Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, жаңадан тағайындалған министрлер – Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Президенттік жастар кадрлық резервінің (ПЖКР) құрамына енген. «Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылы қолға алынған еді. Бүгінгі таңда Үкіметтің үш мүшесі Президенттік жастар кадрлық резервінің өкілі. Бүгінге дейін 350 резервисттің 258-і түрлі жауапты лауазымдарға тағайындалды, оның 34-і «А» корпусының мемлекеттік саяси және мемлекеттік қызметшілері (аппарат басшылары, комитет төрағалары)», деп Мемлекеттік кеңесші кадрлық резервтің құрамын жіктеп берді.
Сонымен қатар Ерлан Қарин жас мамандарды басшылық қызметке көтеру бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатқандығын атап өтті. «Президенттік жастар кадрлық резерві жобасын одан әрі іске асыру – президенттік сайлау бағдарламасының басым бағыттарының бірі», деп қосты Е.Қарин.