Оқиға • 28 Желтоқсан, 2022

Мейірім мен қайырым

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елдің бәрі үздіге күткен Димаш бұл концертте соңына қарай шықты. «Астаналық тыңдармандармен кездеспегелі де жылдар өтіпті», деді. Аузына алты құрлық қараған әнші қазақы болмысы мен сөз саптасынан танбаған, халықтың арасына кіріп-шығып, елге ықыласын танытты. Сонысына сай шексіз қошеметке бөленді.

Мейірім мен қайырым

Бұл Астанадағы «Барыс арена­да» өткен «Біз біргеміз Fest» атты музыкалық қайырымдылық фести­ва­лінен көрініс еді. Онда Димаш Құдай­бергенмен бірге басқа да қазақстандық эстрада жұлдыздары мен мүгедектігі бар әртістер өнерлерін ортаға салды. Мұқтаж жандарға пәтер кілті табысталғанда, «Барыста» мейірім мен қайырымға куә болдық. 12 мың адам сыятын «Барыс арена» лық толмаса да, халық атшаптырым алаңның жарымынан көбін алып отырды.

Қайырымдылық концертке өнер­паздар республиканың түкпір-түк­пірінен тартылыпты. Дарынды бала­лар мен мүмкіндігі шектеулі жас­тар еліміздің барлық өңірінен келіпті. Балалар жылы аясында ұйымдас­ты­рылған фестиваль ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналғаны осы­дан-ақ белгілі.

Іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Сенат төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін барлық шара қабылданатынын атап өтті. «Белгілі отандық өнерпаздармен бір сахнада өнер көрсету ерекше әрі жас талант иелерін ынталандыра түсетіні анық. Әншілерге шығармашылық табыс тілеймін. Бүгінгі концерттен жиналған қаражат мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығына жабдық сатып алуға жұмсалады. Мұның бәрі өнер кез келген кедергі мен таптаурындарды бұзып, игі істер жолында барлығын біріктіре түсетінін көрсетеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Концерт барысында мүмкіндігі шектеулі әнші Кенжебек Нұрдол­дайға екібөлмелі пәтердің кілті тапсырылды. Жеті айлық баласымен қалған жал­ғызбасты ана Әсел Омарова да Аста­надан бір бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Оған демеушілік еткен бірнеше компания, ірі бизнес орталықтарына ұйымдастырушы Перизат Қайрат ханым алғыс білдірді.

Фестиваль аясында Кенжебек Нұр­дол­дай, «Sensitive» би тобы, Алтын­шаш Мұқатаева сынды ерекше қажет­тілігі бар музыканттар мен би­шілер өнер көрсетті. Сондай-ақ әйгілі әнші Димаш Құдай­берген, эстра­да жұлдыздары Тамара Асар, На­зима, «Бастау» тобы, Айдын және тағы бас­қалары өнерлерін көрер­мен назарына ұсынды.

Іс-шараны «Biz birgemiz, Qazaqstan» қоғамдық қоры және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.