World Cafe интерактивті форматында өткен диалог алаңына Парламент, үкіметтік емес сектор, сондай-ақ сыртқы істер, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау, әділет, ұлттық экономика, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері сияқты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Сенат депутаты, Алматы қаласы мүгедектер ұйымдары қауымдастығының төрағасы Ләззат Қалтаева қатысушыларды құттықтап, Қазақстанда азаматтық қоғам мен мемлекет диалогінің дамуы геосаяси, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік сын-қатерлер кезеңінде жаңа дәуірге аяқ басқанын атап өтті.
«Азаматтық қоғамның сипаты, құрылымы, оның ықпал ету саласы өзгерді. Бұл өзгерістердің дамуының маңызды факторы цифрландыру, әлеуметтік желілер арқылы көптеген ақпаратқа қол жеткізу, әр адамның өзінің жеке стендін интернетте пайдалану мүмкіндігін алу, демек жеке адам мен қоғам және мемлекет арасындағы қашықтықты қысқарту. COVID-19 және пандемиямен байланысты мәжбүрлі оқшаулау, содан кейін қаңтар қасіреті адамдарға бұрын азаматтық қоғамның бөлек болған ҮЕҰ-ға жақындауға мүмкіндік берді. Бұл қолжетімділік бүкіл әлемде және біздің елде азаматтық белсенділіктің дамуына әсер етті», деді спикер.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет бүгінде мемлекеттің ҮЕҰ-мен бірге жұмыс істейтін негізгі бағыттарын, атап айтқанда, жергілікті өзін-өзі басқару мен азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасына тоқталды.
«2023 жылы азаматтық қоғаммен түрлі бастамаларды талқылау жоспарланып отыр. Маңызды ұсынымдар ескеріле отырып, оларды іске асыруға тек министрлік емес, барлық мемлекеттік органдар да тартылады», деді М.Қожахмет.
Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Йоханнес Рай «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын талқылау мен диалогтің маңыздылығына тоқталып, Германиядағы мемлекет пен жұртшылық арасындағы өзара іс-қимылды дамыту тәжірибесімен бөлісті. Ал АҚДҚ атқарушы директоры Жәмила Асанова коммерциялық емес ұйымдардың көшбасшылары мемлекеттік органдармен диалогтің жаңа тетігін қалыптастыруы қажет екенін айтты.
Диалог алаңының қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, пікірталас алаңына қатысушылар Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамытудың маңызды сұрақтарына жауап табуға тырысты. Үкіметтік емес секторды дамытуға арналған конференцияның бірқатар негізгі спикерінің баяндамаларын ұйымдастырушылар 2023 жылдың басында жарық көретін «Қазақстандағы азаматтық қоғам: ішкі көзқарас» жинағында біріктіруді жоспарлап отыр.