фото: ktf.kz
Қазақстан теннис федерациясы хабарлағандай, бүгін еліміздің бірінші ракеткасы, команда капитаны Александр Бублик кортқа шығады. Ол Швейцарияның аса тәжірибелі ойыншысы Стэн Вавринкамен сынға түседі. Ойын шамамен Астана уақытымен 13.30-да басталады. Жібек Құламбаева әлемнің 35-ракеткасы Жиль Тайхманмен шеберлік байқасады. Ең соңғы бәсеке – аралас жұпта Александр Бублик пен Юлия Путинцева Стэн Вавринка – Белинда Бенчичпен ойнайды.
Жарыстың бірінші күні қазақстандықтар үшін сәтсіз болды. Юлия Путинцева әлемнің 13-ракеткасы, Токио олимпиадасының чемпионы Белинда Бенчичке есе жіберді – 6:7(0:7), 3:6. Бірінші сетте қазақстандық теннисші 4:2 есебімен алда тұрды. Есеп 5:4 болған мезетте де екі сет-пойнтты пайдалана алмады. Екінші партияда да 2:0 есебімен алға шыққанымен, жеңіліс тапты.
Тимофей Скатов әлемнің 56-ракеткасы Марк-Андре Хуслерге тартысты матчта жол берді – 6:4, 3:6, 3:6.
Осылайша, Швейцария 2:0 есебімен алда тұр.