Ақпараттық доктринаның қабылдануы – маңызды мәселе. Қазіргі таңда көптеген БАҚ мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландырылады. Негізінен алғанда мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік саясатпен тығыз үйлесуі шарт. Мемлекеттік саясат өзегінде мемлекет мүддесі жатыр. Дәстүрлі БАҚ осы мақсатқа қызмет етеді.
Қазіргі жағдай қандай? Республикамыздағы аудандық, қалалық, облыстық басылымдардың жағдайы мәз емес. Бірқатар өңірде аудандық газеттер жекешелендірілді. Аудан әкімдіктері мен мәслихаттары арқылы қаржыландырып отырғандары да бар. Қалалық және облыстық газеттердің ғана емес, республикалық газет-журналдардың тиражы жыл өткен сайын төмендеп барады. Тираж бен газетті тарату мәселесі талай редакцияның бас ауруына айналған. Жалпы, дәстүрлі БАҚ-тың жағдайы қыл үстінде тұр. Балаларға арналған газет-журналдар шығуын тоқтататын халге жетті. Сондай-ақ салалық басылымдар тағдыры не болады?
Мемлекеттік тапсырыс не үшін беріледі? Ақпараттық доктринада көрсетілгендей: отандық ақпараттық саланы дамыту, қоғамның мүдделеріне жауап беретін және мемлекеттің одан әрі дамуына ықпал ететін идеялық құндылықтарды бекітеді. «Бүгінде азаматтардың 9%-дан астамы үшін басылымдар әлі де негізгі ақпарат көзі болып отыр. Қызығушылық деңгейі оқырман жасына тікелей тәуелді, яғни оқырман неғұрлым ересек болса, басылымдарды соғұрлым жиі оқиды. Газет-журналдар аудиториясының көп бөлігін ауылды жерлерде тұратын 50-55 жастан асқан адамдар құрайды. Алайда жалпы аудиторияның баламалы коммуникация арналарына көшуі басылымдарға деген қызығушылықтың төмендегендігін көрсетеді. Бұдан басқа, газет-журналдардың оқырман қолына кешігіп жетуі салдарынан ақпараттың өзектілігі де ескіріп қалады. Сонымен қатар баспахана қызметтерінің және газет қағазының қымбаттауы да газет-журналдарға айтарлықтай салмақ салып отыр. Сондықтан алдағы уақытта баспа нарығының жұмыс істеу форматын өзгертіп, тілшілердің сараптамалық-талдау ақпаратына ойысуы, көрнекі, дизайнерлік жаңалықтарды енгізуі керек. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау тетіктерін де қарау қажет», – делінген жобада.
50-55 жастан асқан оқырмандар уақыт межесіне қарай ауысатын кез келеді. Сонда қалай болады? Жас ұрпақ мүлдем газет-журнал оқымайтын бола ма? Қазақта оқу мәдениеті қалыптасқан. Оны Алаш арыстарынан бастап кешегі Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Нұрмахан Оразбек ағаларымыз бен қазір жасы елуден асқан тұтас бір буын қалыптастырғаны белгілі. Оқу мәдениеті жоғалған ұлттың бәсекеге қабілеттілігі қалай болады? Сыртқы және ішкі ақпараттық тасқындар мен шабуылдарға қалай қарсы тұра алады? Сондықтан мемлекеттік тапсырыс әрбір мақсатты аудиторияға бағытталуы керек. Ақпараттық саясатты жүргізуге қаржы бөліп, ақпарат тұтынатын аудиторияны жылы жауып қоя салуға болмайды. Осы ретте тираж қалыптастырудың мемлекеттік тетігін қарастырған абзал.
Доктринада технологиялық үдеріс кезеңінде конвергенттік фактор алға шыққаны айтылады. Мессенджерлердің дамуына, блогерлік феноменнің пайда болуына орай дәстүрлі журналистиканың классикалық ұғымы мен аудиторияға ақпарат беру әдістері өзгеріске ұшырағаны рас. Ақпарат тұтынудағы құбылыс журналистерден жедел әрі объективті ақпарат беруді және өз аудиториясын ұстап тұру үшін басқа да жаңа дағдыларды үйренуді талап етеді.
Жаңа жағдайда редакция шығынын азайту өте маңызды. Біз әдетте редакция дегенде пәлен шаршы метр ғимараты бар мекемені көз алдымызға елестетеміз. Ғимаратты ұстау немесе жалға алу шығындары жылдан жылға қымбаттап барады. Осындай жағдайда мобильді редакция ұйымдастыру, редакцияның секретариатын ғана офисте ұстап, қашықтан жұмыс істеу тәжірибесін пайдалану қажет.
«Сенімді ақпаратты тарату, жалған және манипуляциялық ақпаратқа қарсы тұру, сондай-ақ қоғамның бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімін арттыру мәселелері өзекті болып отыр», делінген. Дұрыс сөз. Сенімді ақпарат көзі – дәстүрлі БАҚ. Бұл басы ашық нәрсе. Тасқа басылған сөзді талай ғасыр өтсе де тауып алуға болады. Ал қаптаған сайттардағы жарияланымдарды іздеп табудың өзі үлкен мәселе. Ал оның сақталуына ешкім кепілдік бере алмайды. Бір вирус кірсе болды, пәлен жылғы еңбек еш болуы мүмкін...
Бір сөзбен айтқанда, ақпараттық доктрина жобасының әзірленуі Қазақстан ақпараттық кеңістігіндегі түйткілді проблемалардың басын ашып анықтауға, тығырықтан шығу жолдарын іздеуге, ең бастысы мемлекеттік мүддені ескеруге жол ашады деген үміттеміз.
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты