Экономика • 29 Желтоқсан, 2022

Мұнай нарығының құбылуы

250 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ экономикасының басты, жаһан экономикасының жанама қуаты саналатын мұнайдың бағасы кейінгі кезде тұрақ таппай кетті. Қазіргі бағасы біз қуанатындай деңгейде емес. Өткен аптада лондондық ICE Futures биржасында Brent мұнайының ақпандағы фьючерстерінің құны барреліне 79,91 доллар болды. Нью-Йорк тауарлық биржасындағы WTI мұнайының бағасы барреліне 75,62 доллар болып бекіді.

Мұнай нарығының құбылуы

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Сарапшылардың айтуынша, Қытайдағы энер­гетикалық ресурстарды тұтынудың қал­пына келе бастауына байланысты трей­дерлердің үміті мұнай нарығындағы баға өсімін жан­дандырған. АҚШ-тың стратегия­лық мұ­най резервін толықтыруды бастау жай­лы шешімі де оң реакция тудырған. Мұнай бағасының құбылуына қарамастан Қазақ­­стан өз мұнайын экспорттауды белсенді жал­ғас­тырады. Біздің мұнайдың атауы – CPC Blend. Таяуда мұнайдың осы түрі Еуроодақ ел­­деріне жіберілетін ең ірі шикі мұнай атанды.

S&P Global ақпараты бойынша Еуропа­дағы қайта өңдеушілер ресейлік мұнайдың орнын Қазақстан, Әзербайжан, Норвегия, АҚШ және Гайана өнімдерімен алмастыра бастаған. Айта кетелік, ЕО Ресей мұнайына эмбарго жариялағаннан кейін 10 күннен соң Urals-тың (Ресей мұнайы – ред.) ЕО-ға теңіз импорты тәулігіне 1,5 млн баррельден 123 мың баррельге бір-ақ түскен. Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, қараша айының өзінде ЕО-дағы мұнай өңдеу зауыттарының көбі қазақстандық CPC Blend және KEBCO сұрыптарына қызығушылық таныта бастаған. Қазір Еуропа елдері аталған екі мұнай сұрыбының тәулігіне 1,2 млн баррелін импорттап (бүкіл теңіз импортының 13 пайызы – ред.) отыр.

Жақында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Германияға да мұнай экспорттауға дайын екенімізді мәлімдеді. Бұл туралы ол Берлиндегі Еуразиялық клуб конференциясында айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Германияға жылына 2-5 млн тонна аралығында «қара алтын» жіберуі мүмкін. Ондай жағдайда біздің мұнай Дружба мұнай құбыры арқылы бұған дейін «Роснефть» мұнай-газ компаниясына тиесілі болып келген Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытын қамтамасыз етеді.

Энергетика министрі Болат Ақ­шо­лақовтың айтуынша, бұл таза коммерциялық мәміле болғандықтан қазір қазақстандық компа­ниялар мен жүк жіберушілер келіссөз­ді өздері жүргізіп жатыр. Телеграм­дағы NRG_monitor каналының ақпаратына сүйенсек, қазақстандық компаниялар ТОН-2 мұнай құбыры арқылы Ресей мұнайын сатып алып, соның көмегімен ішкі нарық қажеттілігін өтеп, ал өзіміздегі бос мұнай көлемін экспортқа шығаруды көздеп отыр. «Тәуір схема, тек бағасын келісу керек» дейді сарапшы.

Айта кетелік, Түймазы – Омбы – Ново­сібір (ТОН-2) магистралды мұнай құбыры 1959 жылы пайдалануға берілген және екі мемлекет – Ресей мен Қазақстанның аумағын кесіп өтеді. Жалпы ұзындығы – 185,6 шақырым. Жақында Қазақстан құбырдың өз аумағындағы учаскелерін толықтай күрделі жөндеуден өткізді.

Қазақстанның мұнай экспортындағы тағы бір басым бағдары – Қытай мен Иран. Б.Ақшолақовтың айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында Әзербайжан, Грузия, Түркия порттарына, одан әрі ҚХР мен Иранға экспорттау көзделеді. Соған орай ішкі өндіріс қуатын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, Қашаған кен орнынан шыққан 3 млрд текше метрге жуық шикі газ «Жайықмұнай» газ өңдеу зауытында өңделеді. 2023 жылдың соңына қарай Рож­ковское кен орнынан шыққан шикі газ да осы газ өңдеу зауытына келіп түсуге тиіс. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы мұнай өңдеу қуаты 9 млн тоннаға дейін кеңейеді. Бұл ретте қытайлық «Petrochina» мұнай-газ компаниясымен бірлесіп қуаттылықты 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспары да бар.

Қазақстан мұнайының 90 пайызы КТК, яғни Каспий құбыр консорциумы арқы­лы экспортталатыны белгілі. Аталған құ­быр Ресей аумағында және оның жұмысы биылдыққа бірнеше рет тоқтап қалған еді. Соған қарамастан америкалық «Chevron» энергетикалық корпорациясы КТК бо­йынша мұнай айдаудан бас тартпайтынын мәлімдеді. Директорлар кеңесінің төрағасы Майк Вирттің айтуынша, Қазақстан мұнайы Еуропа мен Азия тұтынушылары үшін аса маңызды болып саналады. КТК арқылы Қазақстан жылына 67 млн тонна мұнай тасымалдай алады. Бірақ соңғы кезде бұл құбырдың тәуекелі көбейді, соған сай Қазақстан жедел түрде Транскаспий бағытын жандандыруға көшті.

2023 жылдың қаңтарынан бастап Баку – Тбилиси – Жейхан (БТЖ) мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна (былтыр небәрі 200 мың тонна тасымалданған) қазақ мұнайы экспорттала бастайды. Ақтау және Құрық порттарының көмегімен мұнай тасымалы көлемін жылына 20 млн тоннаға жеткізу де жоспарда бар. БТЖ-дан бөлек, Баку – Супса мұнай құбыры және Баку – Батуми теміржолы да басым бағдарлар болып саналады.

2008-2016 жылдары Әзербайжан қазақстандық «Теңіз» кен орнынан шы­ғатын мұнайдың бір бөлігінің транзи­тін қамтамасыз етті. Тіпті бір кездері БТЖ-мен жылына 2 млн тоннаға дейін мұнай тасылды. Алайда 2017 жылдан бастап «Теңізден» шыққан мұнайдың барлығы КТК-ға жіберіле бастаған еді.

Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 84-85 млн тонна мұнай өнді­рілуі мүмкін. Биыл Қашаған кен орнын­дағы жұмыстың жоспардан тыс тоқтап қалуына байланысты өндіріс көлемі 85 млн-нан аспайды. Ал 2023 жылы Қазақстан мұнай өндірісі көлемін 90 млн тоннадан асыру­ды көздеп отыр. 2021 жылы елімізде 73,7 млн тонна мұнай өндірілген болатын.