Аймақтар • 27 Желтоқсан, 2022

Бурабайдағы қыстың кереметі

502 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Былтыр Бурабайға 300 мың қонақ сапар шексе, биыл шамамен 550 мың турист келген. Қуантарлығы, жаздыгүні демалуға таптырмайтын «Бурабай» демалыс орны қонақтарға қысқы маусымда да сапалы қызмет көрсетуге дайын.

Бурабайдағы қыстың кереметі

 

Қысқы туризмнің сәтті қадамы

Демалушылар ең алдымен қыз­мет көрсету сапасына назар аударады. Осы орайда Президенттің Іс басқармасы, «Бурабай даму» серік­тестігі, «Kazakh tourism» ҰК және «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірлесіп ауқымды жобаны қолға алды. Жуырда Бурабайға қаты­найтын Астана – Көкшетау электр пойызына тіркелген екі мерекелік вагон жолға шықты. Жаңа жыл қарсаңында Бурабайға шыққан пойыз вагондарын қол­өнершілер ұлттық нақышта бе­зендірген. Енді қысқы демалыс­та Бурабайға саяхаттауды ойлас­тырған қонақтардың таңғы сағат 06:03-те «Нұрлы жол» вокзалынан шығып, 09:57-де Бурабай курортының стансасына жетуге мүмкіндігі бар. Туристерге ар­налған пойыз сол күні 19:15-те кері қайтып, Астана-1 стансасына сағат 22:18-де, «Нұрлы жол» вокзалына 23:00-де келеді. Яғни Президент Іс басқармасының «Бурабай даму» ведомстволық кәсіпорны басшылығы елорда және Ақмола облысының туристік операторларымен бірлесіп қонақтарға тиімді сапар ұйымдастырды. Бұл бастама табысты іске асса, келешекте туристік пойыз бағыты кеңейіп, тұрғындардың демалысқа таптырмайтын елді мекендерге баруына жол ашуы мүмкін. Әзірге Бура­байдағы Аяз ата ауылына барып, Жаңа жыл қарсаңындағы қызықтарды тамашалай аласыз. Алты вагоны бар пойыз қауіпсіз әрі билет құны да жеңіл көліктен екі есе арзан. Оған Президент Іс басқармасының баспасөз қызметі бір топ журналиске Бурабайдың қысқы табиғатымен, соның ішінде балаларға арналған жаңа жылдық бағдарламамен таныстырғанда көз жеткіздік.

л 

Марал шаруашылығының әлеуеті

Сапар барысында алдымен аудан орталығынан шамамен 10 шақырым қашық жатқан Прези­дент Іс басқармасы «Бурабай» ұлттық паркінің марал өсіретін шаруашылығына аялдадық. Мұн­дағы шағын, әсіресе киіз үй пішіндес қонақүйлер көзге оттай басылды. Отбасымен келген қонақтар осында қонып, аумақ­тың табиғатпен үндескен тіршілігін сезініп, шаңғы тебуіне болады. Әсіресе мүйізі мен сүті мың да бір сырқатқа ем марал шаруашылығының тыныс-тір­шілігі көпті қызықтыра түседі.

Шаруашылықтағы мамандар­дың айтуынша, осы маңды мекен­дейтін маралдың тарғыл бұғы тұқымдасы Қызыл кітапқа енген. Маралдың бұл түрі баяу кө­­бейетіндіктен ерекше күтім керек. Жылына орта есеппен 30 бас қозықа туады. Орманшылар жү­рісі қиындап, қалжыраған марал­ды топтан бөліп, жағдайын бақы­лай­ды. Сөйтіп қыстан шығып, жаз­ға жеткенде маралдың мүйізін кеседі.

– 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданы­­нан Бурабайға 150 бас марал жет­­кізілді. Қазір оның саны 200-ге жетті. Маралдың жылдам кө­бей­меуіне бірнеше себеп бар. Орта есеппен 100 аналық маралдың 50-і буаз болса, оның ішінде өзінің денсаулығын ойлап, қо­зықасын тастайтындары бар. Сонымен қатар жасы жетпегендері бар. Жыл сайын шамамен 30-35 бас маралдың аяққа тұратыны содан. Марал – дала жануары. Бір­ақ кейінгі жылдары жойылып бара жатқан аңдардың қатарында болған соң оны қорғауға басымдық берілді. Сондықтан маралдарға шөп салатын астаудан бөлек, қыстағы бораннан бой тасалайтын бастырма орнаттық. Олар Бурабайдың дәрумені мол сан алуан шүйгін шөбімен қоректенеді. Шаруашылықта аумағы 600 гек­тарлық бес парк бар. Маралдың мүйізін санитарлық кесумен қатар жыл сайын 200 миллиграмм қан алудың да пайдасы бар. Осы шаруаның барлығын 10 адам атқарады, – дейді шаруашылықтың ветеринар-дәрігері Михаил Ионов.

Марал шаруашылығының маңында бұғы мүйізінен дайындалатын пантымен емдеу орталығы бар. Орталық мамандары емге қажет өнімді өздері өндіреді. Осылайша, марал мүйізінен жа­салған өнім адам ағзасына пайдасы көл-көсір дәрілік препаратқа айналады. Мұны пантымен емдеуде 10 жылдық тәжірибесі бар оңалтушы дәрігер Ерлан Жетімкәрімов айтып отыр.

– Марал шаруашылығы Ал­тай тауларының аумағында да­мығаны белгілі. Бурабайда да осы шаруашылық жылдан-жылға дамып келеді. Ем-шараға әдетте маралдың жас мүйізі пай­даланылады. Емдеу-сауық­тыру орталығы тірек-қимыл ап­параты зақымданған науқас­тарға, буын, омыртқа ауруына шал­дыққандарға барынша көмек көрсетеді. Онкологиялық ауру­ларға, жүкті әйелдерге ем-шара­ның бұл әдісіне жүгінуге болмайды. Дәстүрлі ем науқастың имму­нитетін күшейтіп, қан айналымын жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар денедегі суықты шығаруға пайдасы зор, – деді ол.

Маралдың киесі туралы аңыз әңгімелер ел арасында бүгінге дейін айтылады. Табиғаттың көз тартатын сұлулығымен үндескен маралды тамашалауға балалар да көп келеді екен. Оларға мамандар балауыздан майшам жасауды, экологиялық таза матадан сөмке тігу сынды шеберлік сабақтарын өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, бала­лардың демалысы күн тәртібіне сай ұйымдастырылады.

 

Қасқыр көбейсе қайтеді?

«Бурабай» мемлекеттік ұлт­тық паркіне қарасты 10 орман шаруашылығы бар. Соның ішін­де «Мирный» орман шаруа­шылығының тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті. Сол маңнан бұғы, елік сынды аңдарға азық дайындап жүрген орманшылармен жолықтық. Расымен де орман шаруашылығында қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған аң-құсты қорғау оңай шаруа емес. Өйткені қасқыр секілді жыртқыш аңдар көбейсе, өзге жануарлардың санын азайтуы мүмкін.

– Бұғы мен еліктің қысқы азы­ғына жазда 70 тонна шөп қамдадық. Шаруашылықта шөп жи­найтын техникалармен қоса оны сақтайтын бастырма да бар. Қар түскеннен кейін аумақтағы 16 астауға күнара шөп жеткіземіз. Дәл осы орман шаруашылығында 750 бұғы, 273 елік, 260 қабан бар. Біздегі 18 394 гектар алқапты инс­пекторлар ұдайы бақылап отырады. Мемлекеттің қорғауындағы аймақ болған соң, биыл заңсыз аң аулауға бекінгендерді кезік­тірмедік. Иә, қасқырлар шамадан тыс көбейсе, азайтуға кірісеміз. Онда да кәрі, әлжуаз жыртқышты аулаймыз. Оқыстан жарақат алған аңдарды емдейміз, – деді орманшы Бауыржан Мұқанов.

Орманда қабан, қоян, қасқыр, сілеусін де бар екен. Сондай-ақ өсімдіктің 300-ден астам түрі болса, оның ішінде қызыл кітапқа енгені де кездеседі. Балық шаруашылығы да қарқынды дамыған. 250 мың гектар аумақ ерекше қорғалған. Яғни осы аумақтағы аңды атуға, ағашты заңсыз кесуге, от жағуға, қоқыс тастауға, емдік шөптер мен жидектерді жинауға тыйым салынады. Заңды белден басып, ереже бұзғандар сол әрекеті үшін жауап береді. Ұлттық парктегі 10 шаруашылықта 300 орманшы жұмыс істейді. «Бурабай даму» серіктестігінің қызметшісі Дима Афанасьев та кейінгі екі жылда қысқы туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты.

– Бурабайға жазғы маусымда келетін туристер жылдан-жылға артуда. Мысалы өзім БАӘ, Қытай, Үндістаннан келетін қонақтарды көп кезіктіремін. Мұнда қызыл кітапқа енген жануарлардың шама­мен 120 түрі бар. Бұғылардың жалпы саны 1 400-ге жетеғабыл. Сілеусіндердің де саны артып келеді. Фототұзаққа түсіп жатқан сілеусіндер көп. Сол фототұзақ арқылы браконьерлерді анықтау да біршама жеңілдеді. Орман шаруа­шылығының аумағын ұлғайту бағытындағы шаруалар үй­лесім тапқан. Аумақтың тазалығы бақылауда. Қазір орманның шамамен 70 пайызында қарағай болса, 30 пайызы – қайың, – дейді маман.

Бурабайдың орман шаруа­шылығымен танысқан соң, жаңа жыл мерекесіне орай ұйымдас­тырылған туристік бағдарламада қамтылған «BurabayLand» ойын-сауық саябағындағы Аяз ата­ның резиденциясына бағыт бұр­дық. Мұнда бұғы және «хаски» тұқымдас ит жеккен шанамен сырғанап, атпен серуендеуге болады. Сноуборд, шаңғы тебуді құп көретіндерге де жағдай жа­сал­ған. Сонымен қатар мұз қала­шығы мен «бақсы ауылы» да балалардың қызығушылығын тудырады. Мұнда балдырғандарға ғажайып көңіл-күй сыйлайтын «BurabayLand» отбасылық пар­кінің әлеуеті жоғары. Ұйымдас­тырушылар кешенде балаларға бірнеше елдің мәдениеті мен тари­хынан хабар беретін бірнеше бөлме жасақтаған. Осылайша, балалардың танымын кеңейтетін саяхаттың соңы балалардың Аяз атаға хат табыстап, сыйлық алумен түйінделеді.

д

Жаңа жыл қарсаңында елорда­дан Бурабайға қатынайтын ме­рекелік электр пойызының екі вагоны турмен келген қонақтарға қаңтар айының соңына дейін сапалы қызмет көрсетеді. Ұйымдас­тырушылар осы пойыздың екі вагонын наурыз айында ұлттық нақышта безендіріп, қонақтарға қызмет көрсетуді мейлінше үз­беуге бекініп отыр.