Экономика • 01 Қаңтар, 2023

Ресейден келетін ақша ағыны көбейді

536 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр жыл басынан қазан айына дейінгі аралықта ақша аударымдарының халықаралық жүйесі арқылы шет мемлекеттерден келген қаржы көлемі 575,2 млрд теңге болды. 2021 жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда көрсеткіш 2,5 есеге жоғары.

Ресейден келетін ақша ағыны көбейді

Транзакция саны 46,7 пайызға, 1,4 млн-ға, ал бір аударымның орташа чегі 68 пайызға өсіп, 414,1 мың теңгені құраған. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 246,5 мың теңге болған. Әсіресе Ресейден келетін ақша ағыны әжептәуір артқан. 2022 жылдың қаңтар-қазан ай­ларында РФ-дан елімізге 305,7 млрд теңге аударылды. Бұл – ал­дыңғы жыл­ғыдан 6,7 есеге көп сома. Осы­лайша, РФ-дан келе­тін ақша ауда­рымдары жалпы ауда­рым үлесінде 19,6-дан 53,1 пайыз­ға өскен.

Бір қызығы, былтыр қаңтар, ақпан және наурыз айларында РФ-дан Қазақстанға аударым көлемі 2021 жылғы көрсеткіштен төмен болып тұрған. Бірақ Украи­нада соғыс бастала салысымен көр­сеткіш күрт өскен және шырқау ше­гіне маусымда жеткен – 66,9 млрд теңге. Шілдеде Ресей­ден Қазақстанға жіберілген ақша көлемі – 54,6 млрд теңге, тамыз бен қыркүйекте – 33,2 және 36 млрд теңге болды. Ресейде қыр­күйектің соңында мобилизация басталған соң бізге жіберілетін ақша аударымдарында тағы да өсім байқалған. Өсім 18,6 пайызға көбейіп, 42,7 млрд теңгеге жетіпті.

Сонымен бірге айтарлықтай ақша көлемі Қырғызстан (82,7 млрд теңге), Өзбекстан (42,4 млрд теңге), АҚШ (38,1 млрд теңге) және Оңтүстік Кореядан (33,1 млрд теңге) келіп түскен. Көп ретте ақша жіберушілер ресейлік «Золотая Корона» халықаралық аударым жүйесін пайдаланған. Осы жүйе арқылы елімізге 406,5 млрд теңге қаражат жіберілді. Одан кейінгі орындарда Western Union (68,1 млрд тг), MoneyGram (46,2 млрд тг), Contact (36 млрд тг) және «Юнистрим» (16,2 млрд тг) жүйелері тұр. Тағы 2,2 млрд теңге басқа жүйелер арқылы аударылған.