Кездесу осы мектепте Ш.Айпанов атындағы информатика кабинетінің ашылу рәсімімен басталды. Космос зымырандарын жерден басқарудың математикалық аспектілерімен айналысқан ғалым 1951 жылдың 7 қазанында Мұғалжар ауданы Ембі қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Әбіл Айпанов Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедегі, анасы Дәмелі майдан жылдары теміржол бойында қара жұмыс істеген. Ембі қаласындағы №7 мектепте 8-сыныпқа дейін оқыған Шәмші әрі қарай білімін Ресейдің Новосібір қаласында жалғастырған.
Ауыл мектебінде оқып жүрген баланың кеңес одағындағы ең таңдаулы Новосібір физика-математика арнаулы мектебіне қабылдану тарихы да өзгеше. Сол жылдары одақтық республикалардағы мерзімді басылымдар бетіне математика пәні бойынша олимпиадалық есептер жарияланып, соны үздік шешкендерге шақырту келетін. 1965 жылы Ембі мектебінің 7 сыныбында оқып жүрген Шәмші «Лениншіл жас» газетіне жарияланған есептерді шығарып, көрсетілген мекенжайға жібереді. Көп кешікпей ол Новосібір университетінде ұйымдастырылған жазғы математикалық мектепке шақырту алып, 7 мың талапкердің арасынан тағы да үздік шығып, Новосібір университеті жанындағы физика-математика мектебінің 8-сыныбына қабылданады. 1968 жылы мектепті үздік бітірген Шәмші осы университеттің қолданбалы математика мамандығы бойынша оқуға түседі. Диплом алған соң бірден елге оралып Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертация қорғады. Ұшақтар мен космос зымырандарының ұшу траекториясын белгілеуді және оны қашықтан басқаруды қамтамасыз ететін математикалық бағдарлама жасаумен айналысты. Осы қара шаңырақта қырық жыл ұстаздық еткен жылдары Шәмші Әбілұлының жетекшілігімен 6 аспирант кандидаттық диссертациясын қорғады. Ұзақ жыл бойы университеттің ғылыми кадрлар даярлау бөлімінің меңгерушісі, одан соң Алматы технологиялық университетінде, Ұлттық ғылым академиясының Информациялық технологиялар институтында жұмыс істеді. Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін Шәмші Әбілұлы Германия мен Үндістан университеттерінде, Бельгиядағы НАТО зертханасына ғылыми зерттеулер жүргізуге шақырту алды. Ұшақтар мен космос зымырандарын қашықтан (жерден) басқаруға арналған ғылыми мақалалары халықаралық SCOPUS және Web of Science базасына кіретін журналдарда жарық көрді. Шәмші Әбілұлы жастарды ғылымға тартуға, оқушыларды математикалық олимпиадаға дайындауға көп еңбек сіңірді.
Ембідегі кездесуде жолдастары Шәмілдің жас кезінде еңбекқорлығымен көзге түсіп, айналасына қамқор, отбасында үлгілі әке, сүйікті жар болғанын айтып өтті. Жары Гүлжаухар Кәкенқызының да ғылыммен айналысуына жағдай жасап, екі ұлының жақсы азамат болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген. Ғалымның ұшу траекториясына байланысты зерттеулері ғылымда кең қолданысқа енді.
Ақтөбе облысы
Мұғалжар ауданы