Қоғам • 04 Қаңтар, 2023

Коммуналдық желілер тозып тұр

349 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанда шешімін тап­пай тұрған өзекті мәсе­ленің бірегейі – ком­му­налдық желілердің тозуы. Жақында болған Екі­бастұз проблемасы біздің коммуналдық инфра­­құрылымда үлкен проб­лема бар екенін көрсе­тіп берді. Егер негізгі қор­лардың тозуы 45 пайыз­ға дейін болса, онда бұл қалыпты жағдай саналады екен. 45-60 пайыз аралығы дағдарыс ал­дындағы ахуалдан хабар береді. Ал 65 пайыздан жоғары деңгейдегі тозу апатты жағдайдың жақындағанын және жылу мен энергия берудегі төтенше жағдайлар жиілігін аңғартады.

Коммуналдық желілер тозып тұр

Қазақстанның электр энергиясымен, газбен, бумен, ыс­тық сумен және кондиционер­лен­ген ауамен жабдықтау секто­рындағы кәсіпорындардың негізгі қорларының тозу деңгейі 71,7 пайызға жеткен. Соның ішінде нысандардың тозу көрсет­кіші – 71,7, ал машиналар мен құрылғылардың тозу көрсет­кіші – 62,2 пайыз. Мұндай ста­тистикалық деректі Finprom сарапшылары ұсынып отыр.

Жақында Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Президент қызметкерлердің жауапсыздығы мен бақылау жүйесінің әлсіздігі мыңдаған адамды жылусыз қалдырды деп қатаң сынады.

«Жауапты қызметкерлер қыс­ты қалыпты режімде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын кө­ріп отырсыздар. Павлодар об­лысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқ­пыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қыз­меттерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты. Тозу деңгейі 90 пайыздан асқан Екібастұз ЖЭС-ін мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсыныс сараптауды қажет етеді», деді Президент.

Мемлекет басшысының пікі­ріне қарағанда, нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек. Әбден тоз­ған орталықты мемлекеттің тиім­ді басқара алу мәселесін зерттеу керек. Кәсіпорынның 50 пайы­зын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн. Мемлекет басшысы еліміз­дегі ЖЭС-тердің орташа тозу деңгейі 66 пайызға, ал кейбір қалаларда шекті межеден асып, 80 пайызға жеткеніне тоқталды. Жылу электр стансаларының үштен бірінің пайдалануға беріл­геніне жарты ғасырдан асқан. Ел аумағында ұзындығы 1,5 мың шақырым болатын жылу желілері де күрделі жөндеуге мұқтаж болып отыр.

Ал Шығыс Қазақстан облы­сының Риддер мен Шемонаиха қалаларындағы жылумен қамту желілері мүлдем тозған.

Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анық­таған. Оларды шұғыл жаң­ғырту үшін шамамен 90 млрд теңге көлемінде қаражат керек. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне ден қойсақ, мемлекет меншігіндегі энергетикалық нысандар бюджет есебінен, ал жекеменшік нысандар «Тарифті инвестицияға айыр­бастау» бағдарламасы аясында өз қаражаты есебінен жаңғыруы қажет.

Былтырғы қазанда Энер­гетика министрі Болат Ақ­шолақов энер­гетикалық құ­рыл­ғылардағы апат­тық тоқтаулар саны 22 пайыз­ға ұлғайғанын, ал олардың жал­ғасу ұзақтығы 16 пайызға арт­қанын мәлімдеген еді. Өнді­руші қуаттардың тозуы шамамен 60 пайызды құраған. Ком­муналдық желілердің тозуы апатты жағдайлардың көбеюіне және азаматтарды коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету сапасының күрт төмендеуіне әкеліп соғады.

«2021 жылы көшедегі газ желілерінде 45 апат тіркелген – алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп. Сонымен қатар тағы 74 шақырымдық газ желі­сі жөндеуді қажет етіп тұр. 2021 жылы сумен жабдықтау саласын­дағы апат саны 1,9 мыңға жетті. 19 мың шақырымнан астам желі ауыс­тыруды керек етеді. Бұл – жал­­пы желінің 22 пайызы. Оның 6,2 мың шақырымы – су құ­быр­­лары, 9,7 мың шақырымы – көше­дегі желілер, 3,5 мыңы – квар­тал ішіндегі және аула ішін­дегі желілер. Жылумен жаб­дық­тау көздерінде, бу және жылу же­лі­лерінде 2018 жылы – 54, 2019 жылы – 84, 2020 жылы 52 апат анықталды», деп жазды Finprom.

Республикалық дағдарыс орталығының мәліметі бо­йынша, 2022 жылы өмірді қамтамасыз ету саласында 26 технологиялық іркіліс болған. Іркілістер негізінен автономды қазандықтарда (2), жылумен жабдықтау желілерінде (11) және сумен жабдықтау желілерінде (13) тіркелген.