Қан майданда толарсақтан саз кешіп, жанкешті қаһармандығын паш еткен, ұрпағына өшпес өнеге көрсеткен қабыландай қайратты, жансебіл ерлеріміздің ерен ерліктері мен ұлағатты істерін жас ұрпаққа жеткізу – басты парызымыз. Осы іске сүбелі үлес қосып, өзі де өзгеге үлгі болған ардагерлеріміздің бірі – жауынгер-интернационалист, журналист, бүгінде алпыстың асқарына көтеріліп келе жатқан атпал азамат Ғалым Қосымжанұлы Қожабеков. Ол 1981 жылы қазіргі елордамыздың аумағынан, Целиноград облыстық әскери комиссариатынан әскерге шақырылды.
Ауғанстандағы қанқасап майданда біздің жолдарымыз түйіспеді: мен 1979 жылғы желтоқсаннан, яғни соғыстың алғашқы күнінен бастап, взвод командирі, жауынгер ретінде Ауғанстан Демократиялық Республикасының бірнеше провинциясын шарладым, сапер ретінде дала мен тау-тасты минадан арылтуға атсалыстым. Ал Ғалым 1981-1983 жылдары Ауғанстанның Суруби провинциясында орналасқан 181-ші полкта артиллериялық дивизияда әскери қызметін өтеді. Взвод командирінің орынбасары, командир дәрежесіне дейін көтерілді.
Мен Ғалым Қосымжанұлымен тек бейбіт заманда, бертінде таныстым. Азаматтығымен, адалдығымен, парасаттылығымен, адами қасиеттерімен өзіне баурап алатын жігіт. Жақсы араласып кеттік. Екі-үш жыл болды, ол менің, яғни qazaqstan ardagerleri қауымдастығы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарып келеді.
Біз өткен мыңжылдықтың соңында, 1979 жылы басталып, он жылға созылған алапат Ауған соғысы және оған қазіргі көзқарас тұрғысынан берілетін баға туралы ауық-ауық әңгімелесіп тұрамыз. Бүгіннің биігінен қарасақ, ол соғыс – кеңес империясының өзге елдің ішкі ісіне қол сұғуы болып көрінеді. Тарихи деректер бойынша Сәуір төңкерісінен кейін Ауғанстан Демократиялық Республикасының басшылығы және сондағы билеуші күш – Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясы көрші елдермен арада туындаған жер дауынан және оппозициялық қарсы күштердің үстем болуынан қорқып, кеңес одағынан әскер кіргізуді сұрап, кем дегенде жиырма рет жүгінген. КОКП ОК Саяси бюросы осыны сылтауратып, Ауған еліне кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін енгізді. Бірақ жергілікті жұртшылықтың бір бөлігі бұл әскерді бітімгершілер емес, басқыншылар деп қабылдады. Өзге елдегі азаматтық соғысқа киліккен кеңес жауынгерлері екі оттың ортасында қалды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақстан ерлері тартылған, біздің арыс азаматтар бастан кешкен ірі әскери қақтығыс – Ауған соғысы болатын. Ол соғыс жайында біздің қоғамымыз да бірыңғай, бірұдай пікірге келе алмады. Бірақ Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарған жауынгерлеріміздің батырлығы күмән тудырмайды. Олар Отанға адал қызмет етемін деп ант берген соң жанқиярлықпен шайқасты. Өйткені Отан алдындағы қасиетті борышымды өтеп жүрмін деп риясыз сенді. Отанды сүю, оның аптабына күйіп, аязына шыдау парыз деп таныды.
Ғалым Қожабеков те Ауғандағы қанды қырғын еске түскенде, көңілі құлазып, ауыр ойлар қамауында қалатынын айтады.
«Біздің жауынгерлердің бастан кешкен қасіретін балаларымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз көрмесе екен деймін. Сұрапыл шайқастардан қанжоса болған осы таулы елде өткізген әрбір күнім, әрбір мезетім жүректегі шаншуға, санадағы сергелдеңге айналады, кейде жанына жай таптырмайды. Сонымен бірге қаруластарын қорғай жүріп, өз басын бәйгеге тіккен, жат жерде жан тапсырған жауынгер достарымның жарқын бейнелері де естен кетпейді. Олардың есімін халық жадында жаңғыртып, ұрпақ есінде қалдыру үшін күш салуды парыз санаймын», дейді Ғалым.
Өзі жөнінде тиіп-қашып қана айтады, көбінесе майдандас достарының қаһармандық ерлігінен сыр шертеді. Бұл жерде Ғалым Қожабековтің «Астана саңлақтары», «Сайыпқыран», «Қанды көйлек қарулас», «Астана ақшамы», «Ұят болады, ұлым!» кітаптарының авторы екенін айта кеткен жөн.
Ол «Жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрахманов атындағы соғыс мүгедектері мен қаза болған жауынгерлердің отбасын қолдау жөніндегі қор» қоғамдық ұйымының директоры ретінде де, журналист ретінде де батырларды ұлықтау бағытына тындырымды істі, тоқтаусыз ізденісті паш етіп келеді.
Ғалым «Құрмет» орденінің, «За отвагу» және «Халық алғысы» медальдарының иегері. «Ақпарат саласының үздігі» атағына ие. Бірнеше республикалық байқаудың жеңімпазы.
Бірақ марапат үшін емес, парасат үшін өмір сүріп келе жатқан азамат. Биік лауазымдарды да қажетсінбеді, жанына жақын журналистикадан қол үзбей, халыққа жақындығын сақтады.
Ғалым өзін емес, өзгені ұлықтауға баса мән беріп, өмірден өткен Ауған соғысы ардагерлерін, қаруластарын еске алуға арналған түрлі жарыс, спорт турнирлерін ұйымдастырып тұрады.
Ғ.Қожабеков қан-қасап соғыстан қайтқан соң, қаруын қаламға айырбастады. 1983-1988 жылдары С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогика институтында оқыды. Ол ғылым ордасында жоғары білім ала жүріп, Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне жұмысқа тұрды. Сонда жүріп, ысылып, тілші ретінде буыны бекіген Ғалым 1995 жылы бодандықтың сірескен тоңы көп жіби қоймаған Арқа өңіріндегі бас басылымға, яғни «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Астана ақшамы») газетіне орналасып, қазақша сапалы мақалаларға сусап жүрген оқырман қауымның сұрауын өтеді, Сарыарқадағы қазақ журналистикасын нығайтуға сүбелі үлес қосты.
Содан бері астаналық басылым «Астана ақшамы» беттерінен елдік, тәуелсіздік, мемлекеттілік пен ұлттық мүддені қозғайтын мақалаларын үзбей жазып келеді. Оның шығармашылығы батырлықтың бір тұғыры саналатын қазақ спортымен де біте қайнасқан. Қатардағы тілшіден бас редактордың бірінші орынбасарлығына дейін жоғарылады.
Баспасөзге адалдығын сақтаған тәжірибелі журналистерді бүгінде тұтас мектепке теңесек те артық болмас. Ғалым Қожабеков талай шәкіртін тәрбиелеп, үлгі-өнеге болды, ағалық ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп, қазақ журналистикасының өрісінде қаншама жас маманға қанат қақтырды, баптап, ұшырды.
Бүгінде отбасында аяулы әке, ардақты жар, қадірлі ата болып отырған Ғалым Қожабеков ауған ардагерлерімен бір сапта, бірге болып, еліне, халқына қалтқысыз қызмет ететініне кәміл сенемін.
Ғалым Қосымжанұлы аға ұрпақтың лайықты өкілі ретінде қазақтың ұлттық қастерлі құндылықтарын ұлықтап, сақтауға үлес қосып, Отанды сүю, мемлекеттілікті нығайту, Тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін қажыр-қайратының, пайым-парасатының биік тұғырынан жастарға дұрыс жөн-жоба, ақ жол нұсқай алатыны шүбәсіз.
Бақытбек Смағұл,
Мәжіліс депутаты,
«Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төрағасы