...Осыдан 180 жыл бұрын, яғни 1843 жылы:
– Зар заман поэзиясының көрнекті өкілі Мұрат Мөңкеұлы дүниеге келді;
– Ақын, композитор Ақан сері Қорамсаұлы дүниеге келді.
...Осыдан 160 жыл бұрын, яғни 1863 жылы:
– 16 шілдеде Ақмола қаласы аймақтық қала болып ресми түрде бекітілді;
– 1 қыркүйекте Қазалы үйезінде тұңғыш қазақ мектебі ашылды.
...Осыдан 150 жыл бұрын, яғни 1873 жылы:
– 12 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан өңірінде Алаш қайраткері, ағартушы-педагог Отыншы Әлжанұлы дүниеге келді;
– 3 сәуірде Торғай өлкесінде халық батыры Амангелді Иманов дүниеге келді.
– 20 сәуірде Батыс Қазақстан облысындағы бұрынғы Ішкі Ордада республикадағы дәріхана жүйесінің негізін қалаушылардың бірі Мәжит Шомбалов дүниеге келді;
...Осыдан 140 жыл бұрын, яғни 1883 жылы:
– 24 сәуірде қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданында Алаш қайраткері, ғалым Халел Досмұхамедұлы дүниеге келді;
– Торғай қаласында тұңғыш қолөнер мектебі ашылды;
– Семей облыстық кітапханасы мен өлкетану мұражайы құрылды.
...Осыдан 130 жыл бұрын, яғни 1893 жылы:
– дат ғалымы ВильгельмТомсен көне түркі жазуын оқудың кілтін тапты;
– 11 наурызда Алаш қайраткері, публицист Шамғали Харесұлы Сарыбаев дүниеге келді;
– Қазақстанда тұңғыш теміржол құрылысы басталды;
– 25 сәуірде актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалибек Қуанышбаев дүниеге келді;
– 25 маусымда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында ақын Мағжан Жұмабайұлы дүниеге келді;
– 28 қазанда қазіргі Көкшетау облысының Уәлиханов ауданында ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы дүниеге келді.
...Осыдан 120 жыл бұрын, яғни 1903 жылы:
– 15 наурызда Іле алқабының Күнес өңірінде ақын, Шыңжаң қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Таңжарық Жолдыұлы дүние есігін ашты;
– 23 қыркүйекте Семей қаласында мұғалімдер семинариясы ашылды;
– 27 желтоқсанда қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында көрнекті тілтанушы-ғалым Сәрсен Аманжолов дүниеге келді;
– Түркістанға алғаш теміржол келіп, вокзал салынды;
– Қостанай облысының Жаркешу ауылында Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбеков дүниеге келді;
– «Россия. Толық географиялық жазбалар» энциклопедиясының 18-томы тұтастай қазақ өлкесіне арналды;
– Молданияз Бекимовтің аудармасымен Пушкиннің «Капитан қызы» романы қазақ тілінде шықты.
...Осыдан 110 жыл бұрын, яғни 1913 жылы:
– 2 ақпанда Орынбор қаласында Алаш көсемдері Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының ұйымдастыруымен тұңғыш жалпыұлттық басылым – «Қазақ» газеті жарық көрді;
– 13 наурызда қазіргі Жетісу облысы Сарқан ауданының Қарашаған ауылында композитор, Қазақ КСР Мемлекеттік әнұраны авторларының бірі Мұқан Төлебаев дүниеге келді;
– Семей қаласында алғаш футбол командалары құрылып, солардың бірі – «Жарыстың» құрамында болашақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезов доп тепті;
– 30 сәуірде қазіргі Қарағанды облысының Бұқаржырау ауданында Қазақстанның Халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов дүниеге келді;
– Еуропа, Азия және Африка елдерін «Николай Степнов» деген бүркеншек атпен аралап шыққан саяхатшы, кейіннен – кеңестік мемлекет және қоғам қайраткері Әліби Жангелдин Қазақ даласына қайтып оралды;
– Ағартушы-педагог Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы басылып шықты;
– Ақын Мағжан Жұмабайұлының «Шолпан» жыр жинағы баспа жүзін көрді;
– Қазіргі Атырау облысының Мақат өңірінен мұнай көзі табылды;
– Форт-Александровскіде радиотелеграфтық желі пайда болды;
– 5 желтоқсанда қазіргі Абай облысының Абай ауданында жазушы Жекен Жұмаханов туды;
– 15 желтоқсан күні Кереку қаласында Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қалижан Нұрғожаұлы Бекхожин дүниеге келді;
– Меценат-кәсіпкер Есенқұл Маманов қазақ романына бәйге жариялады;
– Қазіргі Қазақстан жерінде 19,6 миллион уақ мал болды;
– Ресейде Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына орай Верныйда (Алматыда) ауылшаруашылық көрмесі ұйымдастырылып, салтанатқа қазақ даласының белгілі ақын-жыршылары шақырылды.
...Осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1923 жылы:
– 1 қаңтарда Жетісу облысының Қаратал ауданында Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римова дүниеге келді;
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы аталып өтті;
– Ташкент қаласында Сұлтанбек Қожановтың алғысөзімен Мағжан Жұмабайұлының өлеңдер жинағы жарық көрді;
– 19 ақпанда РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі құрылды;
– 10 наурыз күні Тараз қаласында кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты («Қыз Жібек» фильмі үшін) Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы Қожықов дүниеге келді;
– Ақтөбе қаласында Қазақстандағы тұңғыш жинақ кассасы ашылды;
– 22 сәуірде Кейкі батырды қызыләскерлер айуандықпен өлтірді;
– 9 мамырда қазіргі Абай облысының Аягөз ауданында Қазақстанның Халық әртісі, профессор Бекен Жылысбаев туды;
– Ташкент қаласында «Сана» журналы жарық көрді;
– 3 маусымда Қарағанды облысының Нұра ауданында кинорежиссер, қазақ мультипликациялық фильмдерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әмен Әбжанұлы Қайдаров дүниеге келді;
– 2 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында Социалистік Еңбек Ері, қоғам қайраткері Бошай Кітапбаев дүниеге келді;
– Мәскеуде «Күншығыс» баспасы жанынан «Темірқазық» журналы (шығарушысы Н.Төреқұлов) жарық көрді;
– 2 қазанда Жетісу облысының Қаратал ауданында жазушы Кемел Тоқаев дүниеге келді;
– 25 қазанда Ақтөбе облысының Шалқар ауданында жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тахауи Ахтанов дүниеге келді;
– Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қазақ тіліндегі тұңғыш «Алгебра» оқулығын жазды;
– 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданы Маралды ауылында ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев туды;
– саяхатшы-ғалым, ойшыл Николай Рерих Орталық Азия экспедициясы барысында қазақ жерімен жүріп өтті;
– 22 қарашада Қазақ АКСР ОАК-нің «Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді енгізу туралы» декретіне қол қойылды;
– 7 желтоқсанда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында жазушы Өтебай Қанахин дүниеге келді.
...Осыдан 90 жыл бұрын, яғни 1933 жылы:
– 19 қаңтарда Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында балалар ақыны Нұрхан Жанаев туды;
– Ашаршылық нәтижесінде Қазақстандағы 40,5 млн бас малдан 4,5 млн ғана қалды;
– 16 ақпанда Павлодар облысының Май ауданында ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Жабайхан Мүбаракұлы Әбділдин дүниеге келді;
– Наурыз пленумында Голощекин Қазөлкекомның бірінші хатшылығынан алынды, республика басшылығына Л.Мирзоян келді;
– 9 мамырда Алматы облысының Жамбыл ауданында жазушы, журналист Сейдахмет Бердіқұлов дүниеге келді;
– 8 қыркүйекте Қазақстан өлкелік партия комитеті секретариатының шешімі бойынша ұлттық опера және балет театрын құру, симфониялық және ұлттық оркестр ұйымдастыру, республикада театр жүйесін кеңейту, кәсіби мамандарын даярлау көзделді;
– 9 қыркүйекте Алматы қаласында жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әкім Тарази дүниеге келді;
– 25 қазанда Ақмола облысының Ерейментау ауданында жазушы Амантай Сатаев дүниеге келді;
– Қазақ гидрометеорология басқармасы ұйымдастырылды;
– Қазақ көркем әдебиет баспасы құрылды;
– 16 желтоқсанда Алаш ардақтысы, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов дүниеден озды.
...Осыдан 80 жыл бұрын, яғни 1943 жылы:
– 1 қаңтарда Жамбыл облысының Меркі кентінде мәдениеттанушы-ғалым, Төтенше және өкілетті елші Мұрат Мұхтарұлы Әуезов туды;
– Қазақ КСР тұңғыш Мемлекеттік әнұранына байқау жарияланды;
– Ақпан айында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты іске қосылды;
– 24 наурызда Жамбыл облысының Талас ауданында ақын, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбек дүниеге келді;
– мамыр айында Қазақ металлургиялық зауытының құрылысы басталды;
– 31 наурызда ұшқыш Нұркен Әбдіровке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді;
– Қазақ топырақтану-ботаника, зоология және тропиктік аурулар институттары құрылды;
– 15 қыркүйекте механизатор, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева дүниеге келді;
– 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында жазушы Оралхан Бөкей дүниеге келді;
– ақтөбелік Шығанақ Берсиев әр гектардан 201 центнер өнім алып, тары өсіруден дүние жүзілік рекорд жасады;
– Е.Бекмахановтың қатысуымен «Қазақ КСР тарихы. Ерте заманнан бүгінге дейін» академиялық зерттеуі жарық көрді;
– 16 қазанда Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова майдан даласында қаһармандықпен қаза тапты;
– 31 қазанда қарашай халқы Сібір мен Қазақстанға жер аударыла бастады;
– 5 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында жазушы, аудармашы Құрманғазы Қараманұлы дүниеге келді;
– 23 желтоқсанда Ақмола облысының Астрахан ауданында жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова дүниеге келді.
...Осыдан 70 жыл бұрын, яғни 1953 жылы:
– 9 ақпанда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев дүниеге келді;
– 23 ақпанда ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков туды;
– Е.Дзиганның режиссерлігімен «Жамбыл» фильмі жарыққа шықты;
– 3 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кенжеғали Тұрсынбекұлы Мыржықбай дүниеге келді;
– Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Бухарест қаласында өткен жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежүзілік фестивалінің жеңімпазы атанып, алтын медаль иемденді;
– 15 мамырда Қызылорда облысының Шиелі ауданында жазушы Серік Байхонов дүниеге келді;
– Айша Бибі кесенесін Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының экспедициясы зерттеді;
– 17 мамырда Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дүниеге келді;
– Оңтүстік Сібір магистралінің негізгі буынының бірі болып саналатын Ақмола (Астана) – Павлодар (546 км) жолы салынды;
– 12 тамызда Семей полигонында тұңғыш рет термоядролық қондырғы сынақтан өтті;
– Республикада құланды жерсіндіру жұмысы басталды;
– Қазақстанның мектеп-интернаттарында 40 мыңдай бала оқыды.
...Осыдан 60 жыл бұрын, яғни 1963 жылы:
– 8-9 қаңтарда Қазақстан Кинематографистер одағының бірінші құрылтай сиезі болды;
– Абдолла Қарсақбаевтың режиссерлігімен «Менің атым – Қожа» көркем фильмі жарыққа шықты;
– Ақтау қала мәртебесін иеленді;
– мырыш-қорғасынды «Шалқия» кен орны ашылды;
– 7 шілдеде Алматы облысындағы Есік көлінде табиғи апат болды;
– 19 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР-і мен Өзбекстан КСР-інің шекарасына кейбір өзгерістер енгізу жөніндегі» Жарлығы шықты;
– Мәскеуде оқитын қазақ жастарының «Жас тұлпар» ұйымы құрылды;
– Алматының «Қайрат» командасы КСРО-ның XXII Кубогінің жартылай финалына шығып, қазақстандық клубтардың аталған турнирдегі ең жоғарғы көрсеткішіне қол жеткізді;
– Республиканың Жоғарғы Кеңесіне 473 депутат сайланды;
– Жезқазғанда екінші кен байыту фабрикасы іске қосылды;
– Карл Маркстің «Капитал» еңбегінің 1-томы қазақ тілінде жарық көрді;
– Қапшағай ГЭС-інің құрылысы қолға алынды;
– 20 қазанда Ақмола облысының Атбасар қаласында зілтемір көтеруден Олимпиада чемпионы Анатолий Храпатый дүниеге келді;
– 24 қазанда «Байқоңыр» ғарыш айлағы шахталарының бірінде өрт болып, жеті әскери сынақшының өмірін жалмады;
– 18 қарашада қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында грек-рим күресінен КСРО, Азия, Еуропа және әлем чемпионы, Олимпия ойындарының жүлдегері, балуан Дәулет Тұрлыханов дүниеге келді;
– 28 қарашада Алматыда М.Әуезовтің мұражай-үйі ашылды.
...Осыдан 50 жыл бұрын, яғни 1973 жылы:
– 20 наурызда Маңғыстау, Жезқазған облыстары құрылды;
– 13 сәуірде бұрынғы Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің бірінші саны жарыққа шықты;
– 15 шілдеде Медеу шатқалында сел тасқыны болды;
– 16 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл кентінде велошабандоз, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров дүниеге келді;
– Қазақстан футбол жастар құрамасы Бүкілодақтық «Переправа» турнирінің күміс жүлдегері атанды;
– Қазақстан картасында Сәтбаев қаласы пайда болды;
– Алматыда Азия мен Африка елдері жазушыларының 5-конференциясы өтті;
– Жаңаөзен қаласында табиғи және ілеспе газ өңдеумен, газ конденсатын сұйылтатын және құрғақ газ, газ бензинін алумен айналысатын Қазақ газ өңдеу зауыты іске қосылды;
– Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайы ашылды;
– Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының археологиялық мұражайы құрылды.
...Осыдан 40 жыл бұрын, яғни 1983 жылы:
– 14 наурызда Тараз қаласында бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев дүниеге келді;
– «Қазақ ССР тарихы» кітабы 5 том болып жарыққа шықты;
– 25 тамызда Қазақ КССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері» атты Жарлық қабылдады;
– 5 қазанда көрнекті жазушы, «Көшпенділер» трилогиясының авторы Ілияс Есенберлин дүниеден қайтты;
– 16 қарашада Қарағанды облысының Абай қаласында бокстан әлем және Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев дүниеге келді;
– Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының географиялық секторы негізінде География институты ұйымдастырылды;
– Алматыда республикалық Оқушылар сарайы салынды;
– Алматыда Қазақстан шығармашыл жастарының «Жігер» фестивалі болып өтті;
– Қазақ телевизиясы толығымен түрлі-түсті форматқа көшті.
...Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1993 жылы:
– 4 қаңтарда Ташкентте Орта Азия мемлекет басшыларының кездесуі барысында тараптар «Аралды қорғау» халықаралық қорын құру туралы шешім қабылдады;
– 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы уәкілетті өкілдігін (елшілік) ашу туралы, Қазақстан Республикасының Федеративті Германия Республикасындағы, Француз Республикасындағы, Иран Ислам Республикасындағы, Әзербайжан Республикасындағы, Армения Республикасындағы, Беларусь Республикасындағы, Грузия Республикасындағы, Қырғызстан Республикасындағы, Түрікменстандағы, Өзбекстан Республикасындағы, Украинадағы елшіліктерін ашу туралы жарлықтарға қол қойылды;
– 13 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Заң қабылданды;
– 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды;
– 22 қаңтарда Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы мемлекеттік мәртебесінен айырылды;
– 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды;
– 8 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды;
– 25 наурызда Қазақстан Республикасы Еуропалық Даму және Қайта кұру банкіне мүшелікке кірді;
– 2 сәуірде «Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерін құру туралы» жарлыққа қол қойылды;
– 14 сәуірде Қазақстан Республикасының Венгрия Республикасындағы, Бельгия Корольдігіндегі, Египет Араб Республикасындағы елшіліктерін ашу туралы жарлықтарға қол қойылды;
– 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы шықты;
– 15 сәуірде «Иран Ислам Республикасынан және басқа мемлекеттерден отандастарымызды көшіріп алуды ұйымдастыру шаралары және иммиграция квотасы туралы» қаулыға қол қойылды;
– Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Ядролық қаруды таратпау туралы Келісімге қосылу туралы» қаулы қабылдады;
– «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің теңге сарайы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды;
– Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болды;
– «Кәсіптік одақтар туралы» заң қабылданды;
– Қазақстан Халықаралық Олимпиада комитетіне мүше болды;
– 18 қазанда «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шықты;
– 5 қарашада «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды;
– 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлық шықты;
– 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді;
– 13 желтоқсанда республика Жоғарғы Кеңесі өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады;
– 21 желтоқсанда «Алтын Жұлдыз» белгісі, «Халық каһарманы» атағы, ордендер мен медальдар және басқа да республикалық мемлекеттік наградалар бекітілді.
...Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2003 жылы:
– Қазақстанда Ресей жылы жарияланды;
– 23 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндердің бірінші Құрылтайының ашылу салтанаты болды;
– Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы Ұлттық қорғаныс университеті болып қайта құрылды;
– ЮНЕСКО Әлемдік мұра Комитетінің 27-ші сессиясында Қазақстан территориясында орналасқан нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арнайы тізімге енгізілді;
– «Ұлттық инновациялық қор» АҚ құрылды;
– 17 желтоқсанда «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды.
...Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2013 жылы:
– 23 қаңтарда Қазақстан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру туралы шешім қабылданып, ол 22 тамыздан бастап жұмысқа кірісті;
– 29 қаңтарда SCAT әуе компаниясының Көкшетау – Алматы бағытындағы «Chellenger-200» ұшағы Алматы әуежайының маңында апатқа ұшырап, 16 адам қаза тапты. Жалпыұлттық аза күні жарияланды;
– 2 сәуірде Үкімет әйелдердің зейнеткерлік жасын көтеру туралы заң жобасын мақұлдап, бұл ел ішінде наразылық тудырды;
– 21 маусымда «Астана Опера» опера және балет театры «Біржан-Сара» операсымен шымылдығын ашты;
– 1 шілде күні Қазақстанда автокөліктерге қатысты Евро-4 стандарты енгізілді;
– 1 шілдеде тұңғыш мемлекеттік спорт телеарнасы – KAZsport жұмысын бастады;
– 2 шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағында «Протон-М» ракета тасымалдағышы көкке көтеріле бастаған бетте жерге құлап түсті;
– 9 қыркүйекте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды;
– 11 қыркүйек күні Қашаған кен орнында тұңғыш рет мұнай өндірілді;
– 26 қазанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде бокстан әлемнің XVII чемпионатының финалдық жекпе-жектері болып өтті.
Әзірлеген
Амантай ШӘРІП