Қоғам • 28 Желтоқсан, 2022

Атаулы көмектің алтын арқауы

247 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасы мақұлданды. Маңызды құжаттағы негізгі бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында қамтылған. Көпшілік асыға күткен Кодекстің кейбір жаңашылдықтары келесі жылдан бастап күшіне енеді. Атаулы көмектің алтын арқауына айналатын құжаттағы бастамалар елдегі әр отбасының әл-ауқатын аттыруға бағытталған.

Атаулы көмектің алтын арқауы

Президент жариялаған ауқымды өзгерістердің маңызды бір бөлігі жаңа әлеуметтік саясатқа байланысты екені белгілі. Ондағы мақсат – әрбір отбасының тұрмыс сапасын жақсартуға берік негізін қалыптастыру. Ол үшін маңызды үш таған – мемлекет, бизнес және ел тұрғындары арасындағы әлеуметтік байланысты нығайту қажет. Бұл өзгерістердің негізі Әлеуметтік кодекс жобасында көрініс тапқан. Оны әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, Еуроодақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынған және еліміздің ерек­шеліктері жан-жақты ескерілген. Кодекс 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267-баптан тұрады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тама­ра Дүйсенованың айтуынша, ко­декс негіз­гі 5 жаңалықтан тұрады. Бірін­ші жаңалығы – Отба­сының цифр­­лық картасы немесе елі­міздегі отба­сылардың дербес де­рекқоры. Дерек­қор мем­ле­кет­тік ор­гандардың қазіргі ақпа­рат­тық жүйелері негізінде қалып­тасты­рылып жатыр. Оны енгі­зудегі негізгі мақсат – қазақстан­дық­тар­дың мемлекет­тік қолдау жүйе­сіне теңдей қолжетім­ділігін қамтамасыз ету. Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленді.

Яғни мемлекет кімге, қа­шан, қандай көмек қажеттігін анық­тап қана қоймай, әлеуметтік тәуе­келдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Карта отбасылар немесе отбасы мүше­лерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады. Мұндай ақпарат әрбір отбасына орталық мемлекеттік орган тарапынан SМS хабарлама ретінде жіберілмек.

– Кодекстің екінші жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Оған сәйкес мемлекеттік қолдау алдымен әлеуметтік тәуе­келдердің алдын алатын атаулы іс-шара, одан кейін ғана атау­лы әлеуметтік көмек ретінде қарас­тырылатын болады. Цифрлық картадан көпбалалы отбасылардың түрлі әлеуметтік сын-қатерге тап болу ықтималдығы жоғары екені анықталды. Сондықтан балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтай отырып, балаларды қорғаудың қосымша атаулы шаралары қарастырылып жатыр. Осы бағыттағы тағы бір маңызды өзгеріс – атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады. 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек медиандық немесе жалпыхалықтық орташа табыс­тан төмен табысы бар азаматтарға беріледі, – деді Т.Дүйсенова.

1

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Кодекстің үшінші жаңалығы әлеу­меттік қызмет көрсету жүйесін транс­фомациялауға қатысты. Мұндағы негізгі мақсат – мүгедектігі бар азамат­тардың көрсетілетін арнаулы әлеу­меттік қызметтерге деген қолжетім­ділігін, әсіресе ауылдық округтердегі қолжетімділігін арттыру. Бұл ретте бірқатар өзгеріс қарастырылып отыр. Мәселен, жан басына шаққандағы нормативті енгізу қарастырылған. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер, бір жағынан, кейбір қызмет немесе тауар түрлерін алдағы уақытта монетизациялауға алып келеді. Екінші жағынан, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфрақұрылымын ауылдық жерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Тағы бір өзгеріс – мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін барынша тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Оған еңбекақы төленеді және әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады, – деп нақтылады ол.

Кодекстің төртінші жаңалығы әлеу­меттік сақтандыру және зейнет­ақы жүйелеріне қатысты. Қазіргі сақ­тандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің 5 түрінен сақтандырады. Бұл – халық­аралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай ке­летін жүйе. Сондықтан оның негізі сақ­талады. Дегенмен мақсаты өзгереді. Жүйе әлеуметтік төлем төлеу­ге ғана бағытталмай, ең алдымен, азамат­тарды формальді түрде жұмыс істеуге ынталандыруды көздейді. Бұл мақ­сатты орындау үшін шағын бизнес­тегі жалдамалы жұмыскерлер мен плат­форманың көмегімен еңбек етіп жүрген азаматтарға қатысты са­лықтық жүктемелерді төмендету қарас­тырылды. Сондай-ақ әлеуметтік жар­наларын уақтылы аударып отырған жұмыскерлерге сақтандыру қор­ларынан әлеуметтік төлемдер мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Келесі жылдан бастап жұмыссыз қал­ған аза­маттарға жарна төлеген уақы­тына сәй­кес 6 айға дейін бұрынғы табы­сының 45%-ын төлеу қарастырылып отыр.

Т.Дүйсенова зейнетақы жүйесіне қатысты өзгеріске де тоқталды. Қазіргі жүйе зейнеткерлердің 3 буынын қамтиды. Қарастырылған өзгерістерде 1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейін зейнетке шыққан азаматтар зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен, ал болашақ зейнеткерлер жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алады. Осы орайда бүгінгі зейнеткерлер үшін базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгереді. Бұл өзгеріс зейнетақының мөлшерін көбейту мақсатында қарастырылып отыр. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұдан бөлек, енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік ше­гі­нен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Сондай-ақ са­лымшыларға зейнетақы жинақтары­ның 50%-дан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі.

Кодекстің бесінші жаңалығы – халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері. Бұл тәсілдер 3 бағытты көздейді. Соның бірі – еңбек нарығын либерализациялау. Бұл икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрін, соның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді. Аталған өзгерістер негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру, ал тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қолдауды қарастырады. Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деп атау, олардың жария шарттарын жұмыс шарты ретінде тану, платформа операторларын салық агенті ретінде белгілеу сияқты жаңа тәсілдер енгізу көзделген.

Мәселені қорытындылаған Пре­мьер-министр Әли­хан Смайылов Әлеуметтік кодекс аза­маттардың өмірін­дегі, яғни адамның туғаннан бастап қартайғанға дейінгі базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейтін аса маңызды құжаттардың бірі екенін атап өтті. Кодекс қабыл­данған соң жаңа әлеуметтік саясат өтініш беру формасынан проактивті форматқа көшуі керек. Бұл халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ол Отбасының цифрлық картасын енгізу арқылы жүзеге асырылады. Жобаның қанатқақты нұсқасы қыркүйектен бері бірқатар қызметтер (жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындау) бойынша жұ­мыс істеп тұр және қазірдің өзінде тиім­ділігін көрсетті.

– Әлеуметтік қолдау алу қажет­тілігі Цифрлық карта шеңберінде ақпараттық жүйе арқылы айқын­далады. Яғни азаматтар тиісті орган­дарға жүгінбей-ақ мемлекеттің қол­дауын алу мүмкіндігіне ие болады. Мемлекет бұл қажеттілікті өзі анық­тайды және барлық рәсімді автоматты түрде жүргізеді. Әлеуметтік кодекс жоба­сында ұлттық біліктілік жүйесін дамы­ту және сертификаттау жүйесін енгі­зу көзделіп отыр. Олар жастардың жұмыс­қа тұруына кедергі болатын артық талаптарды алып тастауға жол ашады, – деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр Кодекс Пар­ламенттің қарауында болғанымен, жекелеген әлеуметтік шаралар 2023 жылдан бастап іске асырылатынын айтты. Қаңтар айынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер 1 жас­тан 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылған кезде төленетін төлемдер орташа айлық табыстың 45%-ына дейін ұлғаяды.

Сондай-ақ Үкімет отырысында ірі және шағын қалаларда кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жөніндегі жос­пар қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 2028 жылға дейінгі кезеңде респуб­ликаның 68 қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын салу мен қайта жаң­ғырту жоспарланып отырғанын айтты. Қазіргі таңда Сарыағаш, Атырау және Форт-Шевченко қалаларында үш жоба бойынша жұмыстар басталды. Келесі жылы Ақтау, Леңгір және Шымкентте тағы үш жобаны іске асыруға қаражат қа­растырылған. Қалған 62 қала бойынша халықаралық қаржы ұйымдарын және республикалық бюджеттен транс­­ферт­терді тартуды көздейтін қар­жылан­дыру тәсілдері әзірленді. Ә.Смайы­лов әрбір жобаны іске асыруды қа­таң бақылауда ұстау қажет екенін айтты.

Сонымен қатар Үкімет отырысында биылғы заң жобалау жұмыстары жоспарының орындалу барысы және 2023 жылға арналған жоспардың жобасы қаралды. Әділет министрі Қанат Мусин 22 заң жобасының төртеуіне Мемлекет басшысы қол қойғанын, тоғызы Парламенттің, тағы тоғызы Үкіметтің қарауында екенін айтты. Үкіметтің қарауындағы заң жобаларын желтоқсан айының соңына дейін Парламентке енгізу жоспарланып отыр. Осылайша, осы жылдың жоспары толық көлемде орындалмақ. 2023 жылға арналған жоспарға сәйкес келер жылы 24 заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Оның 13-ін Парламентке бірінші жартыжылдықта, тағы 11-ін екінші жартыжылдықта енгізу жоспарланған.