Қоғам • 30 Желтоқсан, 2022

Алпауыттар ағылған жыл

258 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елге шетел инвестициясын тарту – Үкімет жұмысындағы негізгі басымдықтың бірі. Бұл іске әкімдер мен министрлердің үлкен жауапкершілікпен қарайтыны да сондықтан. Осы орайда Қазақстан сыртқы қолайсыз жағдайларға қарамастан шетелдік инвесторлар үшін тұрақты инвестициялық ахуал қалыптастырып келеді. Геосаяси жағдайға байланысты Ресей нарығынан жылыстаған ірі компаниялардың Қазақстанға қоныс тебуі – соның дәлелі.

Алпауыттар ағылған жыл

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан – ше­тел­дік инвестициялар ағыны бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет. Өңірдегі шетелдік инвестиция­лар­дың шамамен 70 па­йызын біздің ел иеленіп отыр. Соңғы 10 жылда Қазақстанға бағытталған инвестиция­лар ағыны жыл сайын орта есеппен 24 млрд долларды құрады. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 23,7 млрд доллар инвестиция тартылды. Ал 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында тіке­лей шетелдік ин­вестициялардың жалпы ағыны 28 па­йызға өсіп, 14,5 млрд долларға жетті. Көрсеткіш 2021 жылдың бірінші жарты­­­жыл­­дығындағы деңгейден (11,3 млрд доллар) әлдеқайда жоғары. Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары Алмас Айдаровтың мәлі­метінше, Қазақстан алдағы жеті жылда 150 млрд доллар инвестиция тартуды межелеп отыр.

– Біздің міндет – инвестиция­лар ағы­ны­ның серпінін сақтап қана қоймай, олар­дың сапасын арттыру. Ин­вес­ти­ция­лар Қа­зақ­стан эконо­ми­ка­сы­ның өн­діруші ғана емес, шикізаттық емес са­лаларына да ба­ғыт­талуға тиіс. Мәсе­лен, 2005-2010 жыл­дары барлық ше­тел­дік инвестицияның ша­­мамен 70 па­йы­зы өндіруші сектордың (негізінен мұнай-газ) үлесіне тисе, кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш өңдеу өнеркәсібіне және басқа да салаларға бағытталған ин­­вес­­тициялардың ұлғаюы есебінен 45 пайызға дейін төмендеді, – дейді А.Айдаров.

Негізгі инвестор елдердің қатарында Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания секілді мемлекеттер бар. Ал тартымды салалардың ондығына ақпарат және байланыс, құрылыс, ауыл, орман және балық шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, көлік, тау-кен өнеркәсібі кіріп отыр. Өңірлер арасында Атырау облысы инвестициялық белсенділік бойынша алдына қара салар емес. Одан кейінгі орында Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысы тұр. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл об­лыс­тарындағы жұмысты жандандыру қажет.

– Өздеріңіз білетіндей, бізде инвестиция тартудың 3 деңгейлі жүйесі жұ­мыс істейді. Онда 108 шетелдік ме­ке­меміз сыртқы периметрде жаңа ин­вес­торларды іздеуді, шетелдік инвес­торлармен тікелей байланыс орнатуды және алғашқы келіссөздерді жүргізуді қамтамасыз етеді. Биыл елшіліктер ше­тел­дегі компаниялармен 3 мыңға жуық кездесу өткізіп, олардың Қа­зақстанға 600-ден астам сапарын қамтамасыз етті. Орталық деңгейде және өңірлерде Қазақстанда жұмыс істеуге мүдделі инвесторлармен 2 700-ден астам кездесу өткізілді. Биылғы сын-қатерлерді ескере отырып, инвесторлар мен мемлекеттің тығыз әрі ашық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін диалог алаңдары белсенді режімде жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында 30 әлемдік трансұлттық компания мен халықаралық қаржы ұйымы басшыларының қатысуымен 4 кездесу өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, – дейді Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары.

Президент тапсырмасына сәйкес биыл Қазақстанда іске асырылып жатқан ин­вес­ти­циялық жобалардың жалпы­ұлт­тық пулы қалыптастырылды. Пул әлемнің 30-дан астам елінен тартылған 32 трлн теңгеге 935 жобаны жүзеге асыруды және шамамен 130 мың жұмыс орнын құруды көздейді.

Сондай-ақ Үкімет Ресей мен Беларусь елінде қызметін тоқтатқан ірі өнер­кә­сіптік кәсіпорындар мен халықаралық корпорацияларды Қазақстанға көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізді. 62 компания бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді: 21-і релокацияланды, 13-і пысықталуда, тағы 28-імен белсенді келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Атап айтқанда, Honeywell (АҚШ) компаниясы Атырауда газ талдауыштарды, ал Алматыда басқару шкафтарын шығара бастады. Алдағы уақытта есептегіштер мен электр құрылғыларының өндірісін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Петропавлға Ural Motorcycles (Ресей/АҚШ) ауыр арбалы мотоциклдер өндірісі көшірілді. Weir Minerals (Ұлыбритания) Алматыда сорғы жабдықтарын, гидроциклондар, бекіту арматурасын құрастыру және қалпына келтіру жөніндегі өндіріс­тік орталығын ашты. Қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы автомобиль шығаратын Great Wall Motors (Қытай) зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сондай-ақ нидерландтық Kop­pert компаниясы биотыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау зауытын, ал не­міс­тің Knauff компаниясы гипсокартон өндіретін кәсіпорын ашуды жос­парлап отыр.