Банктердің іріктеліп, сұрыпталуы халық тарапынан оларға деген сенімнің қаншалықты берік орнығуына да байланысты. Халықтың қаржылық сауаттылығы артып келеді. Бұл орайда азаматтар қай банкке ақшасын сеніп тапсырып (депозит), қай банктен несие рәсімдеу керегін сараптай бастайды. Банктердің қызметін пайдаланар алдында жаһан бойынша үздік үштікке кіретін халықаралық рейтинг агенттіктерінің зерттеулеріне көз жүгірткен артық болмайды.
Ranking сарапшылары актив көлемі бойынша еліміздегі үздік он банктің тізімін жасаған. Көш басында – «Отбасы банк» пен «Halyk Bank». Fitch агенттігі бұл екі қаржы институтының жағдайын «Тұрақты» деп бағалаған. Одан кейінгі орындарда – Kaspi Bank, ForteBank, «Банк ЦентрКредит» және Jusan Bank.
Банк сапасын бағалайтын ерекше маңызды фактордың бірі, олардың актив көлемі. Бұл ретте «нашар» активтер үлесіне назар аудару өте маңызды. Өйткені банктің қарыз портфелінде мерзімі өткен берешектер (төленбегеніне 90 күннен асқан қарыздар, NPL 90+) қаншалықты көп болса, банктің актив сапасы да мәз емес деген сөз. Бұл жерде үздік көрсеткіш «Отбасы банкте». Бұл қаржы ұйымындағы NPL 90+ үлесі небәрі 0,08 пайызды құрайды. Одан кейінгі орындарда «Halyk Bank» (NPL 90+ үлесі – 2,3 пайыз); «Банк ЦентрКредит» (NPL 90+ үлесі – 2,9 пайыз); Bank RBK (NPL 90+ үлесі – 3,2 пайыз).
Пруденциялық талаптардың орындалуына байланысты үздік ондық ішінде үдеден шыға алмай отырған жалғыз қаржы институты – Bereke Bank (бұрынғы «Сбербанк»).
Банктердің даму стратегиясы мен орнықтылығын олар ұсынып отырған өнімдерге қарап та бағалауға болады. Қазір халық банктердің бөліп төлеу ұсыныстарына жиі қызығушылық танытады. Елдегі екінші деңгейлі 21 банктің жетеуі бөліп төлеу карталарын ұсынады екен. Картаны серіктестік желіге байламай және комиссиясыз ұсынатын жалғыз банк – Altyn Bank. Бұл банктің картасы арқылы әлем бойынша 6 айға бөліп төлеу шартымен сауда жасауға болады.
Өз кезегінде «Банк ЦентрКредит» пен Halyk Bank серіктестік желілерден тыс сатылымдар бойынша айына 1 пайыз көлемінде комиссия ұстайды. Тағы екі банк серіктестік желісінен тыс бөліп төлеу картасын әдеттегі несие картасы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Олар – «Банк Хоум Кредит» және «Еуразиялық банк».
«Kaspi Bank» өз картасы бойынша бөліп төлеуді тек серіктестер желісі аясында ғана ұсынады: комиссиясыз, 3 айға бөліп төлеу шартымен. ForteBank-тің ресми сайтында мерзім және комиссия бойынша шарт жоқ.
«Бөліп төлеу картасы бойынша максималды несие лимитін «Банк ЦентрКредит» (7 млн теңгеге дейін) және «Altyn Bank» (5 млн теңгеге дейін) ұсынады. «Halyk Bank», «Еуразиялық банк» және «ForteBank» – 3 млн теңгеге дейін, «Банк Хоум Кредит» – 2 млн теңгеге дейін, ал «Kaspi Bank» 150 мың теңгеге дейін лимит ұсынады. Бөліп төлеу картасынан ақша шешіп алу мүмкіндігі 5 банкте қарастырылған. Олар – «Altyn Bank», «Банк ЦентрКредит», «Банк Хоум Кредит», «Еуразиялық банк» және «ForteBank». «Halyk Bank»-тен басқа банктің барлығы бөліп төлеу картасына қызметті тегін көрсетеді. «Halyk Bank» екінші жылдан бастап жылдық қызмет көрсету комиссиясы ретінде 6 990 теңге көлемінде комиссия ұстап қалады», делінген Ranking зерттеуінде.
Мамандардың зерттеуінше, ұзақ уақыттан бері алғаш рет былтыр несие картасының саны жылдық динамикада әжептәуір қысқарды. 2022 жылдың қазан айының қорытындысы бойынша елде 3,85 млн белсенді несие картасы бар. 2021 жылы мұндай карта саны 3,99 млн болған.
Айлық динамикада күрт құлдырау 2022 жылдың басында байқалған – 2,6 млн картаға дейін азайып кеткен. Сосын жағдай біртіндеп реттеліп, жылдың соңғы айларында өсім қайта көрініс бере бастаған.