Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2022

Бір қызық қыран баптап, аң аулаған...

405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көкше аспанында қыран құстар қалықтап, ерлік пен өнерге ынтызар елдің рухы асқақтаған күн болды бұл. «Қансонар» халықаралық турниріне Моңғолия, Қырғызстан, Түркия және еліміздің барлық өңірінің айтулы құсбегілері қатысып, бақ сынасты.

Бір қызық қыран баптап, аң аулаған...

Бұқпа тауының етегінде өткен дү­бірлі дода ел тәуелсіздігіне және жерлес бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналды. Сөз арасында бай­рақты бәсекенің 2017 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болғандығын сыналап айта кетелік. Асылында мұн­дай ел назарын өзі­не ауда­ра­тын айтулы жарысты ұйым­дастыру көне дүние­нің көмбесін ашып, уақыт тозаңы тұмшалаған Алаш­тың ғажайып салт-дәстүрін қай­та тіріл­туге, бүгінгі ұр­пақ кәдесіне жара­туға, жас толқынның кө­кірегіне ежел­гі сал-серілер дәуірінің салтанат сезімін себезгілеуге ықпал етпек. Әрі ел арасындағы ынтымақтың ал­тын арқауын бекіте түсуге де септігі бар.

– Қазақ халқының тарихы өте бай. Кейінгі ұрпақ оны ұмытуға болмайды, – дейді Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Букубаев, – ұлы даланың ұла­ғаты мен рухани байлығы шымырлап қайнап, кейінгі жастың сүйегіне сіңуі керек.

Байрақты бәсеке ұлағаты мол ұлт­тық дәстүрді насихаттауға кең жол ашқан­дығын айта кетуге тиістіміз. Зәу биік­те еркін самғаған қыран құс­тар көңі­ліңді желді күнгі теңіздей тол­қытады екен.

Жарыс үш кезеңмен өткізілді. Әуелі бүркіт пен сұңқарлардың сырт­қы пішіні, тұғырға қонысы, бүгінгі аңшының кілең теріден тігілген, был­ғарымен қапталған жеңіл, ықшам, жылы спорттық киімдері сарапқа салынды. Құстардың көк аспанда самғап ұшуы, құсбегінің шақыруына орай қайтадан оралуы екшелді. Шырға тартылды. Ең бір қызықты тұс осы болды. Ақ қардың үстінде сай-сайды жа­ғалап, жан сауғалар бұта іздеп жосыла шап­қан қызыл түлкі иен далада бір уыс от зымырап бара жатқандай көрінеді екен. Қос қанатын қомдап, оқтай атыл­ған, бабы келіскен қыран атқан оқтай заулап келіп, өткір тұяғымен ілгендегі көрініс қайталанбайтын бір қызық.

Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша Алматы облысынан келген құсбегі Сейітжан Аян үздік деп танылды, Алматы қаласының өкілі Есентай Сұлтансері екінші орынды иелен­се, Қарағанды облысының тұр­ғыны Берді­бек Съез үшінші орынға орнықты. «Сұңқармен аң аулау» аталымы бойынша алматылықтар Баянтай Ермұхан мен Сейітжан Алмаз жеңіске жетсе, астаналық құсбегі Ерасыл Серік­­бекұлының мерейі үс­тем болды. Қа­рағандылық Таңат Оспан­құлов, ақмо­лалық Уәлихан Шың­ғыс, Кеңес Дар­хандардың да өнерін атай кеткен орынды болмақ.

Түркияның Қазақстан Респуб­лика­сындағы елшісінің бірінші кеңесшісі Турхан Дильмач екі ел арасындағы тарихи және рухани байланыстың өзек­тес екендігін тілге тиек етті. Сөз со­ңында заманында құс тілін біліп, өнерін өрістеткен Мәсіп Батырханұлы туралы бір ауыз сөз айта кетелік. 1930 жылдары қыран құсының арқасында тұтас ауылды аштықтан аман алып қалған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бағалы аң терісін сату­дан түскен қаражатты май­данға көмек ретінде берген. Аты аңызға айналған тұлғаны еске алу үшін осындай байқаулар жиі өт­кізіледі.

 

Ақмола облысы