Саясат • 03 Қаңтар, 2023

Ерлан Қарин: Саяси күн тәртібін Президент белгілеген реформалар векторы айқындайды

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин биыл Қазақстанда қандай саяси реформалар өткізілетіні жайлы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ерлан Қарин: Саяси күн тәртібін Президент белгілеген реформалар векторы айқындайды

«2023 жылдың саяси күн тәртібін өткен жылдағыдай Президент белгілеген саяси реформалар векторы айқындайды. Бірінші кезекте, бұл ел Конституциясын жаңарту жөніндегі республикалық референдум қорытындыларын іс жүзінде іске асыруды көздейтін шараларға қатысты болмақ. Жыл басынан бастап мүлдем жаңа институт – Конституциялық сот өз жұмысын бастайды. Ол адам құқықтары жөніндегі Уәкіл мен Бас прокуратураның жаңа конституциялық мәртебесімен және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі Омбудсменнің жаңа лауазымын құрумен қатар азаматтардың іргелі құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін жабады», деп жазды Ерлан Қарин Telegram-дағы арнасында.

Мемлекеттік кеңесші атап өткендей, 1 қаңтардан бастап сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне қатысты бірқатар жаңа өзгерістер күшіне енеді.

«Бір мандатты сайлау округтері мен тиісті сайлау комиссияларын құру процесі басталады. Аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері енді өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асырады. Бұл сайлау рәсімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа жылда 2022 жылдың күзінде басталған жаңа сайлау циклі жалғасады. 14 қаңтарда Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді, содан кейін бірінші жартыжылдықта саяси жүйені үдемелі қайта жүктеудің президенттік жоспарына сәйкес Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуі тиіс. Алдағы сайлау науқаны мүлдем жаңа ережелер мен нормалар бойынша өтетінін атап өткен жөн», дейді ол.

Айта кетсек, 2023 жылдан бастап аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін пилоттық режимде тікелей сайлау процесі өткізілетін болады.

«Ауыл әкімдерінің корпусын жаңарту жалғасады. 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдеріне тікелей сайлау өткізу көзделіп отыр. Бұл сайлау мыңнан астам ауылдық елді мекендерді қамтиды. Осылайша алдағы жыл алдыңғы жылмен салыстырғанда ішкі саяси оқиғаларға толы болуға уәде береді. Ең бастысы - президенттік жаңғырту бағдарламасын үдемелі іске асыру жалғасуда. Бұл 2023 жылғы саяси күн тәртібінің негізі болмақ», деп жазды Ерлан Қарин.