Оқиға • 30 Желтоқсан, 2022

«Қасіретті қаңтар»: сынақ пен сабақ

688 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Санаулы күннен кейін тарих қойнауына енетін 2022 жыл, өкінішке қарай, қаралы қаңтар оқиғасымен басталды. Қазақстан тарихын «Қасіретті қаңтарға» дейін және кейін деп екіге жарған бұл күндер мемлекет болып қайта қалыптасудың, ұлт болып қайта ұйысудың қастерлі межесін көрсетіп берді. Қаңтар қырғыны қоғамды есейтті, сананы сілкінтті. Бәрінен бұрын береке-бірлігіміздің қадірін түйсіндік. Бірақ, қан төгілді. Жазықсыз жандар зардап шекті. Қоғамдағы үлкен өзгерістің дені нақақтан төгілген қан арқылы келетіні тарихтан белгілі. Өкініштісі, бізге де осы жолдан өтуге тура келді...

«Қасіретті қаңтар»: сынақ пен сабақ

Суретті түсірген Аманқұл Дүйсенбаев

 

Өткен жылдың басында болған бұл оқиға баршамыз үшін сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Өйткені қаң­тар қырғыны бізге тыныштық пен тұрақтылықтың, бейбіт өмірдің қадірін түсіндіріп берді. Бұл күндері Қазақ елінің бірлігі ауыр сынға түссе, ауыртпа­лығын әрқайсымыз жүрекпен сезіндік. Шын мәнінде, жыл басында біз тәуел­сіздік алғалы бұрын-соңды болмаған ауыр сынақпен бетпе-бет келдік. Себебі сын сағатта ең басты қазынамыз – тәуел­сіздігіміз таласқа түсті. Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы басталған бейбіт шеру өзге өңірлерде жалғасып, халықтық дүмпуге алып келді, соңы қанды қаңтар оқиғаларына ұласты.

Ал қаңтар оқиғасының ең басты қозғаушы күші не? Себебі қандай? Қоғам әлі күнге дейін осы сұрақтарға жа­уап іздеумен келеді. Қаңтар трагедиясы кезінде алаңға шыққандардың арасында әртүрлі топ болды. Олардың қатарында таққа таласқандар да, елден қашқан олигархтар да, «бір өзгерістің басы болар» деген үміт отын жаққан бейбіт халық та бар. Расында, осы күндері көптен күткен өзгерістің шеті көрінген еді. Алайда тілекшіл қалың қарашаның үміті мен сенімін, арман-тілегін арам пиғылдылар басқа арнаға бұрып жіберді...

Қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні Алматыда бөлек әсіресе, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған, Ақтөбеде шеру соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Күш қолданылды, ғимараттар қиратылып, өртке оранды, мемлекеттің ғана емес, қарапайым халықтың жеке мүлкі тоналды, жойылды, үкімет өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетілді. Ертесі күні жағдай мүлде бақылаудан шығып кетті, дүкендер тоналды, көшеде тұрған көліктер өртелді. Қалаларда атыс белең алды. Елдегі осындай хаосты өз пайдаларына шешкісі келген, тіленіп жүрген топтар бой көрсете бастады. Кәнігі қылмыскерлер мен морадерлер, діни сектанттар тізгінді өз қолдарына алуға талпынды. Жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып дүкен, ірі са­у­да орталықтарын тіміскілеп, қолына түскенін жымқырғандар да кездесті. Әлеуметтік мәселемен басталып, арты саяси проблемаларды көтерген жаппай тәртіпсіздік салдарынан 238 адам қаза тапты, 3 мыңнан астам адам түрлі дене жарақатын алды. Қаза болғандардың 19-ы күштік құрылымдар қызметкері. Ең өкініштісі, құрбандардың қаралы тізімінде 5 қаңтар күні кешкі сағат 8-дер шамасында анасымен бірге азық-түлік дүкеніне бара жатып оққа ұшқан 12 жасар Сұлтан Қылышбек пен көліктің ішінде келе жатып маңдайына оқ тиіп мерт болған Айкөркем Мелдехан есімді қос періште де бар.

Оқиға салдарынан мың жарымнан аса нысан зардап шекті. Мемлекеттік мекемелер, әкімдіктер, құқық органдарының ғимараттарынан бөлек, дүкендер, ломбардтар, жанармай құю стансалары мен қоғамдық тамақтандыру орындары қиратылды. Мемлекетке 100 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілсе, оның ішінде бизнес нысандарына келген шығын 92 млрд теңгеге жетті.

Тәуелсіздік сынаққа түскен қаңтар қырғыны кезінде ең көп зардап шегіп, шығынға батқан қала – Алматы. Оған осы шаһарда қирап, тас-талқаны шыққан ғимараттар дәлел. «Қасіретті қаңтар» кезінде Алматыдағы бес бірдей телеарнаға шабуыл жасалғаны баршаға белгілі. Ең өкініштісі, қаңтар трагедиясы кезінде ұлттық тележурналистиканың қара шаңырағы саналатын «Qazaqstan» телеарнасының жылдар бойына жинаған мұрағаттық жазбаларының баға жетпес, түпнұсқадағы аудио-бейне қорының біраз бөлігі жойылып кетті.

Қаңтар оқиғасында құқық қорғау органдары ғимараттарына шабуылдар жасалып, 1 259 табельдік қару ұрланды, оның ішінде автоматтар, тапаншалар мен гранатометтар бар. Қазіргі таңда ұрланған қарудың небәрі 481-і табылды. Бұл барлық ұрланған қарудың үштен бірі ғана.

Жақында Бас прокуратура қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмысының аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Бір жылға жуық уақыт ішінде істің ақ-қарасы ажыратылып, нақты кінәлілерді анықтауға ерекше мән берілді. Тергеу қорытындысы бойынша осы уақытқа дейін 1249 адам сотталса, олардың дені ұрлық жасап, қару-жарақ тонаумен айналысқан, сонымен қатар жаппай тәртіпсіздікке қатысқан. Ал қаңтар қырғынының бел ортасында жүрген 160 адамға бас бостандығынан айырудың нақты мерзімі тағайындалды. Қалғандарына жеңіл жаза белгіленіп отыр.

Естеріңізде болса, 2 қарашада Пре­зидент қаңтар оқиғасына қатысу­шыларға рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Қараша айында заң күшіне енгенде осы санаттағы 1,5 мың адам рақымшылыққа ілікті. Оның ішінде соттар 9 тұлғаға қатысты қылмыстық істі тоқтатып, 991 сотталушының жаза мерзімін қысқартты. Заң қолданысқа енген сәттен бері рақымшылық актісін қолдану арқылы 94 адам қылмыстық жауаптан босатылды. Тәртіпсіздікті ұйымдастырғандарға, азаптау, экстремизм, терроризм, мемлекетке опасыздық жасағандарға амнистия қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстық ұлттық қауіпсіздік және полиция департаменттерінің бұрынғы басшыларына қатысты тергеу аяқталды. Азаптау деректері бойынша Алматы мен Талдықорған қалаларында ҰҚК мен ІІМ-нің 29 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс аяқталды. Соның ішінде 17 іс сотқа жолданды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен комитеттің өзге басшыларына қатысты іс сотқа жолданған. Олар «билікті басып алуға әрекеттенді, мемлекетке опасыздық жасады және билікті асыра пайдаланды», деп айыпталып отыр. Сондай-ақ бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектеновтің ісі де сотта қаралады.

 «Бейбіт шеру мен қарақшылардың қанды қылмысының арасын ажырата білу керек». Естеріңізде болса, бұл сөзді Алматыда қоғам өкілдерімен болған кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді. «Қасіретті қаңтар» еліміз үшін зор сынақ болды. Қасақана әрекет еткен қарақшылар тобы мемлекеттігіміздің тұғырын шайқалтуға тырысты, елдегі тұрақтылықтың тамырына балта шапқысы келді. Біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек. Ал мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа», деді Мемлекет басшысы.

Бір нәрсе анық. Қаңтар қасіреті қоғамдық құндылықтарды өзгертіп, санамызға түбегейлі төңкеріс жасады. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік кеңістігімізде көптеген мәселені қайта қарауға түрткі болды. Әсіресе құқықтық салада.

Қаңтар трагедиясынан кейін есеңгіреп, ес жиған тұста ел билігі бұл оқиға бізге үлкен сабақ болуға тиіс екенін айтты. Ал осы бір жылда не өзгерді? Қанды қырғыннан қандай сабақ алдық? Рас, қаңтар оқиғасынан кейін елімізде күрделі саяси реформа жүргізіле бастады. Бірақ халық қазір жалған ұран мен популизмге емес, нақты іс пен сөзге ғана сенім артады.

 

ТҮЙІН. Қазақстанның тәуелсіздік тарихы 1986-ның ызғарлы желтоқсанында дүр сілкінді, оянды. Тамырына қан жүгірді. Алайда қанмен келген сол тәуелсіздігіміз бен тыныштығымыз 2022-нің қанды қаңтарында қатты теңселді. «Қасіретті қаңтар» қырғыны әлі ұзақ жазылмайтын жара екені анық. Өйткені қаңтар трагедиясы кезінде алаңда төгілген қанның сұрауы болары анық.