Руханият • 28 Желтоқсан, 2022

Қаламгер мұрасы сахна тілінде

475 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде биыл туғанына 75 жыл толып отырған көрнекті жазушы, марқұм Несіпбек Дәутайұлының «Айғыркісі» әңгімесінің желісімен дайындалған сахналық қойылым көрермен назарына ұсынылды. Небәрі 40 минуттық мистикалық-вербатим суреткердің қаламына арқау болған өмір шындығын, ақ пен қараның қайшылығын көрсетіп, кісіліктен ажырап бара жатқан жұмыр басты пенделерді ар-иманмен беттестіріп, сана сезімін сілкіп алуымен құнды.

Қаламгер мұрасы сахна тілінде

 

Жаңа бағытта қойылған шағын дүниені әдеби қауым жылы қабыл­дады. Тараздық жастардың тың тал­пынысын көрермен залынан тамаша­лағандар оқырман жүрегіне жол тап­қан «Айғыркісі» әңгімесін үтір-нүктесіне дейін сезінетін көзі қарақты көрермен ретінде, өздеріне етене таныс кейіпкерлердің сахнадағы әр қи­мылын қалт жібер­мей қадағалады.

Есқұл, Бұлди, Жалғас есімді негізгі үш кейіпкердің образы арқылы өрбі­ген қойылым жазушы қаламындағы түпнұсқадан желісін үзбеген. «Дүние­нің түбіне жетем деп жүріп, балаңның түбіне жеттің бе?» немесе «Арманның иесі мен киесін сақтай алмаған жұрт­тың көретіні ақырзаман» деген диалогтер алдамшы дүниеге арбалып, кие мен құндылыққа бей-жай қарауға бейілденген бейнеңді орман ойға шомдырып, тірі кейіпкерлердің аузынан шыққанда құйқаң шымыр етеді.

Жазушының шәкірті Ардақ Сүйі­нова­ның идеясы­нан туындаған ұжымдық еңбекте, жас режиссер Дарын Даумов пен Есқұлдың рөлін сомдаған актер Ерасыл Битанов көрермен ықы­ласына бөленді. Қойылымдағы хореографиялық, мистикалық элементтер оқиғаның динамикасын арттыра түскен. Қосалқы рөлдерге Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің, сондай-ақ «Парасат» білім ордасының студенттері тартылған.

– Бір киноны бір ғана сәт үшін аяғына дейін көруге болады.  Сол секілді тұтас бір қойылымның өзегін бір ғана деталь ұстап тұруы мүмкін. Мейлі жарты-ақ сағаттық қойылым болса да, жақсы дүниені көру үшін, өнерді бағалайтын адам алыстан болса да келеді. Несағаңның қаламын қастерлейтін ізбасарлары бәріміздің жанымызға жақын, әдеби қауым әлдеқашан мойындаған сүйекті дүниені сахнаға алып шыққан екен. Шағын спектакль төрт аяғы тең түспесе де, жазушының негізгі идея­сын жеткізе білген. Сондықтан алдағы уақытта мұндай тың дүниелердің көрермені арта түседі деген се­німдемін. Несағаң дүниеге таза қал­пында келіп, тазалығымен кеткен сәби көңіл адам. Осы бір таза әлемді ардай  көңілмен сахна тілінде сөйлеткен жастарға алғыс айтамыз, – дейді өз әсерімен бөліскен жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.

Автордың ішкі ойын зерделеген шығарма сәйгүліктің сезімі арқылы кісілікке, адами қадір-қасиетке шақырады. Жеке актерлік құрамнан тұратын шығармашылық топ аталған қойылымды кең ауқымда көрсетуге ниетті екендерін жеткізді. Қаламгер мұрасын жаңа форматта түрлендіріп, сахна тілінде сөйлеткен жастарға бұл бағытта қолдау көрсетілсе құба-құп.

Несіпбек Дәутайұлының шы­ғармашылығы, адами таза болмысы арқау болған кеште Жұмабай Шаш­тайұлы, Дәурен Қуат, Ырысбек Дәбей, Бейбіт Сарыбай, Мақсат Мәлік қатарлы қалам ұстаған қауым, сертіне адал болған жазушының ел жүрегіндегі екінші өмірі енді басталғанын, оның талай шығармасы сахналық қойылымға сұранып тұрғанын айтып тарқасты.

 

АЛМАТЫ