ғана егін шаруашылығы дамып, ілгерілемек.
Бидай бағасының төмендегені, әсіресе облыстың оңтүстік аудандарындағы шағын шаруашылықтар үшін қиын болып тұр. Аймақтағы астық алқаптарының 50 пайызына жуығы осы оңтүстік өңірлерде жатыр. Мәселен, Науырзым ауданындағы шағын шаруа қожалығы 2019 жылғы қуаңшылықта өнім алмақ тұрмақ, алқапқа сепкен дәнін де қайтара алмады. 2020 жылы астық жақсы түсім бергенімен, былтыр тағы құрғақшылық қысып, 1 гектар жерден 2 центнерден өнім алды.
– Ал биыл гектарына 10 центнерден бидай алдық. Бірақ бағасы арзандап кеткендіктен, алған өнімнің бәрі былтырғы қарызымды жабуға ғана жетті. Былтыр бидай бағасы 140 теңге болған. Көктемге қарай 186-ға көтерілді. Тұқымды 160 теңгеден сатып алдық. Яғни қымбат тұқым сеуіп, арзан өнім сатып отырмыз. Оның үстіне, қосалқы бөлшек те қымбаттап кетті. Былтыр 1 мойынтіректі 7 мыңнан алып едік, биыл науқан кезінде 45 мыңнан сатып алдық. Белдікті 15-20 мың теңгеден алсақ, қазір ол 110-120 мың теңге тұрады. Жаңа техниканың бәрі екі есе қымбаттады. Табысымыз кеміп, темір-терсектің бағасы аспандап барады. Қосалқы бөлшек, дизельді отын да қымбаттап кетті. Логистикаға келсек, бидай тасумен айналысатын жекеменшік «КамАЗ» көліктерінің қызметі екі есе қымбаттады. Мұның сыртында, биыл жұмысшылардың айлығын көтеруге тура келді. Олардың да асырап отырған бала-шағасы бар. Дұрыс айлық бермесең, келесі жылы жұмысшы табу қиын болады. Біз сияқты шағын шаруашылықтар бидайдың бағасы 160 теңгеге көтерілген жағдайда ғана табысқа шығып, дами алады. Өкінішке қарай, бүгінде бидайдан басқаның бәрі қымбаттап жатыр, – деді «Богдан» шаруа қожалығының басшысы Дмитрий Исаев.
Шаруалардың пікірі «бұған дер кезінде назар аударылмаса, алдағы уақытта оңтүстік өңірлердегі егіс алқаптарының көлемі қысқаруы мүмкін. Бұл ауыл тұрғындарының қалаға көшуін үдетеді. Одан кейін ауыл халқын кейін қайтарып алу өте қиын болады. Адамдарды өздері тұрған мекенге қайта қайтарудан гөрі, сол жердегі елді ұстап қалу қашан да жеңіл әрі арзанға түседі. Бұл бидайдың, малдың бағасымен тікелей байланысты» дегенге саяды. Әрине, қазіргі нарықта мемлекет бидай бағасына тікелей ықпал ете алмас. Диірмендер арзан бидай сатып алуға тырысады, бұл – нарықтың заңы.
Диқандардың айтуынша, бүгінде диірмендер түрлі заңды-заңсыз жолдармен Ресейдің арзан әрі сапасыз бидайын сатып алып жатыр. Қазір диірмендердің көңілі сол жақта. Әрине, одан түскен пайда өзіміздің диірмендерде қалады. Бірақ олар ауыл шаруашылығын, облыстың оңтүстік өңірлерін дамытуға бір тиын пайда келтірмейді. Олар табыстарын өз пайдасына, диірмен кешенін дамытуға жұмсайды. Бұл жерде ұтылатын – мемлекет. Өйткені астық алқаптары кемиді, сәйкесінше, ауыл тұрғындары азаяды. Мұны қазірден реттемесек, кейін кеш болуы мүмкін. Онсыз да соңғы отыз жылдың ішінде ауыл тұрғындары азайды. Егер ауылда адам болмаса, ауыл шаруашылығын ешқандай бағдарлама дамыта алмайды. Егін шаруашылығын дамыту үшін де, мал шаруашылығын дамыту үшін де ең алдымен адамдар керек.
Жер жағдайы мен ел жағдайын жетік білетін кәнігі диқан Бауыржан Барсақбаев оңтүстік аудандарды дамыту үшін мемлекет тарапынан облыстың ауыл шаруашылығына көрсетіліп жатқан жеңілдіктер мен қолдаулар негізінен оңтүстікте жатқан Науырзым, Торғай, Жітіқара, Қамысты өңірлеріне бағытталуы керек деген ой айтады.
– Солтүстік аудандардағы астық түсімі, қанша дегенмен, тұрақты және олар жыл сайын, оңтүстік өңірлермен салыстырғанда, 2-3 есе жоғары өнім алады. Бүгінде «оңтүстік аудандар аз өнім алғанымен, бұл өңірдегі бидай сапасы жоғары, сондықтан табысы түптеп келгенде солтүстік аудандарға теңесіп қалады» деушілер көп. Бұл жалған түсінік. Өйткені солтүстік аудандар мен оңтүстік аудандардағы бидай сапасының айырмашылығы 5-ақ пайыз. Ал астық шығымындағы айырмашылық – 200-300 пайызға дейін барады. Сондықтан, субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау тетіктерінің денін оңтүстік аудандарды дамытуға бағыттау керек. Артылғанын солтүстік өңірлерге тең бөлу керек. Мұның реті келмейтін болса, онда «Азық-түлік корпорациясы» оңтүстік аудандардың сапалы астығын қымбат бағамен сатып алуы керек. Ең бастысы, бізге стратегиялық тұрғыдан ойлай білу маңызды. Оңтүстік өңірлерді сақтап қалуға, дамытуға қазірден бастап мақсатты қаржы бөліп, күш жұмсасақ кейбір тұстарда ұтылуымыз әбден мүмкін, бірақ оның қайыры алдағы уақытта мол болады, болашақта ұтатын боламыз, – дейді диқан.
Биыл тек бидай ғана емес, майлы дақылдар да арзандаған. Мәселен, зығырдың бір тоннасы жылда 200 мың теңгеден асып, 300 мыңға дейін баратын. Биыл 200-ден төмен түсіп кеткен. Күнбағыс та арзан.
– Жалпы, майлы дақылдардың бағасы төмендеді. Бірақ дүкенде күнбағыс, зығыр майының бағасы өте қымбат. Делдалдар мен өңдеуші кәсіпорындар қымбаттатып отыр. Күнбағыстың арзандап кету себебі былтыр экспортты шектеп тастадық. Экспортты шектеуге болмайды. Өйткені ол нарық қой. Біздің елге 7 млн тонна бидай жетеді. Қалғанын сыртқа сату керек. Қазақстан 7 млн тонна бидайды кез келген жылы ала алады. Оған тұқым да, нан да кіреді. Сондықтан экспортты бір ашып, бір жауып нарықты құбылтудың керегі жоқ. Қазір шекара ашық, бірақ кеш, жазда ашу керек еді. Майлы дақылды экспорттауға да тыйым салды, одан майлы дақыл арзандағанмен, май арзандаған жоқ, керісінше қымбаттап кетті. Бидайдың бағасы құлады, ұнның бағасы неге құлаған жоқ. Әңгіме шаруаның өнімін сатып алатын делдалдар мен өңдеушілерде, – дейді С.Бұқанов.
Соңғы 3-4 жыл көлемінде қуаңшылық қайталанып, бидай түсімі азайып кеткен соң, оңтүстік аудандардағы шаруашылықтар құрғақшылыққа төзімді дақыл майсары егуге көшкен. Бірақ биыл одан да қайыр болмады.
– Майсарыны былтыр 200 теңгеден өткізіп едік, биыл 85 теңгеге түсті. Жолды есептегенде 75 теңге болады. Мен тұқымды 270-тен сатып алдым. 450-ден сатып алғандар бар. Биыл 500 гектар егіп едім, көбін киік таптап кетті. Одан 100 гектарын қайта ектім. Күзде қалған 400 гектар алқаптың 200-ін ғана жинап алдым, – дейді шаруа Д.Исаев.
Биыл майсары еккеннің бәрі шығынға ұшыраған.
Қостанай облысы