Жиын барысында ұйымның Президенттің сайлауалды бағдарламасын қолдау жөніндегі Үндеуі жарияланды. Үндеуде әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгерісі кезінде еліміздегі халық қалаулыларының да жұмыс тәсілін өзгерту қажеттігі айтылған. «Біз бәріміз жақсы өмір сүргіміз келеді. Бұл мақсатқа барлық қазақстандықтың біріге отырып қана қол жеткізетіні сөзсіз. Тиісінше депутаттар ортасы да бұрынғы олқылықтардан сабақ алып, бағыт-бағдарын жаңаша түзіп, оңды іс-қимылдың жаңа сапалық деңгейін бағындыруға кірісті. Әрбір депутат мәслихат төрағасынан бастап үздіксіз өзін-өзі жетілдіру мен оқыту жүйесіне ауысуы, тәлімгерлік, үнемі жаңа шешімдер іздестіру, өзіндік сыни және стратегиялық ойлауын, дүниетанымын, санасын және басқарушылық құзыреттілігін қалыптастыруға тиістілігін ұғынып отыр. Жаңа Қазақстан құру міндеті тұрған тарихи, жауапты кезеңде, ортақ мүдде мен мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет ету өте маңызды», деп көрсетілген Үндеуде.
Кездесуде Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Амангелді Нұғманов қыркүйек айынан бастап «Қазақстан мәслихаттары депутаттары қоғамдық бірлестігі» өңірлік филиалы жұмысын бастағанын, осы бірлестік құрамына қазіргі депутаттармен қатар бұрынғы депутаттар да кіріп, олар ынтымақтаса жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді. Депутаттар экономиканы монополиясыздандыруға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға және азаматтардың еңбек кірістерін арттыруға, білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін жаңғырту бойынша белсенділік танытып келеді. Оның айтуынша, жақын күндері Мәжіліс депутаттарының талқылауына ұсынылатын «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» және «Қазақстан Республикасындағы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тетіктерін іске қосады. Бұл өз кезегінде халықтың өзекті мәселелерін шешуде мәслихат депутаттарының халық пен атқарушы билік құрылымдарының арасындағы байланыстырушы рөлін күшейтпек.
Ақтөбе облысында өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынып, он екі ауданның 24 ауылдық округінде 2700-ден астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ауыл халқына арзандатылған несие ұсынылып, көкөніс өсіруге, құс, балық шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетілмек.
«Облыстық мәслихаттың соңғы сессиясында алдағы үш жылдың бюджеті бекітіліп, мұнда қарастырылған 64,3 процент жергілікті бюджет қаражаты өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Бүгінде өңірде 536 шақырым жол жөнделіп, осы жылдың қорытындысы бойынша жарамды жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдың үлесі 72%-ға жетті. Елді мекендерде төрт дәрігерлік амбулатория, бір медициналық пункт пайдалануға берілді. Келесі жылы Хромтау, Мұғалжар, Шалқар аудандарында ірі аурухана құрылысы басталады. Өңірде 14 мектеп құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өңірде 20 мектеп құрылысы басталмақшы. Соның нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толық шешілмек. Келесі жылы Ақтөбе-Ұлғайсын тас жолы төрт жолақты болып кеңейтілсе, жұртшылықтың көптен күткен Қандыағаш-Шалқар тас жолына күрделі жөндеу жұмыстары басталады», деді өңір басшысы Ералы Тоғжанов.
Кездесу соңында облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлеріне «Ақтөбе облысының құрметті азаматы», «Жыл адамы» атақтары беріліп, әр салада белсенділігімен көзге түсіп жүргендерге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі тапсырылды. Олардың қатарында белсенді депутаттар да бар.
Ақтөбе облысы