Айта кетсек, «Қазақстан халқына» қоры су басқан ауылдардың тұрғындарына 771,9 млн теңге сомасына 30 үйдің құрылысын қаржыландыру бойынша қайырымдылық көмек көрсеткен еді.
Қаратөбе ауданының Шалғын ауылында 23 бір қабатты бір пәтерлі тұрғын үй және Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында 7 тұрғын үй салынды.
Шалғын ауылының тұрғыны Бекжан Масәлімнің айтуынша су тасқынынан ауылдың бір бөлігі зардап шеккен.
«Жаңа үйіміз жылы, әдемі. Қоныстандық, шағымымыз жоқ. Ұнап отыр. Көмек қолын созған барша құрылысшыларға, әкімдік, Қор өкілдеріне рахмет. Қиын жағдайды бастан өткердік, оңай болмады. Бірақ қазір қуаныштымыз, ризамыз жасалған жұмысқа. Осындай қиыншылық енді болмасын, демеу болған барша қауымға алғысымыз зор», деді Шалғын ауылының тұрғыны Бекжан Масәлім.
Жаңа пәтерлерге жарық, газ, су мен санитарлық торап жүргізілген.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың сәуір айында орын алған су тасқыны салдарынан өңірдегі тұрғын үйлер су астында қалды. Олардың бір бөлігі тұруға жарамсыз болып шықты. 21 шілдеде Қорға БҚО әкімінің орынбасары Т.Қаюповтың үй құрылысы үшін қаражат бөлуге жәрдемдесу туралы өтініші келіп түсті. Облыс әкімдігі қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін, 8 тамызда «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесі үйлер құрылысы үшін қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.