Жас ұйымның қолға алған маңызды жұмыстарының бірі – елімізде жастар қозғалысының орталықтарын ашу. Алғашқы орталық Астана қаласында пайдалануға беріледі. Бұл жерде коворкинг, жаттығу залдары, дәрісханалар және кітапхана болады, яғни жастардың жан-жақты дамып, оларды тиімді командаға біріктіру үшін жағдай жасалмақ. Бүгінгі таңда жасампаздық үдеріс үшін қазақстандық жастарды біріктіру аса маңызды. Осыған орай, еліміздің беделді спортшылары бірлесіп, жастар қоғамдық бірлестігін құрған болатын. Мақсат – белсенді жастардың басын бір шаңырақтың астында біріктіріп, олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау.
Іс-шараға «Дала қырандары» жастар қозғалысының жоба үйлестірушісі Ербол Мырзабосынов, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2014» және «Дала қыраны» титулының иегері Мұхит Тұрсынов, ММА шебері Артем Резников, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаев және тағы басқа еліміздің танымал спортшылары қатысты.
Шарада сөз алған спортшылар салада орын алып отырған кемшін тұстар туралы айтып берді. Атап айтқанда, еркін күрестен Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, халықаралық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы Ақжүрек Таңатаров өз сөзінде спорттағы қиындықтар жайлы сөз қозғады.
«Бұл жерде кәсіби спортшылар мен спортты аяқтаған азаматтар жиналып отыр. Елімізде біраз спортшылар қиыншылықтан өтті. Біреу айтса, біреу айта алмас, бірақ Қазақстандағы ең өзекті мәселелер қордаланған салалардың бірі – ол спорт саласы. Әсіресе, күресте біраз әділетсіздіктер болды. Сырттан легионерлерді әкеліп, сол спортшылардың жеңіске жетіп, оның үлкен жарыстарға баруына барлық жағдай жасалды. Осылайша, еліміздің біраз спортшыларының бағы байланды. Осы жағдайлар өз басымыздан өткеннен кейін спортшылардың мұң-мұқтажын тындап, қолдау көрсетуге дайынмыз», деді ол.
Ал грек-рим күресінің саңлағы Алмат Кебіспаев жиын қатысушыларына бір мақсат қойып, оған бірлесіп қол жеткізу керектігін айтты. Ол мемлекеттің қолдауын сезініп, мансабында небір қиындықтармен арпалысуға алтын уақытын зая кетірмеген спортшылардың елімізге төртжылдықтың алтынын да, күмісін де әкелетініне нық сенімді екенін жеткізді.
«Елімізде спортқа бүйрегі бұрған жастар аз емес. Дегенмен, олардың бірқатары уақыт өте келе спорттан кетуге мәжбүр болады. Мәселен, жасөспірімдердің жартысы ғана жастар тобына өтсе, солардың үштен бірі ғана кейін ересектер арасында сайысқа түсіп жүр. Бұл саладағы көптеген жүйелі проблемалардын бірі. Түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіп, есеп беруден бөлек, саланың күрделі мәселелерін шешу қажет. Сонда ғана отандық спортымыз алға басып, жазғы Олимпиадада көк туымыз желбірейді», деді Алмат Кебіспаев.
Жиынды қорытындылаған жастар қозғалысының үйлестірушісі Ербол Мырзабосынов спорт саласында реформа жүргізу қажеттігін және бұл жұмысқа спортшылардың тікелей әрі белсенді түрде қатысуы керектігін алға тартты.
«Сіздердің барлықтарыңыз саналы өмірін спортқа арнаған жастарсыздар. Спортта қандай өзекті мәселелердің бар екенінін сіздерден артық ешкім білмейді. Салада жүйелі проблемалар бар екені рас. Сондықтан да біз отандық спортты реформалауды басты міндеттеріміздің бірі ретінде көріп отырмыз. Бұл күрделі мәселелерді тек бірлесіп қана шеше аламыз. Себебі, спорт – ол біз! Сіздерді бұл істе белсенді болуға шақырамын», деді Ербол Мырзабосынов.
Спикердің айтуынша, еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар енді өз өңіріндегі мәселелерді жуырда іске қосылған телеграм-ботқа жібере алады. Барлық ақпарат өңделгеннен кейін арнайы картаға енгізіледі. Ақыр соңында бар ақпарат отандық спортты реформалау мақсатында жасалатын «Жол картаға» енгізіліп, ол кейін Мәдениет және спорт министрілігіне жіберіледі. Қазіргі уақытта аталмыш картаны жасайтын арнайы сарапшылардың тобы құрылуда.
Іс-шара соңында еліміздің белсенді жастары болашақ орталықта болып, құрылыс жұмыстарының басталуына бастамашы болды. Осылайша, кәсіби спортшылар ел жастарына демеу болатын орталықтың бой көтеруіне өздерінің шағын үлестерін қосты.