Руханият • 30 Желтоқсан, 2022

Қасірет жылнамасы

332 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әсілі, жазушыға қажет қасиеттердің қандай және қанша боларын ешкім де дәл сипаттап, тізіп бере алмас. Әрине, таланты мейлінше тұнық, қиялы барынша ұшқыр болған сайын, жазушының да қаламы жүрдек бола түспек. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұрысбек Сәукетаевтың «Желқайық» романын оқып отырып, авторда терең түйсік, астарлы юмор, асқан суретшілік, байыпты әңгімешілдік бар екенін анық аңғардық. Осының бәрін жалғыз қаламмен жусатып-өргізіп, таңдап алған тақырыбының өзегін ашуда қалауынша пайдаланады. Жазушы шеберлігіне сүйсінесің, ал жазылған шығарманы оқып күрсінесің.

Қасірет жылнамасы

«Желқайық» – оқиғасы негізінен өткен ғасырдың 80-90-жылдарында өр­битін, бірақ тұтас дәуірдің жүгін арқа­лаған терең тыныс­ты туынды. Басты кейіп­кер Бақтияр мен Зухра болғанымен, бас­қа кейіпкерлерді де қосалқы деп айтуға ауыз бармайды. Шешесі АЛЖИР азабын тартып, өзі ана махаббатынан ада болып өскен Мотя тәтейдің де, бір сәт жаза басамын деп бүкіл өмірі басқа арнаға түсіп сала берген Сығанның да, бүр жарған алапат сезімнің соңы аянышты тағдырға ұласқан Тұрар мен Розаның да, итжекеннің азабын тартқан, соғыстың қасіретін шеккен Шәуәлидің де, жалғыз ұлы жатқа қарап ұлып, өз үйінде өзі күңге айналған Айша әженің де тағдыры Аман­баевтың тамағына батқан Ханым мысықтың тырнағындай көңіліңді тырналап өтеді. Автор бірнеше параллель сюжет тартып, өмір ағысында өз жолын табуға талпынған әр адамды біртіндеп Бақтиярдың жанына жинайды.

Тұтас романның уақиға желісі Бақ­тияр – профессор Ахметов – профессор Аманбаев үшта­ғаны бойымен жылжып отырып, кеңес одағы орнатқан кер заманның бүкіл шын­дығын бір туындыға сыйдырып кеп жіберген.

Күштінің арты диірмен тартып, әлсіздің әр кез әділетсіздіктің құрбаны болатыны айра-жайра ашылады. Бақтияр – талантты, ұстамды, білімді жас. Өз принципі, өзіне сай ер мінезі бар. Бірақ буат-буат ақша мен көңілдегі құйын-перен өкінішті басар ащы судың алдында тым-тым әлсіз. Сау кезінде ғана Қосымхан сияқтыларға жиіркене қарап, таңдайы шыланса болды Қосымхандарды қостап жүре бергенін өзі де аңғармай қалады. Әрі онысын ақтауға да себеп тауып ала береді. Жалпы, жазушы сахнаға алып шыққан қай кейіпкердің де (профессор Ахметовтен басқасы) ұлы өкініші, түзеле қоймас қатесі бар. Бірақ солардың барлығында да өз-өздерін ақтап алмаққа себеп көп. Сол арқылы автор мәселе адамда емес, мәселе заман салған ылаңда дегенді меңзейтін секілді.

Өткен ғасырдың 20-жылдарынан бері қазақтың басынан нәубет пен зобалаң арылған емес. НКВД профессор Ахметовтің атасын ұстап әкетіп, алты жасар Мүсілім аман қалады. Жалғыз жүріп жетіледі. Өмір­дегі жолы даңғыл болып, адалдықты ту еткен азамат әйгілі ғалым болады, айналасын мойындатады. Сөйтіп жүріп Бақтияр секілді турашыл, білімді жігіттерді ізінен ертеді. Бірақ мойнын қиып түсуге шақ тұрған 30-жылдардың қайшысы араға жылдар салып бұ­ған қайта айналып келеді. Бұл жолы НКВД емес, соның әлдеқайда мәдиенетті, салауат­ты үлгісі Аманбаев болып жанын алады...

Кеңес одағының қазаққа қасіреттен өзге тарту еткен сыбағасы аз. Иә, әде­бие­тіміз дамыды, мәдениетіміз өрге жүзді. Азды-көпті зиялылар шоғы­ры қа­­лыптасты. Бірақ басымызда бұ­ғау болмағанда бұдан да еркін, бұдан да батыл ел болар едік қой. Ке­ңес заманы қылмыстың заманы болды, әдебиет пен ғылымда біреудің еңбе­гін пайдалануы, бірінің үстінен бірі до­малақ арыз жөнелтуі, ұлдың шешені керек етпей, әзәзілдің арбауына түсуі, Бақтиярлардың жайлы пәтерге қолы жетпей сандалуы, білімі бола тұра биікке көтеріле алмауы, оның есесіне Қосым­хан, Аманбаев сияқты шала сауатты, надан көкіректердің алға шығуы – 70 жылға со­зылған кезеңнің біз үшін қаншалықты тра­гедияға толы болғанын шым-шымдап аңғартады.

Жазушы ел аузында жүрген әзілдер мен аңызға бергісіз мысалдарды да сәтті пайдаланып, орайына қарай сюжет арасына сыналап енгізеді. Әрі онысы сәтті шыққан. Қай-қайсысы да май үстіне май жаққандай жүрегіңді кілкітпей, орайымен, орнымен тәмам болып отырады. Бәлкім ерекшелік, бәлкім жалпы сюжеттің сорабы солай – он сегіз тараудың әрбіріндегі бөлімнің қайсысын болсын жеке-дара оқысаңыз да дербес бір әңгіме не хикаятқа бас қойғандай күй кештіретіні. Әрқайсысы өз алдына бір шығарма. Соның бәрі тұтаса келіп ұзыннан ұзақ желі тартып жатқан тұтас «үлкен әңгіменің» негізін құрап жатыр.

Мұндағы уақиға мен өмірлік мысалдар – қазір де біздің көз алдымыздан өтіп жататын таныс жағдаяттар. «Желқайықтағы» ащы шындықтың уыты әлі тарқап біткен жоқ.