Коронавирус • 28 Желтоқсан, 2022

Қазақстанда коронавирус жұқтыру деңгейі 2,3 есе өсті

212 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда желтоқсанда қарашамен салыстырғанда коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық 2,3 есе өсті. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер – Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда коронавирус жұқтыру деңгейі 2,3 есе өсті

«Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 12 тамыздан бастап Қазақстан Республикасы мен оның барлық өңірлері жасыл аймақта. Алайда Жетісу, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, елдің 13 өңірінде R көрсеткішінің бірден жоғары екені байқалады. Бұл инфекцияның таралуының өскенін көрсетеді.  Тәулігіне 300-ге дейін КВИ+ және 20-ға дейін КВИ минус жағдайы тіркеліп отыр», деді А. Есмағамбетова.

Бұл ретте инфекциялық төсек-орынның қамтылуы – 13 % (309 төсек-орын), реанимациялық төсек-орынның қамтылуы – 4 % (17 төсек-орын).

Бас санитариялық дәрігердің айтуынша, шектеу шараларын енгізуге келетін болсақ, 1-ден жоғары R көрсеткіші тіркелген жағдайда халық көп жиналатын жерлерде маска тағу ұсынылады.

Елдің бас санитариялық дәрігері атап өткендей, КВИ-ге қарсы ревакцинация жасау инфекциядан қорғанудың жалғыз тәсілі болып қала береді.

«Алғашқы ревакцинацияны 5,7 млн адам немесе тиісті халықтың 70,5%-ы, қайта ревакцинациялауды 1,2 млн адам немесе тиісті халықтың 54,8%-ы алды. Тәулігіне орта есеппен 2600 адам алғашқы ревакцинацияны алды, 4300 адам қайта ревакцинациядан өтті», деді Денсаулық сақтау вице-министрі.

А. Есмағамбетованың ақпараты бойынша қазіргі уақытта Қазақстанда халықты вакцинациялау және ревакцинациялау үшін вакциналардың 3 түрі бар. Олар: Казвак, Sinofarm және Pfizer. Егу пункттерінде 98 мың доза КазВак, 306 мың доза Sinofarm және 71 мың Pfizer қалдығы бар.

Бұдан басқа, Бас санитариялық дәрігер өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ағымдағы эпидемиялық маусымда елде ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 10%-ға өскенін хабарлады.

Мәселен, 2022 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда ЖРВИ-дың 2,2 млн жағдайы және тұмаудың 2 284 жағдайы тіркелді, науқастардың 65%-ы 14 жасқа дейінгі балалар.

ЖРВИ-мен ауыратын және КВИ-ға күдікті пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін МСАК ұйымдарында 2 289 мобильді бригада жұмыс істейтінін айтты, оның ішінде ауылда – 1022, резервте – 1521.

Тыныс алу ағзаларының ауруларымен стационарлық емдеуде 15 826 адам, оның ішінде ЖРВИ диагнозымен – 8202 (52 %), тұмаумен – 19 адам (0,12%) бар.

Денсаулық сақтау вице-министрі тұмаудың клиникалық белгілерін еске салды. Ол 1,5 күнге дейін қысқа инкубациялық кезеңімен ерекшеленеді. Ал КВИ және басқа ЖРВИ кезінде ол 10 күнге дейін созылады. Сондай-ақ ЖРВИ-мен салыстырғанда тұмау жіті басталады және дене температурасы 39°C-қа дейін көтеріледі, қалтырау, бұлшықет пен бастың ауыруы, бүкіл дененің сырқырауы, кеуде сүйегінің асты ауырып, құрғақ жөтел байқалады.

Сөз соңында Бас санитариялық дәрігер алдағы Жаңа жыл мерекесін ескере отырып, КВИ мен басқа да вирустық инфекцияларды жұқтырудан сақтайтын бірнеше профилактикалық ұсынымдар берді. Олардың біріншісі – халық көп жиналатын жерлерде масканы пайдалану, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға, әсіресе балалармен баруды шектеу, қолды өңдеу үшін антисептиктер немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалануды ұмытпау, науқас адамдармен байланысты шектеу.