07 Маусым, 2014

Ірі қара жайлы ірі байлам

386 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсірудің маңыздылығын атай келіп, «Қазақстан  ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс» деген талап қойды. Бұл астаналық Ақмола облысының да абыройлы міндетіне айналып, назар саларлық нақты істер бой көрсетуде. Біз осы орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Рашит ӘКІМОВТІ әңгімеге тартып, мал шаруашылығын дамытудағы бағдарламалық жобалардың жай-күйімен кеңірек таныстыруды өтінген едік. DSC_0233– Рашит Қайыржанұлы, қазір ата кәсібіміздің дәстүрлі си­паты уақыт ағымындағы талап­тармен ауқымдала түсуде. Ендеше, облыс мал шаруа­шы­лы­ғын дамытуда негізінен қан­дай міндеттерге басымдық береді? – Барлық жұмыстар мем­ле­кеттік және өңірлік арнайы бағ­дар­ламалар шеңберінде жүр­гізілуде. Мұнда жалпы селек­циялық-асылдандыру, табындағы асыл тұқымды ірі қараның үлесін 15,5 пайыздан 25 пайызға өсіру, еттік бағыттағы малдың тектік түр­ленуін жақсарту және өнімділік сапасын арттыру, жем-шөп, жайылымдық базаны кеңейтіп, өңдеу кәсіпорындарының ин­фра­құрылымын дамытуға айрықша назар аударылады. Күнделікті ба­қылаудағы аталған шаралар бүгінгі күні тиісті қайтарымын беріп отыр. – Еттік бағыттағы мал ша­руа­шылығын дамытуда шетел­дік селекцияның тиімді жақ­тары өңір тәжірибесінде айқын байқалуда. Мұны Елбасының алдағы жақын уақытта, респуб­ликамыз бойынша ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу туралы тапсырмасына серпін беретін қадам деп санаймыз. Солай емес пе? – Иә. Облыста биылғы 1 ма­мыр­ға дейінгі жедел ақпарат бойынша 420,9 мың бас ірі қара есепке алынған. Ол былтырғы осы мер­зіммен салыстырғанда өсім 25,2 мың басқа жетті. «Сан барда, сапа да болады» деген нақылға сүйенсек, өз табындарымызға шетелдік асыл тұқымды малды тарту табыс көзін ашқандай. Мемлекеттің қолдауымен бұл жұмыс белсенді түрде жүргізілуде дей аламын. Цифрларға жүгінсек, шетелдерден 2010 жылы 1991 бас, 2011 жылы 6502 мал, 2012 жылы 3155 бас ірі қара жеткізілді. Ал биылғы жылы табындарымызды 890 ірі қара толықтырады деп күтілуде. Мұның барлығы «Ангус», «Герефорд», «Обрак», «Симментал» тұқымды өсімтал түліктер. Жалпы, ұтымды жоба жүзеге аса бастағалы қара мал етін экспорттауға бағытталған 19 шаруашылық 12241 бас асыл тұқымды мал сатып алды. Бұл республикамызға алып келінген түліктің үштен бір бөлігін құрайды. Осының нәтижесінде еттік бағыттағы асыл тұқымды ірі қараның саны, жергілікті селекцияны қосып есептегенде 43 мыңнан асып отыр. Аталған бағытта Астрахан, Ақкөл, Жақсы, Це­линоград, Еңбекшілдер, Зе­рен­ді, Атбасар аудандары белсенділік танытқанына назар аударғым келеді. Шетелдік сұрыптағы мал жергілікті климаттық-табиғи жағ­дайларға тез жерсініп, шаруа­шы­лықтардың төл төгіні де артып келеді. Еңбекшілдер ауданындағы «КазБиф ЛТД» ЖШС-да респуб­ликамызда алғаш рет асыл тұ­қымды бұзауларды сату аукционы өткізілді. Аукционға қойылған 50 бұқаның бесеуі 1 миллион тең­геден сатылса, «Ангус» тұқым­ды бұқа рекордты – 1 миллион 300 мың теңгеге бағаланды. – Әңгіме еттік бағыттағы мал шаруашылығы жайында болғандықтан, ірі қараны үс­те­мелеп қоректендіру, яғни, бор­дақылау алаңдарын жаб­дық­­тау алға тартылады. Осы рет­­­тегі қам-қарекеттеріңіз жайында айта отырсаңыз. – Бізде уақыттан озушылық байқалады. Бұл асырып айтқандық емес. Еттік мал шаруашылығын дамыту жөніндегі бағдарлама аясында облысқа 12500 бас малға арналған алаңдар жабдықтау міндеті қойылған болатын. Қазіргі уақытта қолайлы инфра­құ­рылымдағы, 13500 басқа лайық­талған 5 заманалық ірі кешен пайдалануға берілді. Атал­ған нысандар «КазБиф ЛТД», «АгроЭкпорт ЛТД», «Ново­киенка», «Колутон-04», «Бас­тау» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестіктерінде топтас­ты­рыл­ған. Бұған қосымша 24 орта және шағын бордақылау алаң­дары жұмыс істейді. Түйін­деп айтсақ, бүгінгі күні облыс аумағында бір мезеттік сыйым­дылық қуаты 27,5 мың бас малды қамтитын 29  алаң бар. Бұл құрылымдарда заманалық технология талабындағы ет өнімдерін тұрақты түрде қамтамасыз ететін кешенді цикл тұйықталады. – Сіз айтқан «кешенді цикл» ауыл шаруашылығындағы кластерлік жүйені қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндей. Осы­нау экономикалық ірі тұт­қа жайында біле отырсақ. – «Ірі қара етін экспорттау ба­ғытындағы 2011-2015 жылдарға арналған бағдарлама шеңберінде облысымызда ет кластері құ­ры­лып, бұл жүйе Қазақстан Рес­­пуб­ликасында ет экспортын дамыту консорциумының құрамында қызмет жасауда. Қазіргі күні өңі­ріміздегі ет өндіру мен оны өң­деумен айналысатын 20 кәсіп­орын еніп отырған консорциум ха­лықаралық рынокқа, әсіресе, Ке­ден одағы мемлекеттеріне жол ашып отырғанын айту керек. Мәселен, Қорғалжын ауда­нын­дағы «Бакара» ет комбинаты «Агроөнеркәсіп кешенін және ауылшаруашылық өнімдерін өң­деу саласында вакуумды орамада тұтас, бұқтырылған және кесілген ет өндіру кешені» жобасын сәтті аяқтады. Кәсіпорын 2013 жылдың қорытындысы бойынша 1755 тонна ет өнімдерін өндірді. Оның ішінде 1197 тонна халал ет, 359 тонна шұжық, 203 тонна жартылай фабрикаттар дайындалды. Комбинат былтыр республикамызда бірінші болып Мәскеу қаласына 16 тонна өнім жөнелтті. Заманалық қайта өңдеу зауыты соңғы екі жылда еңбек өнімділігін он есе ұлғайтып, ай сайын 150 тонна сапалы өнім дайындауда. Мұнда 2500 бас ірі қара бордақылануда. «ISO 9001:2000» сертификатымен жұмыс істейтін «бакаралықтар» Ресейдің өнеркәсіпті ірі үш қаласымен әріптестік байланыс орнатқан. Ал, облыс бойынша айтсақ, 2014 жылы «КазБиф ЛТД», «АгроЭкпорт ЛТД», «Бурабай», «Щучье сүт зауыты» және «Ақ қайың» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамымен 1200 тонна ірі қара етін жеткізу жө­нінде келісімшарт жасасты. Мұ­ның 300 тоннасы экспортқа бағыт­талған. Бұған қосымша Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ақмола облысы арасында экс­портқа 1600 тонна қара мал етін шығару жөнінде меморандум түзілген. – Ортақ істен фермерлік шаруа қожалықтары да шет қал­майтындықтан, оларды қолдау шаралары назарда ұсталатын шығар? Облыста еттік мал шаруа­шылығын дамыту бағдарламасын іске асыруда «Сыбаға» бағ­дар­ламасы айрықша орын алады. Фермерлік шаруа қожалықтарын дамытуды діттейтін аталған бағ­дарлама біздің өңірде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылады. Бұл жобаға 230 шаруа қожалығы тартылады деп жоспарланса, 2014 жылдың 1 мамырындағы деректер бойынша бұлардың саны 252-ге жетіп отыр. Осының нәтижесінде фермерлер 15662 сиыр мен 559 бұқа сатып алды. Жыл соңына дейін шаруалар табыны өсе түседі деп күтілуде. Осы орайда, шаруа және фермерлік шаруашылықтардың 93 пайызы асыл тұқымды бұ­қа­лармен қамтамасыз етілгеніне назар аударғым келеді. Ал, 7 ау­данда бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды. Мұның үстіне, 2012 жылы жеке меншіктегі 146 табын, былтыр 86 табын асылдандыру ісіне тартылса, биыл оның саны 126-ның маңайында болмақ. Ендеше, сапаны көтеру арқылы өнімділік те артпақ. – Атқарып жатқан жұ­мыс­тарыңызға қарап, ірі қара жайлы ірі байлам жасауға болатын сияқты. Мұны мемлекеттік қол­дау­мен байланыстырасыздар ғой. Әрине. Мемлекет ауыл­ша­руа­шылық тауар өндірушілерін қолдау үшін жыл сайын қомақ­ты қаржы бөліп келеді. Нақ­тырақ айтсақ, өткен жылы біз­дің облысымызға 3,3 миллиард теңгедей қаржы бөлінсе, биыл оның көлемі 3,4 миллиард теңге болып отыр. Мұның ішін­де, 1,3 миллиард теңге асыл тұ­қымды мал шаруашылығын қолдауға, 2,1 миллиард теңге мал өнімділігін арттыру мен сапалық көрсеткіштерді жоғарылатуға бағытталмақ. Қаржының игерілуі 99,7-99,8 пайыз деңгейінде. Еліміз күні кеше Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Осынау көп­тен бері күткен жаңа құрылым тәуел­сіз еліміздің жедел дамуына, әлем­нің озық отыз мемлекетінің қатарына тезірек қосылуына зор мүмкіндіктер туғызатынына сенімдімін. Астаналық облыс, бұл орайда, өзіндік үлесін көрсете білетіні анық. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.