Ғылым • 28 Желтоқсан, 2022

Сарқылмайтын арзан қуат көзі

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Ливермор ұлттық зертханасының ғалымдары алғаш рет термоядролық синтездеу нәтижесінде реакцияны бастауға жұмсалған энергиядан көп энергияны алып, ғылымда үлкен серпіліс жасады. Бұл – теория жүзінде адамзатты сарқылмайтын энергия көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін үлкен жаңалық. Бұл жөнінде «The Financial Times» басылымы хабарлады.

Сарқылмайтын арзан қуат көзі

Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап физиктер энергия алу үшін термоядролық синтезді қолдануды армандады. Алайда синтез реакциясын бастауға жұмсалған энергиядан бөлінген энергия аз болып келді. Егер бұл әрекет ойдағыдай жүзеге асқанда атомдарды ыдырату арқылы жұмыс істейтін кәдімгі атом электр стансаларына да, көмірсутек отынына да балама бола алатын еді және атмосфераны бүлдіретін зиянды заттар да жойылатын еді.

Осы аталған инерциялық басқарыла­тын термоядролық синтез Ливермор ұлттық зертханасында сәтті орындалды. Мұнда әлемдегі ең үлкен лазермен сутегі плазмасының кішкене бөлігін сәулелендіру қарастырылды. Эксперимент өткен екі аптада жасалды. Зертханада орналасқан National ignition Facility (NIF) ұлттық кешенінде жасалған синтез реакциялары 2,5 мегаджоуль энергия өндіруге мүмкіндік берді. Бұл – лазермен жұмсалған 2,1 мегаджоульдің шамамен 120%-ы. АҚШ энергетика министрлігі эксперимент нәтижесін үлкен ғылыми жетістік деп атады. Алынған мәліметтер әлі де тексеріліп жатыр.

«Бастапқы деректер NIF-тегі тағы бір сәтті тәжірибені көрсетеді. Дегенмен энергияның шығуы туралы нақты деректер әлі де нақтылануда және біз оның қазіргі уақытта шекті мәннен асып кеткенін растай алмаймыз. Яғни бұл талдау әлі жүріп жатыр, сондықтан процесс аяқталмай тұрып жарияланған ақпарат дәл болмайды», делінген Ливермор зертханасының хабарламасында. Егер нәтижелер расталса, бұл Ливермор зертханасының зерттеушілері ондаған жылдар бойы мүмкін болмаған мақсатқа қол жеткізді дегенді білдіреді.

Зертхана алаңындағы National Ignition Facility қондырғысы 3,5 млрд доллар тұрады және бұл бастапқыда әскери ядролық жарылыстарды модельдеуге арналған, бірақ синтездік эксперименттер үшін де қолданылған. Өткен жылы термоядролық эксперимент арқылы лазерлер жұмсаған энергияның 70%-ын өндіру мүмкін болған.

Көптеген ғалым термоядролық электр стансалары пайда болғанға дейін тағы ондаған жылдар өтеді деп есептесе де, бұл жаңалықтың маңызын елемеуге болмай­тынын алға тартып отыр. Термоядро­лық реа­кциялар экологиялық тұрғы­дан қарапа­йым ядролық реакциялар­ға қара­ғанда әлдеқайда қауіпсіз. Сонымен қатар тео­рия жүзінде сутектің аз мөлшері де үйді жүздеген жылдар бойы энергиямен қамта­ма­сыз ете алады. Қалай дегенмен бұл кө­мір, газ, тағы басқа энергия көздері уа­қыт өткен сайын қымбаттап бара жатқан қазір­гі кезде өте өзекті жаңалық болып отыр.