Бұл конференцияның ерекшелігі, оның теріскейдегі шекара түбіндегі аядай ғана ауылда және көбіне өзге ұлт өкілдерінің белсенді қатысуымен өткендігінде. Оларға Ахмет Байтұрсынұлының рухани мол мұрасы, білім саласында жасап кеткен реформалары кеңінен насихатталды.
Конференцияға аудандағы ондаған мектептен ұстаздар мен оқушылар жиналды. Захаров негізгі мектебінің директоры Талғат Кәрібаев айтып өткендей, бұл танымдық іс-шараға дайындық жаңа оқу жылының басынан қолға алыныпты. Пән мұғалімдері мен шәкірттер алдын ала іріктеліп, ұсынылатын жұмыстары сұрыпталған.
«Захаров негізгі мектебі Железиндегі байырғы білім ұяларының бірі, іргетасы сонау 1974 жылы қаланған екен. Қазіргі күні мұнда небәрі 33 бала білім алады. Оның ішінде 10 оқушы қазақ сыныптарына барады. Жыл сайын ауылда адам саны азайып, оқушылардың қатары кеми түсуде. Бұл жағдай бізді айрықша алаңдатады. Мамандарымыздың үшеуі – жас кадр. Біз шекараның түбінде, орманды орыс еліне жақын орналассақ та, тіліміз бен ділімізді, ұлттық дәстүрлерімізді барынша сақтап отырмыз. Өзге ұлт өкілдеріне қазақтың ұлы тұлғалары жайында танымдық іс-шаралар ұйымдастырып, халқымыздың маңдайына біткен марғасқаларымызды танып-білуін тұрақты түрде назарда ұстаймыз. Осы жұмысымыздың үлкен бір көрінісі – Ахмет Байтұрсынұлына арналған ғылыми-практикалық конференция. Ауқымы аудан көлемінде ғана болғанымен, бұл жиынның теріскейдегі қазақ педагогтері үшін маңызы аса зор. Біз рухани дүниелерімізді сақтап, халықтың игілігіне қызмет еткен Алаш қайраткерлерін әлемге паш етуіміз керек. Ал оның бастауы – көпшілік орыстанып кеткен деп санайтын Железин секілді өңірлерде қадам тартып жатса, құба-құп», дейді Талғат Ермекұлы.
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асыл Әбішев бекем бірлік пен жақсы тірліктің нышаны байқалатын ауданда рухани дүниеге ұмтылып, онысын өршіл ісімен байқатып жүрген азаматтардың көп екенін атап өтті.
«Көзі тірісінде алты Алаштың рухани көсемі атанған Ақаңның телегей теңіз бай мұрасын бүгінгі іс-шарада жас ұрпақ тағы бір сараптап, дәлелдеп берді. Ұлт маңдайына біткен тұлғаның мол мұрасы мәңгілікке халықпен жасай береді. Конференцияның мұғалімдер қатысқан секциясында Ахмет Байтұрсынұлының тілтаным, тілді насихаттау, оқытып, үйрету бағыттары кеңінен қамтылып, ұлт ұстазының ғылыми тұжырымдары мен негіздері бүгінгі заманғы оқыту әдістемелерімен сабақтастырылды», деді ол.
Бұл күні ұстаздар мен оқушылар өзара секцияларға бөлініп, зерттеу жұмыстарымен бөлісті. Үздік деп танылғандардың есімдері құрметпен аталып, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. №2 Железин орта мектебінің мұғалімі Жансая Ілиясованың, оқушылар Төлеген Асхатұлы, Ахмет Бектұрғанов, Ұлар Шады және Аурика Мотынганың ізденістері ерекше көзге түсті.
* * *
Шарадан бөлек, ауылға барғанымызда көзге оттай басылып, көңілге кірбің түсірген жайттармен де бөліспесе болмас. Шамамен 80-дей түтіні бар Захаровканың жұрты бүгінде таза су іше алмай отыр. Көп отбасы ауызсуды 20 шақырым жердегі аудан орталығынан таситын көрінеді. Тағы бір мәселе, мұнда оңтүстіктен мемлекеттік бағдарлама бойынша көшіп келетін шаңырақтар тұрақтап қалмайды. Себебі ауылда дені дұрыс жұмыс жоқ, баспаналар да ескі. Түркістан облысының Сайрам ауданынан былтыр отбасымен көшіп келген Ділназ Далабаева жолдасы екеуі «Дипломмен –ауылға!» бағдарламасына іліккендерін айтады. «Әрине, мұнда жалақысы жақсы жұмыс таптық, балаларымыз балабақша мен мектепке барып жүр. Алайда әлі күнге баспанамыз жоқ, жалдап тұруға мәжбүрміз. Былтыр оңтүстік өңірдегі таныстарымызды шақырған едік, келіп көрді де, қалмайтындарын айтып кетіп қалды. Ауылда ұялы байланыс деген атымен жоқ. Ішіп отырған суымыз ащы. Осындай жайттар Захаровканың тынысын тарылтып отыр», деп мұңын шақты қазіргі күні негізгі мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жас маман.
Білгеніміздей, ауылдағы білім беру мекемесінің ғимараты да өте ескі, салынғалы бері күрделі жөндеу көрмепті. Арасы ырсиған ағаш еден, сылағы салбыраған төбе жабындысы көңілдің құтын қашырады. Аудан орталығының іргесінде тұрып, жайлы жағдай жасалмаған, заманға сай игіліктер бұйырмаған захаровкалықтар бүйте берсе, енді бір он жылда ауылда адам қалмай қала ма деп алаңдап отыр.
Павлодар облысы,
Железин ауданы,
Захаровка ауылы