Қоғам • 29 Желтоқсан, 2022

«Отбасы банктің» олжалы жылы

306 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

80 мыңға жуық шаңырақ қоныс тойын тойлады

Әу баста үйсіз-күйсіз жүрген отандастарымызды түрлі қаржылық тетікпен баспаналы ету үшін құрылған «Отбасы банк» көздеген мақсатына толық жетті деуге болады.

«Отбасы банктің» олжалы жылы

Аталған банк тек аяқталып келе жатқан жылда 80 мыңға жуық отба­сының қоныс тойына жетуіне сеп­тес­ті. Яғни 2022 жылы осыншама шаңырақтың тұрғын үй мәселесін шешуге заем берілді. Сондай-ақ биыл 600 719 адам «Отбасы банк­тен» жаңа депозит ашқан. Бүгінгі таңда банктің жалпы депозиттік портфелі 2 трлн теңгеге тең.

Осылайша, жылдың өне бойында мыңдаған отандасымызды арманына жеткізген «Отбасы банктің» бітірген шаруаларына шолу жасайтын дәстүрімізге биыл да оралдық.

Тек биылдың өзінде банктің 80 мыңға жуық клиенті қуанышты күнге жетсе, оның ішінде мем­ле­кет­тік бағдарламалар аясында кезекте тұрған 10 518 адам «Отбасы банк» көмегімен үйлі болды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 1 247 қазақстандықтың баспана мә­­се­лесі шешілді. «Шаңырақ» бағ­дарламасымен – 5 989 отбасы, «Нұрлы жер» бағдарламасының арқа­сында 3 282 отбасы өз баспаналарына қол жеткізді.

Бүгінгі таңда «Отбасы банк» ұзақ­мер­зімді депозиттер нарығында бі­рінші орынға шықты. Қазір банктің 2,5 млн салымшысы қара­жат жинап жатыр. Күн сайын банк­те 2 мыңға жуық жаңа депозит ашылады. Келешекте олар алғашқы жарнаға қажетті соманы жинап, жылдық 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6% бас­тап) 11,5%-ға (ЖТСМ 11,2% бас­тап) де­йінгі мөлшерлемемен несие ала ала­ды.

Ипотека нарығында да «Отбасы банк» көш бастап тұр. Жыл қоры­тын­­ды­сына көз салатын болсақ, банк қазақстандық жалпы ипотека үле­сі­нің 67%-ын берген. Бұл ретте банк NPL-дің ең төменгі деңгейін (мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыздар) сақтап қалды, қазір ол 0,08%, ал банктер арасындағы бұл көрсеткіштің орташа деңгейі 3,68%-ға тең. Ең бастысы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне деген халықтың сенімі ұлғайған сайын банк клиенттерінің қатары мен қаржылық операциялар саны да артып келеді. Сондықтан қазір банк­тік процестердің дені толықтай цифр­ландырылып, онлайн режімге кө­шірі­ліп жатыр.

– Биыл онлайн арналар көмегімен 2,5 млн операция жасадық. Жұрттың уақытын үнемдеу үшін алдымызға үлкен мақсат қойып, 2025 жылға дейін банк ұсынатын барлық операцияны клиенттерге онлайн режімде қолжетімді етуді көздеп отырмыз. ЕДБ-ның ішінде Вlockchain жүйесін алғашқылардың бірі болып енгіздік. Аталған технологияны пайдалана отырып, банк клиенттері несиені мерзімінен бұрын өтеген жағдайда бірнеше минут ішінде кепіл шартын қашықтан тіркей алады немесе кепілде тұрған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарды алып тастай алады. Бүгінгі таңда Blockchain 500 мыңнан астам сағатты үнемдеп, «Отбасы банктің» 30 мыңға жуық клиентіне қашықтықтан сұранысқа ие қызмет­тер­ді қолдануға көмектесті, – дейді «Отбасы банк» АҚ басқарма төр­ағасы Ләззат Ибрагимова.

Жаңа технологиялар қысқа мер­зімде Жалға алу ақысын онлайн субсидиялау бағдарламасын жылдам іске қосуға көмектесті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрмені­мен «Отбасы банк» жоба операторы ретінде айқындалғаны аян. Ха­лыққа ыңғайлы болу үшін өті­ніш беру, бағдарлама шарттарына сәйкестігін тексеру, жалға берушімен келісімшарт жасау мен 50% көлеміндегі субсидия алу процестері otbasybank.kz цифрлы платформасында жүзеге асырылып жатыр. Осы порталдан адамдар баспана таңдап, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтініш жолдай алады. Банктің жеке бағдар­ла­малары аясында құрылыс салушыдан немесе екінші нарықтан ең жақсы пәтерлерді таңдап, сатып ала алады. Күн сайын платформаға шамамен 6 мың адам кіреді.

Сондай-ақ otbasybank.kz сайты арқылы онлайн-ипотекаға да өтініш беруге болады. Бұл опцияны қазірдің өзінде 1 800 адам пайдаланып үлгерген.

2022 жылдың 1 қазанынан бас­тап банк өз клиенттерінен өтемақы алуға өтініштер қабылдай бастады. Қолданушыларға ыңғайлы болу үшін бұл процесс онлайн режімде іске қосылды. 2022 жылдың 26 желтоқсанындағы жағдай бойынша, қазақстандықтардан жалпы сомасы 114 млрд теңгені құрайтын өтемақы алуға 814 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

Биыл «Отбасы банктің» сәтімен жүзеге асқан бірқатар жеке бағ­дарламасы бар десек, оның ішінде «Ұмай» әйелдер ипотекасы 1 350 қазақстандық қыз-келіншектің үй мәселесін шешіп берді.

Өтіп бара жатқан жыл өңір­лердегі жас мамандарды баспанамен қамту ісінде де серпінді болды. Жастар бағдарламаларын жүзеге асырудағы жергілікті әкімдіктер мен «Отбасы банктің» жалпы бюджеті 62,7 млрд теңгеге тең. Алматы, Астана қалаларынан бастау алған жастарды тұрғын үймен қамту бағдарламасы Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу, Абай облыстарында жалғасын тапты.

Ел тыныштығын күзеткен 2 320 адам «Әскери баспана» бағ­дар­­ламасы аясында үйлі болды.

Қарап отырсақ, биыл enpf-otbasy.kz платформасының көмегімен 487 мыңнан астам адам тұрғын үй сатып алу, ипотекалық несие төлеу мен емделуге біржолғы зей­нет­ақы төлемдерін пайдаланыпты. Сондай-ақ қазақстандықтар болашақта қолжетімді шарттармен несие алу үшін зейнетақы жи­нақ­та­рынан алуға болатын артық соманы «Отбасы банктегі» депозиттерге белсенді түрде аударып отыр. Бү­гінгі таңда бұл опцияны 170 500 азамат пайдаланған.

«Отбасы банктің» 2022 жылғы ерекше табысының бірі – Moody’s Investors Service банктің ұлттық валютадағы депозиттері бойынша ұзақмерзімді рейтингін «Baa2» деңгейінде растағаны дер едік. Рейтинг болжамы «тұрақты». Сондай-ақ Fitch Ratings «Отбасы банк­тің» ұлттық валютадағы эми­тен­­тінің ұзақмерзімді дефолт рей­тин­гі «BBB» деңгейінде екен­ді­гін дәйек­теп берді. Бұл рейтинг болжамы да «тұрақты».

Қазір «Отбасы банк» жетекшілері мәлімдеп отырған ең басты жаңалық – жаңа жылдан бастап аталған банк Қазақстанда алғаш рет «Жасыл ипотека» бағдарламасын іске қоспақ. Бұл қазақстандықтар «Жасыл стан­дарттар» бойынша салынған, энер­­гия үнемдейтін тұрғын үй ке­шен­де­рі­нен пәтер сатып алуға несие ала алады деген сөз.

«Жасыл ипотека» бойынша ал­­ғашқы жарна – 20 пайыз. Оны төлеген банк клиенттері алдын ала заем ала алады. Мұндай несие бо­йынша мөлшерлеме 12,5%-ға (ЖТСМ 13,3% бастап) тең. «Жасыл ипотека» несиесінің ең жоғары сомасы – 35 млн теңге. Кредитті тек жаңа баспана сатып алуға пайдалануға болады. Тұрғын үйді OMIR, ГОСТ Р, BREEAM немесе LEED стандарттарына сәйкестік сертификаты бар нысандардан ғана сатып алуға болады.

 

АЛМАТЫ