Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Банк
Қаңтардағы зобалаңның эпицентрі Алматы болғаны белгілі. Дүрбелең салдарынан мегаполистегі үш бірдей банктің банкоматы зардап шекті. Halyk Bank, Kaspi Bank және ForteBank-ке тиесілі 12 мың банкоматқа 2 млрд теңге көлемінде залал келді.
Іле Украинада соғыс басталды. Батыс Ресей экономикасы мен банк жүйесіне байланысты санкциялар пакетін жариялады. Соның бірі – банк саласына қатысты. РФ-ның банк жүйесі халықаралық SWIFT жүйесінен ажыратылып, банктеріне санкция салынып, активтері бұғатталды. Ресейдің бірнеше еншілес банкінің Қазақстанда да жұмыс істейтіні белгілі. Ауыр санкциядан соң «Сбербанк» жұмысы бұзылып, кейінірек оны «Бәйтерек» холдингі сатып алып, атауы Bereke Bank болып өзгерді. Санкция тұзағына іліккен «Альфа-Банкті» қазақстандық «Банк ЦентрКредит» сатып алып, әуелі Eco Center Bank деп атап, кейін біржола жұтып алды. Ал ВТБ (Қазақстан) Банк Ресейдегі аналық банкінің қосымша капиталдандыруы есебінен жұмысын жалғастырып жатыр.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді.
Moody's, S&P және Fitch халықаралық агенттіктерінің бағалауы негізінде активтер көлемі бойынша екінші деңгейлі банктер рейтингі былай түзіледі.
- Отбасы банк
- Halyk Bank
- Kaspi.kz
- Forte Bank
- Банк ЦентрКредит
- Jusan Bank
- Eurasian Bank
- Bank RBK
- Citibank
- Bereke Bank
Ірі банктердің қарыз портфеліндегі төленбегеніне 90 күннен асқан (NPL 90+) берешек үлесі:
- Отбасы банк – 0,1 пайыз
- Halyk Bank – 2,3 пайыз
- Банк ЦентрКредит – 2,9 пайыз
- Bank RBK – 3,2 пайыз
- Екінші деңгейлі банктер – 3,7 пайыз
- Forte Bank – 4,7 пайыз
- Kaspi.kz – 4,9 пайыз
- Home Credit Bank – 5,9 пайыз
- Eurasian Bank – 6,6 пайыз
- Bereke Bank – 9,0 пайыз
- Jusan Bank – 11,8 пайыз
Инфляция
Инфляция қаңтарда 8,5 пайыз болса, жыл соңында 19,6 пайызға жетті. Жылдың соңғы күндерінде тіпті 21 пайыздан да асып кетуі ықтимал. Инфляцияны тежеу үшін Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 4 мәрте көтерді. Соңғы рет 5 желтоқсанда базалық ставка 10,25-тен 16,75 пайызға жоғарылады.
Ұлттық банк логикасы бойынша, базалық мөлшерлеменің көтерілуі банк несиесін қымбат етеді. Несиенің қымбаттауына байланысты азаматтардың несие рәсімдеуі азаяды. Сәйкесінше, адамдарда ақша азайған соң нарықтағы тауарларға деген сұраныс та төмендейді. Тауарлар мен қызметтерге деген сұраныстың төмендеуіне орай баға да төмендей бастайды.
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, инфляцияның өсуіне әсер етіп отырған негізгі факторлар – сыртқы инфляциялық қысымның артуы, тауарларды логистикалық жеткізу жолдарын қайта құру, рекордтық инфляциялық күтулер, сұранысты фискалдық ынталандыру және кредит берудің ұлғаюы.
Инфляцияның жеделдеуіне 24,1 пайызға дейін өскен азық-түлік бағасы үлкен үлес қосып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляция – 18,6, ақылы қызмет көрсету бағасы 14,1 пайызға өсті. Пірматов қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылы инфляция деңгейі 11-13 пайызға төмендейді деп болжайды.
Ғ.Пірматовтың айтуынша, 2022 жылы болған күтпеген жайсыз өзгерістерге қарамастан Ұлттық банк айтулы нәтижелерге де қол жеткізді. Бас банкир айтқан негізгі жетістіктер:
- Ұлттық банк қабылдаған жедел шаралар қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді.
- Биылғы қазан айында депозиттер ең жоғары тарихи деңгейге, яғни 30,0 трлн теңгеге дейін жетіп, теңгедегі активтерге деген сенім артты.
- Валюта нарығының теңгерімділігі қамтамасыз етілді.
- Дамушы нарықтардан капиталдың айтарлықтай әкетілуіне қарамастан Ұлттық банктің басқаруындағы активтердің ұзақмерзімді кірістілігі оң аймақта сақталып тұр.
- Халықтың бөлшек төлемдеріне қызмет көрсету үшін Ұлттық төлем жүйесі іске қосылып, нақты қатысушылармен цифрлық теңгенің технологиялық платформасы тестілеуден сәтті өтті.
Экономикаға несие өсті
Жыл басынан бері екінші деңгейлі банктердің экономикаға несие беру үлесі 25 пайызға артты. Жалпы алғанда, – 21,5 трлн теңге берілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 24,9 пайызға жоғары көрсеткіш. Соның ішінде, ипотекалық несие 47,1 пайызға, 4,4 трлн теңгеге өсті. Тұтынушылық несие – оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген несие көлемі бір жыл ішінде 25,2 пайызға, 7,3 трлн теңгеге, шағын бизнеске берілген несие 31,4 пайызға, 4,3 трлн теңгеге көбейген.
Ел экономикасына берілген несиелердің ішінде өтелмеген берешек үлесі небәрі 3 пайызды құрайды: 2011-2014 (20 пайыздан астам), 2019 (6,85 пайыз) және 2020 (3,6 пайыз болған) жылдармен салыстырғанда әжептәуір ілгерілеу байқалады. Жұмыс істемей тұрған займ көлемінің азаюы несие портфелінің жақсара түсуіне әсер етпек.
Несие берумен қатар депозит тарту да белсенді өсіп келеді. Қазан айындағы көрсеткіш бойынша, екінші деңгейлі банктерде жинақталған салым көлемі 26,6 трлн теңгеге жетті. Былтырдың дәл осы кезеңімен (қаңтар-қазан) салыстырғанда 16,8 пайызға артық. Қазақстандық банктердің дағдарысқа қарсы иммунитеті қалыптасып, орнықтылығы беки түскенін халықаралық агенттіктердің рейтинг бағалауы да растайды.
Қаржы секторы үшін қажет заң
Биыл қаржы секторында лайықты өзгерістер көп болды, соның сөлді-нәрлісі – жеке тұлға банкроттығы туралы заң жобасының дайындалуы. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, ел бойынша 1,4 млн адамның 90 күннен асып төленбеген берешегі 1 449 млрд теңгеге жеткен.
«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасының 3 нұсқасы бар: Соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Әрқайсысының ерекшелігі мен талаптары жайлы бұған дейінгі материалдарда егжей-тегжейлі жаздық. Сондықтан қайталап жатпаймыз. Ал жаңа заң 2023 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа берілуі мүмкін.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Стрестік активтер азаяды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, 2017-2021 жылдар аралығында екінші деңгейлі банктерде 6,7 трлн теңге стрестік активтер қалыптасты. 2022 жылдың басындағы жағдай бойынша, стрестік актив мөлшері – 2,3 трлн теңге немесе бүкіл банк жүйесінің 6 пайызы. Стрестік активтер дегеніміз – төленбегеніне 90 күннен асқан; қайта құрылымдалған; клиенттерден тәркіленген мүліктер; банктердің еншілес ұйымдарының активтері. 2023 жылдан бастап заңды тұлғаларға тиесілі стрестік активтерді жеке инвесторлар да сатып ала бастайды. Бұл стрестік актив көлемінің азайып, экономикаға қайта оралуына көмектеспек.
2022 жылғы 4 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Стрестік активтер нарығын дамыту жөніндегі заң) қол қойды, ол 2022 жылғы 4 қыркүйекте қолданысқа енгізілді. Бұл Заң – агенттіктің банк жүйесіндегі стрестік активтер деңгейін төмендетуге бағытталған жұмысының қисынды жалғасы.
Қазіргі уақытта 13 банк 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі кезеңге арналған стрестік активтерді 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге дейін төмендету жөніндегі жеке қадағалау жоспарларын іске асыруда. Банктер бұл жоспарды мерзімінен бұрын орындауда. Бүгінгі таңда жоспар 60%-ға орындалған.