Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2022

Аспалы жолда қалғандар «құтқарылды»

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскеменнің іргесіндегі шаңғы базасында төтенше жағдай орын алып, турис­тердің бірі биіктегі арқан жолында қалып қойған. Шарт­ты түрде құтқарушылардың біліктіліктерін арттыру үшін оқу-жат­тығу жұмыстарында осындай тапсырма жоспарланған екен.

Аспалы жолда қалғандар «құтқарылды»

Жоспарлы шара болғанымен, аяқ асты осы іспетті шынайы оқиға орын алмасына кім кепіл?! Сондықтан да төтенше жағдайлар қызметкерлері қашан да көмек қолын созуға дайын жүруге тиіс.

Алдын ала жазылған сценарий бойынша сноуборд теуіп жүрген қос турист техникалық ақауға байланысты биіктіктегі арқан жолында тұрып қалған. Құтқарушыларға қоңырау түсе сала оқиға орнына асыққан. Жеткен соң аль­пи­нистік жабдықтардың кө­ме­гімен аспалы жолда тұрып қалған демалушыларды түсіріп алып, жылы бөлмеге жеткізген. Әлбетте, сонау биіктен екі азаматты түсіріп алу оңайға соққан жоқ.

Сонымен қатар ТЖД қыз­мет­керлері демалушыларға қыс мез­гіліндегі қауіпсіздік ережелерін үйретті. Әсіресе қар көшкініне тап болмау амалдары мен үсіп қал­маудың алғы шарттарын тү­сіндірді. Әсіресе Шығыстың қы­­сында қауіпсіздік ережелерін сақ­­­тамасқа болмайды. Оның үс­тіне күрделі маршруттармен тау кезіп, табиғат тамашалап жүретін турис­тер көп. Былтырлары бір топ демалушыларды көшкін басып қалғаны есімізде.

Жалпы, Шығыста адам өміріне қауіп төндіретіндей 325 қар көш­кіні ошақтары анықталған. Әри­не, азаматтардың қауіп­сіз­дігі үшін, автожолдарды қар алып қал­мауы үшін ТЖД құт­қару­шы­лары мен «Қазсел­ден­қорғау» ШҚ филиа­лының мамандары бір­қатар учас­келерде көшкінді ар­найы түсіреді. Қысқы маусым бас­талғалы 16 рет жасанды қар көшкінін түсіру жұмыстары жүр­гізілген.

 

Шығыс Қазақстан облысы