23 жастағы спортшы биыл Қазақстан теннисі тарихында алғаш рет жекелей сында «Уимблдон» додасында жеңіске жетіп, екі мәрте WTA турнирінде топ жарды. 2000 жылдан бері ұйымдастырылатын «Еуразия жыл адамы» байқауында Еленадан бөлек қазақстандық спортшылардан әр жылдары Ольга Шишигина, Илья Ильин, Александр Винокуров, Елена Хрусталева, Геннадий Головкин, Дмитрий Баландин, Фируза Шәріпова, Қазбек Валиев, Зүлфия Ғабидуллина, тағы басқа да спортшылар лауреат атанған.
Сондай-ақ Дубайдағы (БАӘ) World Tennis League командалық турниріне қатысып жатқан Елена Рыбакина жарысты сәтті бастады. Ол топтық кезеңнің алғашқы айналымында әлемнің 5-ракеткасы Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесіп, қарсыласын тізе бүктірді. «Қаршығалар» тобында өнер көрсетіп жатқан Елена «Сұңқарлар» сапында кортқа шыққан А.Соболенкодан үш сетте – 0:6, 6:1, 10:6 есебімен басым түсті.
Енді Е.Рыбакина бүгін германиялық Александр Зверевпен бірге жұп құрап, аралас сында канадалықтар – Феликс Оже-Альяссим мен Эжени Бушармен шеберлік байқасады.