Руханият • 06 Қаңтар, 2023

Қағанның алтын ақшалары

581 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орта ғасырда Моңғол үстіртіндегі көшпелі тайпалардың басын біріктірген Есукей ноянның үлкен ұлы Темүжин 1206 жылы Онон дариясының жағасында құрылтай өткізіп, өзін «Шыңғыс хан» деп жариялады. Сөйтіп, ол ел билеу ісіне ғұндардан мирас, кейін түркілер қолданған заң-жарғыларды жетілдірумен қатар, өз атынан теңге соқтырып, айналымға салды.

Қағанның алтын ақшалары

Бірінші алтын ақша

Көшпелі Моңғол ұлысының тарихын зерттеген британдық шығыстанушы Лейн Пул мына тиын-жәдігерді ұзақ уақыт зерттеп, 1881 жылы «бұл алтын ақша Шыңғыс қағанның заманында соғылған» деген тұжырым жасапты. Монетаның оң бетіне, қылыш көтеріп ат үстінде тұрған адам бейнесі салынып, келесі бетіне жыл қайырудың 12 жануары оймышталыпты. Осында жыл иесі жануарлардың бірі ерекше көрініс тапқан. Оны зерттеушілер ақша соғылған жылдың белгісі деген пайым жасапты.

Екінші алтын ақша

Әлем әміршісіне тиесілі тағы бір ақша 1996 жылы Пәкістан жерінен табылған екен. Аталған ақшаны қолымен ұстап зерттеген моңғол ғалымы Б.Нямааның мәліметіне жүгінсек, олар Газна қаласы маңынан табылған көрінеді. Барлығы 58 дана. Жәдігердің оң бетінде «Әлем әміршісі Шыңғыс қаған» деген жазу бәдізделіп, келесі бетіне Құран сөзі, яғни мұсылмандар көп айтатын «Калима шаһадат» дұғасы жазылыпты.

1

  

Үшінші алтын ақша

Шыңғыс қағанға тән үшінші алтын ақша Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің нумизматикалық жәдігерлер коллекциясында тұр. Бұл мұра музей қорына 2006 жылы келіп түсіпті. Салмағы – 5.90 грамм, диаметрі – 22.2 х 21 мм.

Жәдігердің де оң бетіне «Калима шаһадат» жазылып, келесі бетіне төрт сөз бәдізделген. Осындағы төрт сөздің бірі «Жеңгиз» сөзін зерттеушілер «Шыңғыз» яғни, «Шыңғыс хан» болуы керек деген тұжырым жасапты.

Расында, ортағасырлық жазбаларда «Шыңғыс» сөзін «Жеңгиз» деп жазу шыңғыстанушылар үшін жаңалық емес. Осы атауға сүйеніп кейбір зерттеушілер Темүжинге әуелде «Жеңгиз» атағы берілген. Бұл қазіргі тілдік қорымыздағы «Жеңімпаз» сөзінің ертедегі баламасы болуы мүмкін десе, тағы біреулер «Жеңгиз» ол «Теңіз» (Теңіздей шексіз билік иесі) дегенді білдірсе керек деген де ой айтып жүр.

1