Футболдың әлемдік деңгейдегі біріншілігін тойға балап жүргенімізге біраз болды. Ал той дүркіреп өткен жерде оның өзіне тән сыйы мен кәдесі де жүреді. Алайда, футбол тойының басқа тойлардан ерекшелігі, мұнда жекжат-жұрағаттықтың жақындығына сай алдын ала белгіленіп қойылатын жүлде-жүлгелер жоқ. Аяқдоптың аламанында кім не алса да, оған өзінің табан ақы, маңдай терімен қол жеткізеді. Бірақ олардың бірде-бірі биыл Бразилиядан құралақан қайтпайды.
Біз енді екі күннен кейін сөреден шығатын жаһандық жарыстың осыған қатысты біршама белгі, нышандарына тоқтала кетейік.
Чемпионат мәресі. Жанкүйер қауымға бүгінде белгілі де шығар, чемпионат 12 маусым күні Сан-Паулудағы «Арена Коринтианста» Бразилия және Хорватия құрамалары арасындағы ойынмен ашылып, 13 шілдеде Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында өтетін финалдық кездесумен жабылады. Бұл аралықта елдің тағы 10 қаласындағы спорт кешендерінде жаһандық жарыстың жан алып, жан берісетін кескілескен күрестері жүріп жатады. Осыған орай айта кететін тағы бір жайт, чемпионат матчтары ойналатын 12 шаһардың бір-бірімен ең жақын деген аралығын әуе кемелері бір сағаттың ішінде көктей өтетін болса, барынша қашығына алты сағатта әзер жетеді екен. Бұлардың соңғысы Рио-де-Жанейро мен Манаус қалалары арасын жалғайды. Мамандар аталмыш аламанның қолайсыз ұйымдастырылуы қатарына осы деректі де жатқызып жүр.
Сөйтіп, бұл чемпионат мәресінің қашықтығы 31 күнді құрағалы тұр.
Чемпионаттың иесі. Футболдың әлемдік тойын сонау 1950 жылдан кейін екінші мәрте өзінің жерінде өткізгелі отырған Бразилия елі бұл құрметке құрлықтар ротациясы бойынша жетті. Ертеректе чемпионат екі континентте – Еуропа мен Америкада кезектесіп өткізіліп келген еді. Бұл дәстүр алғаш рет 2002 жылы бұзылып, бірінші мәрте басқа құрлыққа – Азияға ауысты. Сол жылы біріншілікті Оңтүстік Корея елі қабылдады. Ал осының алдындағы, 2010 жылғы чемпионат «қара» құрлықта, Оңтүстік Африка Республикасында қанат жайды.
Бір айта кетерлігі, 2014 жылдың кезегі Оңтүстік Америкада өтетін болып белгіленгенде, оған үміткерлердің қатарында Бразилиядан басқа ешкім болған жоқ. Себебі, Латын Америкасындағы елдер 2003 жылы өзара келісімге келіп, кезекті талассыз «футбол сиқыршыларының» отанына беруге ұйғарым жасасқан болатын. Басында онымен тек Колумбия ғана таласпақ болып еді, бірақ басқалар бұл елдің 1986 жылғы чемпионатты өткізу құқығын алып тұрып, өз міндеттемелерін орындай алмай қалғанын алға тартып, үміткерлер бәсекесіне қатыстырмай тастады. Осылайша дауысқа дара түскен Бразилия «бәйгені шаппай алып» кетті. Ал 1986 жылы Колумбия тарапынан қауқарсыздық көрсетілгенде, оның орнын Мексика ала қойып, тарихта екінші мәрте қабылдаған чемпионатын өте сәтті өткеріп шықты.
Тағы бір айтатын жайт, ФИФА осыдан кейін чемпионатты қабылдау үшін таласты құрлық бойынша емес, барлық конфедерациялардың қатысуымен өткізуге шешім қабылдады. Осының арқасында 2018 жылғы аламанды өткізу құқығын Ресей футбол федерациясы жеңіп алды. Сонымен бірге, осы жерде Бразилияның екінші мәрте чемпионат өткізгелі тұрған бесінші мемлекет екенін де айта кетуіміз керек. Мұндай құрметке жоғарыдағы Мексикадан бөлек, тағы Италия, Франция және Германия елдері ие болды.
Чемпионаттың жүлде қоры. Сөз басында айтылған кәде-сыйға енді келдік. Бірден айтып қояйық, аламанға ат қосқан терме жамағаттардың бірде-бірі сый-сияпатсыз қайтпайды. Ал мұндағы жүлде қорының көлемі осының алдындағы 2010 жылғы біріншілікке қарағанда 37 пайызға көп. Нақтырақ айтқанда, 576 млн. долларды құрайды. Мұның 35 миллионы – чемпионаттың жеңімпазына, 25 миллионы – күміс жүлдегеріне, ал 22 миллионы қола медаль алған командаға беріледі. Сол сияқты үшінші орын үшін таласатын төртінші команданың сыйы 20 млн. долларды құрайды. Бұдан әрі ширек финалға қадам басқан құрамалардың әрбірі үйлеріне 14 млн. доллар көлемінде ақша алып қайтады. Сондай-ақ 1/8 финалда күш сынасқан ұжымдарға ұйғарылған ақшаның шамасы 9 млн. доллар екен. Ең соңында осында келіп, қиқуға қиқу қосқан қалған командалардың әрбіріне тиесілі қаржы 8 млн. доллар көрінеді.
Чемпионаттың эмблемасы. Ол 2010 жылғы 8 шілде күні ОАР елінде, Йоханнесбург қаласында ресми түрде бекітілді. Оны сонда өтіп жатқан жаһандық жарыс кезінде құрамында сәулетші Оскар Нимейер, дизайншы Ханс Доннер, модель Жизель Бюндхен, жазушы Пауло Коэлью, әнші Ивете Сангалу, 2014 жылғы чемпионатты ұйымдастыру комитетінің төрағасы Рикарду Тейшейра және ФИФА-ның бас хатшысы Жером Вальк бар комиссия қабылдады. Олар Бразилияның Africa атты компаниясы жасаған «Шабыт» деген эмблеманы таңдап алды. Сол эмблема қазір осы бетте де тұр.
Чемпионаттың бойтұмары. Бұған бразил еліндегі үш бірдей аталым таласты. Оның жеңімпазы күллі жұрттың дауыс беру жолымен анықталды. Нәтижесінде Фулеко атты бойтұмар талассыз бірінші орынға шықты. Оған ел халқының 48 пайызы, яғни 1,7 млн. адам дауыс берді. Екінші орынға бразилиялықтардың 31 пайыздық даусын алған Зузеко орналасса, үшінші болған Амижуби 21 пайыздық қолдауға қол жеткізді. Осының өзі таластың аса тартысты өткенін көрсетсе керек.
Чемпионаттың ресми добы. ФИФА-ның бас хатшысы Жером Вальк жанкүйерлердің дауыс берулері бойынша турнирдің ресми добы атағына Adidas фирмасы арнайы дайындаған Brazuca атты бұйымның қол жеткізгенін жария етті. Доптың атауы 2012 жылғы 2 қыркүйекте белгіленді. Жалпы, таңдауға үш түрлі доп түсті. Ал дауыс беру қорытындысында Brazuca добы 77,8 пайыздық дауыс алса, Carnavalesca добының жеткені – 14,6, Bossa Nova добының көрсеткіші 7,6 пайыз болды. Айта кетуіміз керек, бұл футбол фанаттарының доп таңдаған бірінші әлем чемпионаты болып табылады. Бұған қосатынымыз, бразилиялық жанкүйерлер өздерін Brazuca деп атайды. Бәлкім, аталмыш атаудағы доптың бәйгеден озып шығуына осы жағдай да әсер еткен болар. Мұнда футболсүйгіш ел жұртының өзіндік патриотизмі де жатыр.
Чемпионатқа қатысушылар. 2014 жылғы әлем чемпионатының финалдық турниріндегі дүбірге 32 команда жалын қосады. Мұнда алаң иесі ретінде тек Бразилия құрамасы ғана додаға бірден жолдама алды. Ал қалған 31 жасақ түгелдей електік сайыстардың өткелегінен өтіп келді. Бұлардың арасында Еуропадан – 13, Оңтүстік Америка мен Африканың әрбірінен – 5, Солтүстік Америка мен Азияның әрбірінен 4 команда бар. Финалдық кезеңге келген құрамалар қатарындағы 8 жасақ бұрын әлем чемпионы атанғандар болып отыр. Сонымен қатар, Босния мен Герцоговина ұжымы
аламанның дебютанты
екенін де айта кетейік.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».