Руханият • 27 Желтоқсан, 2022

Тынық мұхитындағы домбыра-көпір

1387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ қайда жүрсе де – қазақ. Ол болмысымен, мінезімен, тіпті іс-әрекетімен елден ерекше. Қазіргідей озық заманда өзге жұртпен терезесі тең тұрарлық деңгейдегі жетістіктерге жеткен қазақ баласын естісек, алыста болсақ та, тақым қысып, алақайлайтын болдық. Бұл сезім – бауырмалдықтың, тұтастықтың бір парасы.

Тынық мұхитындағы домбыра-көпір

Алып жердің маңызды бір бөлшегі саналатын Тынық мұхитында домбыра бейнесінде үлкен көпір салынғанын осы жұрттың бірі білсе, бірі білмес. Оның құрылысын жобалаған – Өрлеухан Қисаұлы есімді шетелдегі қандасымыз. Оның табанды ізденісі ақыры үл­кен жетістікке жол ашты. Тынық мұхи­тының кіреберісіне орналасқан Гон­конг, Макао, Джухай сияқты үш ірі қала­ны бір-біріне тұтастырып тұрған дом­быра пішінді көпір бұл күндері әлем жұртшылығының таңдайын қақ­тырады.

Аталған көпір жобасы 2009 жылдың аяғында басталған. Алып көпірді аяқтауға тоғыз жыл уақыт кетіпті. Құ­ры­лыс жол, туннель және жасанды арал сияқты үш үлкен бөліктен тұрады. Ал жол алты бөлік­тен құралған. Жал­пы ұзындығы 55 ша­қырым, оның 38 шақырымы көпір болып табылады. Ұлтымыздың ұлы аспабы бей­неленген көпірдің 7 шақырымы мұ­хит астынан өтетін туннелдерден тұрады.

Қазақ сәулетшісінің қолынан шық­қан алып нысан пайдалануға берілген соң, Гонконг пен Джухай қалалары ара­сындағы үш сағаттық жол уақыты небәрі жарты сағатқа қысқарған. Бір ға­жабы, құрылыстың маңызды бөлігі саналатын туннелдер су астында 48 метр тереңдікте орналасқан. Аталған жобаға әлемдегі таңдаулы құрылыстарды сал­ған Лондон қаласында орналасқан «Arup Group» компаниясы.

Архитектор Өрлеухан Қисаұлы Қы­тайға қарасты Алтай аймағында дү­ниеге келген. Италия техникалық универ­ситетінің магистрі. Жапония­дағы Шығыс университетінде архитектор мамандығы бойынша док­торлық диссертация қорғаған. Өзі жобалаған домбыра бейнелі көпір пайдалануға берілген сәтте ол: «Бұл домбыра көпірдің ғұмыры 120 жыл деп есептедік, техникалық бақылау жұмыс­тарын арттыру арқылы оның шыдам­дылығын 150 жылға дейін ұзартуға болады» деген ойын жеткізген.

Иә, әлемнің әр шетінде өз саласында табыс жаратып, үлкен жетістіктерге жеткен қазақ қанды ағайын баршылық. Үлкен жобаны бастарда ата-бабасының сан ғасырлық сыры мен мұңы, бүкіл өмірі жа­зылған қасиетті домбыраның бейнесін ұлы мұхитты кесіп өтіп, үлкен шаһарларды бір-біріне жалғаған алып көпірге айналдыру Өрлеухандай азаматтың алдағы асулары бұдан да биік екенін көрсетсе керек.