Аймақтар • 06 Қаңтар, 2023

Екібастұз оқушылары шипажайға жол тартты

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екібастұздық балалар үшін қыс­қы демалыс айрықша әсер­ге толы өтуде. Мыңнан астам жас­өспірім «amanat» партиясының демеу­шілігімен еліміздің танымал сана­торийлеріне жол тартты.

Екібастұз оқушылары шипажайға жол тартты

Жолдамаға ие болған оқу­шы­лардың алдыңғы легіне ата-аналарымен бірге облыс бас­шысы Асайын Байханов та сәт­­тілік тілеп, шығарып салды. Ұйымдас­тырушылар жасөс­пірімдерді Түр­кіс­тан, Ақмола, Алматы, Абай және өзге де об­лыс­тарда мәдени және са­уық­тыру бағ­дар­ламалары кү­тіп тұрғанын жеткізді.

Көмірлі шаһардағы кіш­кентай тұрғындардың қысқы демалысты көңілді өткізуіне «amanat» партиясы мүмкін­дік беріп отырғанын айтқан абзал. Саяси ұйымның Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс конференциясында партия төрағасы Ерлан Қошанов бұл жайында мәлімдеген болатын. Партияның еріктілері мен белсенділері Екібастұздағы тө­тенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап қала тұр­ғындарына гуманитарлық кө­мек көрсетуге атсалысқаны мәлім. Ахуал тұрақталып, қа­ладағы өмір өз орнына келген соң жас тұрғындарды қуантуға басымдық берілді.

– Екібастұзда төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап біздің ұйымның мүшелері «Жастар ру­хы» жастар қанатының белсен­діле­рімен, еріктілермен бірле­сіп жылытқыштар, жылы көр­пелер таратуға, ыстық тамақ­ты ұйымдастыруға белсене қа­тыстық. Енді, міне, «amanat» партиясы төр­ағасының бастамасымен балаларды сана­торийлер мен демалыс үйлеріне жіберу ұйымдастырылды. Екібастұз қаласының әкімдігіне, денсаулық сақтау және білім беру басқармаларына, ата-аналарға үлкен алғыс айтамыз. Ең бастысы, оқушылардың қысқы демалыстары ойдағыдай өтіп, балаларымыз үйлеріне аман-есен оралсын, – деді «amanat» партиясының Пав­­лодар облысындағы филиа­лының төрағасы Илья Терен­ченко.

Қала тұрғыны Ирина Ша­балдинаның айтуынша, оның екі қызы Ақмола облы­сындағы «Парус» лагеріне жолдама алған. Қаланың жылу жүйе­сінде апат орын алған уа­қытта жер үйде тұратын бұл отбасы үлкен қиындыққа ұры­ныпты. Еріктілер жылы көр­пелер мен электр жылыт­қыштар әкеліп, үлкен кө­мек көрсеткен. Балаларына жаңа жыл мере­кесінде осындай қызықты сапар ұйым­дастырған азаматтарға ата-аналар қауымы атынан алғысын жеткізді.

Жолдама жалпы саны 1300 балаға беріледі деп жос­парланған. Сейсенбі күнге дейін 841 оқушы қысқы сапарға аттанып үлгерді.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы