Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда халыққа Жолдау жариялап, онда саяси реформалар пакетін жариялады. Мәселен, Президенттің өкілеттігіне қатысты алғашқы өзгеріс те осы наурыз айында айтылды. Осылайша, еліміз суперпрезиденттік модельден бас тартты.
Сенат пен Мәжіліс депутаттарының саны қайта қаралып, жоғарғы палатаның заңды қабылдау құқығы Мәжіліске берілуге тиіс екеніне назар аударылды. Ал Сенат құжатты мақұлдауы қажет. Бұдан бөлек, наурыздағы Президенттің Жолдауында сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту, құқық қорғау органдарындағы өзгерістер, азаматтық қоғамды жетілдіру секілді мәселелер көтерілді.
Наурыздағы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – еліміздің әкімшілік-аймақтық құрылымына қатысты енгізілген өзгерістер болды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынды. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет екенін атап өтті. Үшіншіден, Алматы агломерациясына қатысты түйткілдерді ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлудің маңызына тоқталды. Осылайша, бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына ауысып, шаһарға ұлтымызға еңбек сіңірген қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Президент 4 мамырда жаңа облыстарды құру туралы Жарлыққа қол қойды. Құжат 8 маусымда күшіне енді.
Сәуірде де саяси реформа заңды жалғасын тапты. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынды. Осылайша, Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум жарияланып, 5 маусымда тоғызыншы территория тағдыршешті кезеңді бастан өткерді. Референдумға халықтың 68,05 пайызы қатысып, 77,18 пайызы Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қолдады. Сөйтіп, Конституцияның 33 бабы өзгерді.
Әділетті Қазақстан құрудағы маңызды қадамның бірі – Конституциялық соттың құрылуы. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң қабылданып, омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде бекітілді. Бұдан бөлек, прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттелгенін айта кеткен абзал.
Сайлау жүйесіне де өзгерістер енгізілді. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады. Бұдан бөлек, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылыстың нақты айғағы.
Бұдан бөлек, саяси реформа аясында Президент өкілеттігі қысқартылды. Еліміздегі басты оқиғалардың бірі осы мәселеге қатысты. Қарашада Президент сайлауы өтіп, басым дауыспен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткені белгілі. Халықаралық қоғамдастық сайлауды жоғары бағалап, демократиялық жолдағы үлкен бастама деп таныды. Ата Заңға енгізілген жаңа нормаға сәйкес мемлекет тізгінін ұстаған тұлға 7 жылға сайланады. Оның үстіне бір реттен артық Президент міндетін атқара алмайды. Бұл жаңашылдықты да халықаралық қоғамдастық жылы қабылдады.
Қыркүйекте еліміз үшін маңызды екі оқиға болды. Бірі – Мемлекет басшысының дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауы, екіншісі – Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі. Бұл жолғы Жолдауда халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты көптеген ұсыныс айтылып, Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Әділетті Қазақстан құру жолындағы бағыт-бағдар айқындалды. Бұдан бөлек, «Қасіретті қаңтарға» қатысқандарға бір реттік рақымшылық жасалды. Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасаған және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгендерге қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды.
Ал күздің алғашқы айында Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары жиналды. Іргелі жиынның нәтижесінде съездің Қорытынды декларациясы жарияланды. «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» тақырыбына арналған биылғы жиынның ауқымы үлкен болды. Іс-шараға әл-Азһар университеті мен мешітінің Жоғары имамы Ахмад ат-Тайеб, Рим Папасы Франциск секілді дінбасылардың Астанаға ат басын тіреуі іс-шараның маңызын арттыра түскені анық.
Елордада әл-Азһар мешітінің Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб «Әзірет Сұлтан» мешітінде жұма намазға қатысып, уағыз айтты. Ал Рим Папасы Франциск ЭКСПО халықаралық көрме орталығының аумағында месса рәсімін өткізді. Содан кейін понтифик сөз сөйлеп, Қазақстанға әрі қарай да бауырластық пен түсіністікте өмір сүруді тілеп, өз тарихын қадірлеп-қастерлеуге шақырды.
Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – Ұлттық құрылтайдың құрылуы. Оған елімізге белгілі азаматтар енді. Атап айтқанда, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов, журналист, оппозициялық «Дат» газетінің редакторы Ермұрат Бапи секілді азаматтар Ұлттық құрылтай мүшесі атанды.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Парламент палаталары тиісті құжатты қабылдап, жаңа мереке белгіленді.
«Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», деген еді Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында.
Қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысында елорданың бұрынғы атауы қайтарылып, шаһар қайтадан Астана деп аталды. «Әділетті Қазақстан» депутаттық тобы елорданың бұрынғы атауын қайтару бойынша бастама көтеріп, Парламент палаталарының бірлескен отырысында бұл мәселе жан-жақты талқыланып, қажетті құжат қабылданды.
2022 жыл жаңа партиялар үшін де табысты болды. Қазіргі таңда елімізде тіркелген партиялар саны «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясымен толықты. Саяси партиялар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты партияларды құру тәртібі оңайлатылды. Мәселен, азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны 700 адамға дейін қысқарды. Құрылтай съезін өткізу мерзімі 3 айға дейін ұзартылды. Тіркеу шегі 5 мың партия мүшесіне дейін төмендетілді. Өңірлік өкілдіктердің ең аз саны 200 адамға дейін азайды. Партия филиалдарын (өкілдіктерін) қалыптастыру мерзімі 1 жылға дейін ұлғайтылды.
Биылғы жыл Қазақ елі үшін ауыр басталғанымен, үмітті үкілеген жыл болды деп айтуға негіз бар. Қаңтар қасіретінен кейін қабылданған саяси және экономикалық реформалар халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға жол ашып, болашаққа деген сенімді бекіте түсті. Ендеше, биылғы қабылданған реформалар елдік мәселенің шешілуіне ұйытқы болып, дамуға бастау болатынына сенім ұялатып отыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» осы сенім үдесінен шығады деген ниеттеміз.