Аймақтар • 06 Қаңтар, 2023

Тамшылатып суарудың табысы

393 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тамшылатып суару әдісі – ең алдымен судың ысырабын азайтудың, екіншіден өнім көлемін арттырудың бірден-бір жолы. Егін шаруасымен айналысатын кәсіп иелері осы тәсілдің пайдасын жақсы түйсінеді. Әйтсе де, суару машиналарына шамалары жете бермейді. Осы ретте Жетісуда жаңбырлатып суару қондырғыларын шығаратын кәсіпорын ашылмақ. Оның құны сырттағы бағамен салыстырғанда екі есе төмен. Қазір осы мақсатта Түркиядан келген инвесторлармен іскерлік келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Тамшылатып суарудың табысы

Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков

 

Аталған кәсіпорын облыс орталығында ашылады деп жоспарлануда. Өңір басшысы Бейбіт Исабаев былтыр ауыл шаруа­шылығы қызметкерлері күнінде суармалы су тапшылығы турасында айтып, оны ылғал үнемдейтін технологияларды енгізу есебінен шешу керектігін жеткізген еді. Бұл ретте алдағы 3 жылда өңірде су үнемдеу технологияларын қолдану алаңын 12 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Соған сай жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жүйелерін сатып алған шаруашылықтар шығындарының 50 пайызы инвестициялық субсидиялау бағдарламасы бойынша субсидияланады.

Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыста тозған суару желілері шамамен 70 пайызды құрайды. Бүгінде соларды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Су шаруашылығы объектілерін қалпына келтіру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ Ислам даму банкінен 36,3 млрд теңгеден астам қаражат тартылған. Қолданыстағы 1 400 км суару желілерін жөндеу және 105 км жаңа суару желілерін (Қызылағаш суару алабы) салу жұмыстары іске асуда. Жөндеу әрі қалпына келтіру жұмыстары облыстың барлық ауданында және Талдықорған қаласында атқарылуда. Соның нәтижесінде 26,5 мың га суармалы жер қалпына келтіріліп, жаңадан 4,5 мың га жер айналымға тартылмақ.

«Былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі жарты трлн теңгеден асты. Өңір шаруалары 828 мың тонна астық, 202 мың тонна майлы дақылдар, 182 мың тонна қант қызылшасы, 523 мың тонна картоп пен көкөніс, 44 мың тонна бақша өнімдері мен жеміс-жидек жинады. Мал мен құс басы 1,4 пайызға, ет пен сүт өндірісі 4,5 пайызға өсті. Азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібінде Жетісу облысы қант, сарымай, крахмал, ашытқы өндіру жағынан елімізде алдың­ғы орында. 2022 жылы облыстың 150 қайта өңдеу кәсіпорны өндірілген азық-түлік көлемін 9,6 пайызға ұлғайтты. Осы жетіс­тік­тердің барлығы өңірдің ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілерінің күнде­лікті қажырлы еңбегінің нәтижесі», деді Б.Исабаев.

Облыс әкімі мемлекеттік қолдау шараларына тоқталып, мал шаруашылығын дамыту перспективалары, қант өндірісі саласын ілгерілету, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі алдағы жоспарларымен бөлісті. Мәселен, алдағы 4 жылда өңірде қызылша егілетін алқаптың көлемін 15 мың гектарға, ал жалпы қызылша жинау көлемін 525 мың тоннаға жеткізу көзделуде. Оған агротехнологияларды тиімді қолданудың нәтижесінде қол жеткізбек ниетте.

«Сол сияқты өңірде ветеринарлық қауіп­сіздікті қамтамасыз етудің барлық шара­лары қабылдануда. Осы мақсатта былтыр 5 ауданда модульдік ветеринарлық пункттер ашылды, ветеринар мамандардың жалақысы 30 пайызға артты, ал 2023 жылы тағы да осындай көлемге ұлғайтылатын болады. Бұдан басқа, қажетті автокөлікпен қамтамасыз ету және қосымша модульдік ветпункттерді ашу үшін қаржылық қолдау көлемі 3,7 млрд теңгеге жеткізілді. Бұл ветеринар мамандардың жауапкершілігін арттырып, олардың қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етуге тиіс. АӨК саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мен әлі күнге өзектілігін жоймаған жер мәселесі де назардан тыс қалмайды. Аэроғарыштық зерттеулердің көмегімен облыста 857 мың га пайдаланылмайтын жер анықталған, оның ішінде 128 мың га мемлекет меншігіне қайтарылды, соның 6 мың га –  егістік, 108 мың га – жайылым», деді Б.Исабаев.

Жалпы, Жетісудың ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор екені көпке белгілі. Есте болса, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау арқылы ауыл халқының табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуды тапсырған еді. Бұл ретте облыс тұрғындарының игілігі үшін барлық шара қабылдануға тиіс. Жуырда Бейбіт Исабаев өңірдегі бірнеше кәсіпорынды марапаттап, үздіктерге бағалы сыйлықтар табыстады.

Өңірдегі кәсіпорындар арасында Пан­филов ауданының «ОТ Агрохолдинг» ШС, шаруа қожалықтары арасында Көксу ауданының «Қыдырәлі» ШҚ облыстың үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері болып танылды. Осы жеңімпаз мекемелердің басшыларына МТЗ-80.1 тракторының кілттері табысталды. Одан кейін сарқандық «Сұлтан» ЖШС 1 млн теңгенің, «Мұсаевтар» ШҚ 800 мың теңгенің сертификатына ие болды. Үшінші орынға Қаратал ауданының «Тастөбе Агро Фуд» ЖШС және Ескелді ауданынан «Досанов К.С.» ШҚ лайық деп танылып, оларға да ақшалай сыйлықтар берілді.

Өңдеуші кәсіпорындар арасында І орынды Көксу қант зауыты, ІІ орынды Талды­қорған қаласындағы «Sardar LTD» және ІІІ орынды Алакөл ауданындағы «Лепсі өнімдері» ЖШС иеленді. Жеңімпаздарға тиісінше 500, 400 және 300 мың теңге сомасына арнайы дипломдар мен сертификаттар табыс етілді. Ал Талдықорған қаласы мен Ақсу ауданына қарасты Қарасу ауылдық округі ауылшаруашылық жәрмеңкелерін ұйымдастыруда үздік деп танылды. Соны­мен қатар бірқатар фермерлер, ауыл шаруа­шылығы және ветеринария саласы­ның қызметкерлері «Ауыл шаруашылығы сала­сы­ның үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамо­таларымен және облыс әкімінің Алғыс­хаттарымен марапатталды.

Аталған жиын барысында ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілері өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Келушілердің назарына сүт, ет, нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, қант, жемістер мен көкөністердің түрлі сорттары, Алакөл және Ескелді аудандарынан жеткізілген бал, Жаркент крахмал зауытының өнімдері, ешкі сүті, түрлі пайдалы шөптер, т.б. қосылған табиғи косметикалық сабындар ұсынылды.

Айта кетейік, былтыр облыстағы агро­объек­­тілерді қолдауға шамамен 37 млрд теңге бө­лінген. Оның 23 млрд теңгесі субси­дияларға және 7,4 млрд теңгесі жеңілдікті несиелерге және 4,8 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға лизингке берілді. Соның нәтижесінде 468 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Ал машина-трактор паркі 9 млрд теңгеге жаңартылды. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейі 1,9 есеге, минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі 20 пайызға ұлғайған.

Сондай-ақ өңірдегі өсімдік шаруашы­лығында да озық агротехнологияларды енгізу, минералды тыңайтқыштарды қолдану үлесін ұлғайту және ауыспалы егісті сақтау арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру қажет. Бұл мақсатта келер жылға облыстық бюджеттен 8,1 млрд теңге бөлу көзделген. Бәрі ойдағыдай болса Жетісу ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің материалдық базасын нығайтуға септігін тигізеді.

 

Жетісу облысы