– Ғалымжан Олжаұлы, Қазақстан экономикасы мен қаржы секторы биыл бұрын-соңды болмаған қиындықтарға тап болды деуге болады. Біздің елде ғана емес, жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында барлық мемлекетте макроэкономикалық ахуал нашарлап, инфляция белең алды. Осы ретте Ұлттық банк еліміздің қаржы жүйесін тұрақтандыру үшін қандай пәрменді шаралар қабылдады?
– Иә, 2022 жылы Қазақстан экономикасы мен қаржы секторы бұрын-соңды болмаған қиындықтар мен белгісіздіктерді бастан кешті. Жыл басында геосаяси ахуал қалай өзгеретіні белгісіз болды. Бірақ қазір пайымдап қарасақ, біздің белгілеген бағытымыз бен қолданған шараларымыз дұрыс болғанын көруге болады. Еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған барлық шара дер кезінде жүзеге асырылды.
Аспандап бара жатқан бағаларды ауыздықтау үшін Ұлттық банк ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүр болды. Базалық мөлшерлеме биылғы қаңтардағы 10,25%-дан желтоқсан айында 16,75%-ға дейін артты. Бұл шешімдер елдегі инфляциялық үрдістерді тежеуге бағытталды. Орта мерзімде ақша-несие саясатының қатаңдауы бағалардың өсу қарқынын төмендетуге және келе жатқан 2023 жылы инфляциялық күтуді бәсеңдетуге септігін тигізеді.
Базалық мөлшерлеме көтерілген сайын халықтың теңгемен сақталған жинақтары бойынша шекті мөлшерлемелер де артты. Сонымен қатар Үкіметпен бірлесе отырып, теңгедегі депозиттерді қорғау бағдарламасы жүзеге асырылу үстінде. Қабылданған шаралар халықтың теңгемен сақталған депозиттерінің қысқаруына жол бермей, ұлттық валютамызға деген сенімді нығайта түсіп, банктердің қаржыландыру базасын тұрақтандыруға және валюта бағамына қысымды төмендетуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, ақпан айында доллармен сақталған депозиттердің үлесі 38,4%-ды құраса, қараша айында бұл көрсеткіш 34,2%-ға дейін төмендеді, ал депозиттер биылғы қазан айында тарихи максимумға – 30 трлн теңгеге жетті. Яғни азаматтарымыз жинаған қаражатын долларға ауыстырмай, теңгемен депозитке сала бастады. Бұл үрдіс халқымыздың ақшаны тұтынушылықтан жинақтауға көбірек көңіл бөле бастағанының белгісі деп білеміз. Бұл инфляциялық қысымды төмендетуге ықпал ететіні анық. Сондай-ақ осы мақсатта Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету бойынша 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін әзірледі. Онда өндіріс көлемін ұлғайту, тауарлар мен көлік логистикасын дамыту, монополияға қарсы реттеу және басқа да жүйелі шаралар қарастырылған.
– Жыл басындағы сыртқы тосын соққылар да ішкі валюта нарығындағы күрт ауытқуларға алып келгені мәлім. Ұлттық банк теңгенің долларға және рубльге шаққандағы бағамына қатысты жағдайды тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылдады?
– Геосаяси ахуалдың ушығуы және сыртқы жағдайлардың шиеленісе түсуі айырбастау бағамының динамикасына теріс әсерін тигізбей қоймады. Естеріңізде болса, наурыз айында теңге бағамы кейде 1 доллар үшін 500 теңгеден асып кетті. Осындай қиын жағдайда біз қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар қабылдадық. Валюталық интервенциялар жүргізілді, тек ақпан-наурыз айларында олардың көлемі шамамен 1,3 млрд долларды құрады. Квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімін міндетті сату үлесі 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайтылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен қолма-қол шетел валютасын әкетуге дер кезінде тыйым салынды.
Қабылданған шаралар валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға және дағдарыс кезеңінде оның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта валюта нарығында біршама тепе-теңдік орнады деуге негіз бар. Ұлттық банк сәуір айынан бері интервенция жасаған жоқ.Теңге бағамы нарыққа қатысушылардың сұранысы мен ұсынысының теңгеріміне байланысты нарықтық жағдайлардың әсеріне сәйкес қалыптасып отыр.
– Ұлттық банк Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты секторды тұрақты және қолжетімді несиемен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын қалай орындап жатыр?
– Біз Үкіметпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, сондай-ақ Қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, шаралар кешенін ұсынған болатынбыз. Бұл бастама Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқанын атап өткен жөн. Соның бірі – жер қойнауы мен жерді пайдалану құқығының айналымын ырықтандыру. Бұл стратегиялық объектілерді қоспағанда, тендерлерге қатысуға рұқсат беру тәртібін жою арқылы банктер мен қарыз алушыларға жүктемені азайту көзделеді деген сөз. Яғни банктік несиелерді алу жеңілдетіледі. Сөйтіп, нарықтық механизмдерді дамытуға оң ықпалын тигізеді.
Сонымен қатар мемлекеттік кепілдікпен астық қолхаттары институтын енгізу және осы процесті цифрландыру ұсынылды. Банктерге ұзақ мерзімді несиелер беруге жол ашатын тағы бір тиімді шара – жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуын кеңейту.
– Бұл ірі бизнес пен экспорттаушыларды қолдау шаралары секілді, ал шағын және орта бизнес үшін қандай да бір жаңа тетіктер қарастырылды ма?
– Иә. Атап айтсақ, біз шағын және орта бизнеске несие беру үрдісін цифрландыруды көздеп отырмыз. Қазір банктер мен Мемлекеттік кредиттік бюроның мемлекеттік деректер базасын интеграциялау жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне кредит беру кезінде айналым капиталына жүктеме талаптарын азайту, банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптарды жеңілдету, кредит алу рәсімдерін оңайлату сияқты біршама жеңілдік беретін уақытша, бірақ тиімді шаралар енгізіліп жатыр. Олардың барлығы 2024 жылға дейін қолданыста болады. Сондай-ақ экономиканың басым салаларында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі күні біз, мүдделі мемлекеттік органдардың барлығы, ұсынылған тетіктерді іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Жалпы алғанда, қазіргі қиындықтарға қарамастан, банктер экономикаға беріп жатқан несиелер көлемі де артып келеді. Биылғы қарашаның соңында екінші деңгейлі банктердің несие портфелі 22,2 трлн теңгені құрады. Яғни банктер осыншама кредит берді деген сөз. Жыл басынан бергі өсім – 20,1%. Заңды тұлғаларға берілген несиелер де 7,3%-ға, яғни 8,3 трлн теңгеге дейін өсті, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелер 20,7%-ға немесе 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Демек экономикадағы ақша айналымының қарқыны бәсеңдеген жоқ. Жағдай қалыпты деуге болады.
– Осы жылы ел азаматтарының зейнетақы жинағының 50 пайызына дейінгі бөлігін жеке басқаруға беру мүмкіндігі туралы мәлімделген болатын. Бұл жаңалықтың қазақстандықтарға берері не болмақ?
– Бұл шара БЖЗҚ салымшыларына өздерінің тәуекелі мен табыстылығы критерийлеріне сәйкес келетін инвестициялық стратегияларды таңдау құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы бастаманы іске асыру арқылы зейнетақы активтерін басқару нарығында институттық бәсекелестік ортаны қалыптастыруға жағдай жасалып, салымшылардың болашақ зейнетақыларын қалыптастыруда сенімдеріне ие болуға және оларды көбірек тартуға жол ашылады. Өз кезегінде, зейнетақы активтерін басқарудағы бәсекелестік позицияларды нығайту ішкі құнды қағаздар нарығына оң әсер етеді және оның өтімділігі мен тиімділігін арттырады. Яғни шынайы нарықтық орта қалыптасады. Шынайы нарықтық ортада табыс та ұлғаяды.
Сонымен қатар салымшылардың жинақтары жеке басқарушы компанияларға аударылған кезде бұл жинақтар зейнетақы жүйесінде сақталатынын және зейнет жасына жеткенде төлемдерді жүзеге асыруға жұмсалатынын ескерген жөн.
– Қазақстандықтар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы туралы жаңалықты қуана қабылдағаны рас. Осы бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері бекітілді ме? Балаларға арналған шотты ашу тәртібі мен негізгі шарттары және мерзімдері туралы айтып берсеңіз?
– Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын
балалардың шотына олар 18 жасқа толғанға дейін алдын ала алу құқығынсыз аударып отыру ұсынылды. Бала кәмелет жасына толғаннан кейін жинақталған сома оның баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады.
Бұл ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігі ескеріліп, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосу тапсырылды. Осыған орай бұл жұмыстың барлық тетігі мен ережесін Үкімет пен Ұлттық банктің мамандары сарапшылармен бірлесе әзірлеп жатыр. Нақты механизмдер бекітіліп, барлық қажетті рәсімдерден өткеннен кейін бұл туралы қалың жұртшылыққа міндетті түрде жарияланатын болады.
– Қазақстан Ұлттық банкі үшін 2022 жыл түрлі оқиғаларға толы болды. Соның бірі – «Цифрлық теңге» қанатқақты жобасының тұсаукесері. Қазір цифрлық ұлттық валютаны енгізу бастамасы қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк 2022 жылы ұлттық цифрлық валютаны енгізу қажеттігі жөнінде кешенді зерттеу жүргізді. Осы жылдың қазан айында цифрлық теңгенің технологиялық платформасын нақты тұтынушылар мен бизнес өкілдері сынақтан өткізді. Сынақ сәтті өтті деуге негіз бар.
Цифрлық теңгені енгізу 2025 жылдың соңына дейін 3 кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең аясында – 2023 жылдың соңына қарай әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік сатып алу үшін цифрлық теңгені пайдалану мүмкіндігі жүзеге асырылмақшы, трансшекаралық есеп айырысу сценарийлері мен цифрлық активтер мен орталықтандырылмаған қаржы саласындағы есеп айырысулар сынақтан өтеді және тиісті нормативтік-құқықтық база дайындалады. 2024 жылы интернетке қол жеткізусіз цифрлық теңгемен есеп айырысу бойынша функциялық механизмдер енгізілетін болады. Ал 2025 жылға қарай цифрлық теңгені толық өндірістік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр.
Бұл жаңашылдық отандастарымызға мол мүмкіндік ашады. Ең бастысы, қаржы нарығында инновациялық бастамаларға жағдай жасалып, отандастарымызға қаржы сервистерінің қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймыз.
– Монетарлық реттеуші алдағы жылға және орта мерзімді кезеңге өз алдына қандай негізгі міндеттерді қойып отыр?
– Алдағы жылы әлемнің көптеген орталық банктері сияқты, біздің де басты міндетіміз – инфляцияны тұрақтандыру. Оған қол жеткізу үшін 2030 жылға дейінгі ақша-несие стратегиясын жүзеге асыру аясындағы жұмысты жалғастырамыз. Ол ақша-несие саясатының негіздерін нығайтуды, қаржы нарығын дамытуды және жалпы макроэкономикалық саясатты күшейтуді көздейді. Монетарлық негіздерді нығайту, қаржы нарығын дамыту және жалпы макроэкономикалық саясатты күшейту шаралары қарастырылып отыр.
Сонымен қатар икемді бағам саясаты жалғасады. Яғни валюта нарығының тиімділігін арттыруға, экономикадағы теңгерімсіздіктердің жинақталуына жол бермеуге және халықаралық резервтерді сақтауға ықпал ететін шараларды жалғастыратын боламыз.
Сондай-ақ Ұлттық банк мемлекеттік құнды қағаздардың ішкі нарығын дамыту және теңге мен теңгедегі активтерді жаһандандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты жалғастыратын болады. Өйткені тиімді және өтімді мемлекеттік борыш нарығын құру ақша-несие саясатының тиімділігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі болып саналады.
Мемлекеттік қарыз нарығын дамытудың қазіргі басым бағыттарының бірі – қайталама нарықтың өтімділігін арттыру. Біздің бастамаларымыз мемлекеттік облигациялардың өтімділігін арттыруға және мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге қосуға, нарықтық баға белгілеуді жетілдіруге және жалпы нарықтағы бәсекелестікті арттыруға бағытталатын болады.
– Сіз 2022 жылдан бастап қаржылық реттеуші қызметін басқарып келесіз. Ұлттық банктің басшысы ретінде өтіп бара жатқан жылдың қорытындысын қалай бағалар едіңіз?
– Орынды сұрақ. Жеке өзім үшін 2022 жылдың маңызы жоғары: ол жаңа мүмкіндіктер мен міндеттерге жол ашты. Иә, міндеттер әлі де азаймайды, жоспар да жетерлік, елімізде және жалпы жаһанда болып жатқан оқиғаларға байланысты ол әрдайым өзгеріп отырады. Алайда біздің барлық шешіміміз азаматтардың әл-ауқатын көтеруге және еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталады. Реттеуші ретінде қабылдаған барлық макроэкономикалық шешімнің нәтижесі әдетте бірден сол мезетте емес, орта мерзімді кезеңде көріне бастайды.
Ұлттық банктің қолында Қазақстанда қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін дұрыс шешім қабылдауға қажетті барлық құрал мен ресурс жеткілікті. Мұнда біліктілігі аса жоғары кәсіби мамандар командасы еңбек етеді.
Біздің жұмысымыз қалың көпшілік пен нарықтың кәсіби қатысушылары үшін түсінікті болуы үшін ашық коммуникациялық саясат жүргізуіміздің маңызы да жоғары. Біз осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыратын боламыз.
– Сұхбатымызды сіздің оқырмандарымызға деген келер жылға тілегіңізбен қорытындыласақ.
– Ұлттық банктің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру және теңгемізді құнсызданудан сақтау. Келе жатқан Жаңа жыл қазақстандықтарға амандық, қаржылық тұрақтылық, жаңа мүмкіндіктер сыйласын деп тілеймін. Сондай-ақ 2023 жылы қазақстандықтарды тағы бір маңызды мереке күтіп тұр – төл теңгеміздің қолданысқа енгізілгеніне 30 жыл толады. Теңге – еліміздің қаржылық егемендігінің негізі әрі нышаны.
Әр шаңыраққа шаттық, мол табыс және қойған мақсаттарының жүзеге асуын тілегім келеді. Келіп қалған Жаңа жыл құтты болсын!
Әңгімелескен
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»