Парламент • 27 Желтоқсан, 2022

Сенатта экологияны қорғау туралы бірқатар заң жобалары қаралды

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Депутаттар сенатор Әли Бектаевтың төрағалық етуімен өткен Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында бірқатар заң жобасын қарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенатта экологияны қорғау туралы бірқатар заң жобалары қаралды

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі мақсаты – құқық бұзушыларды әкімшілік және қылмыстық қудалауды күшейте отырып, Қазақстанның табиғи байлығын қорғауды көздейтін құқықтық шараларды әзірлеу жөніндегі Президенттің Жарлығымен бекітілген жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру. Заң жобасында Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлықтарын экологиялық залалдан, соның ішінде: жердің бүлінуінен, ағаштардың заңсыз кесілуінен, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану тәртібінің бұзылуынан, жер қойнауын өз бетінше пайдаланудан және қоршаған ортаға қоғамдық қауіп төндіретін басқа да іс-әрекеттерден қорғайтын құқықтық нормаларды белгілеу көзделіп отыр.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында орман, су, жер заңнамасының, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің талаптарын бұзғаны үшін лауазымды, жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ осы саладағы құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны үшін жаңа әкімшілік айыппұлдар енгізу мәселесі қарастырылған.  

Парламент депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында тазы және төбет қазақ иттерінің тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы жұмысты жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін белгілеу міндеті қойылған.

Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.