Руханият • 09 Қаңтар, 2023

Орал облысының қазиы

857 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Заманында ең танымал дін қайраткерлерінің бірі, Орал облы­сының қазиы атанған Қайырша Ахметжанов бүгінде мүлдем ұмытылған деуге болады. 1917 жылы Орал қазақтарының сиезін ұйымдастырушылардың бірі, бүкілресейлік мұсылмандар сиезінің, Орынборда өткен жалпықазақ сиездерінің делегаты, Күнбатыс Алашорда үкіметінің діни көсемдерінің бірі Қайырша хазіреттің сүрген жылдары, ғұмырының соңғы кезеңі белгісіз, ақтаңдақ...

Орал облысының қазиы

Қайырша хазіреттің сүйегі –  Жетірудың Кердерісі. Атажұрт қонысы – Шал­қар көлінің күн­батыс бетін­дегі Дуана. Жалпы, Жайық өзені­нің жоғарғы бе­­тін, сол жағалауын жайлаған қа­лың кердеріде бел­гілі дін қай­раткерлері көп шық­қан. Әбубәкір Кердері, Құрбанғали хазірет, Орал уезі Жұбаныш­көл болысында туып, кейін Қытайдың Құл­жасында еңбек ет­кен Мол­дағали Бектұрлыұлы... Тіпті Қайырша ха­зіреттің өз әкесі Ах­метжан да қатарының алды бол­ған, күллі қазақтың асыл діні мен атажұрт топырағын қорғап, патша алдына саяси талап қойған қайраткер­дің бірі болатын.

Ахметжан молда

Орал облысы Ілбішін үйезі Шалқар болысы 3-ші ауылы­ның молдасы Ахметжан Баймұха­медұлына байланысты бірнеше дерек белгілі.

Қаратөбе өңірінде белгілі әулие, ғұлама діндар Едіге Шы­мырұлы (1850-1926) деген адам өткен. Сол Едіге ишанның баласы Сағит айтты деген мынадай жыр жолдары бар:

«Бөрібайдың баласы,

Шымырғали молда еді,

Нұрпекеге қол берген,

Әдеп-арқан жол көрген.

...Қарындасы Шымырдың –

Ахметжанның шешесі.

Кердеріде сол еді,

Оның да ғылымы мол еді.

Имам болған еліне,

Ақмешітті салдырған,

Дуананың көліне...»

Бұл Ахметжан молда 1891 жылы 27 шілдеде Ре­сей империясының патша та­ғына мұрагері Николай Алексан­дро­вич (кейін ІІ Николай пат­ша) Орал облысына келген ке­зінде қарсылап алушы қазақтар тобының құрамында болып, қазақ халқының атынан патшазадаға арыз ұсынған екен.

Бірақ Ахметжан ишан Бай­мұхамед­ұлының «қазақтың діні тұрғысында істерін Орынбор діни басқармасының қарамағында қосу» жөнінде берген бұл өтініші һәм қабылданбады.

Бірақ қазақтар қол қусырып қарап отырмаған. 1905 жылы Орал және Торғай облыстарынан 22 адам, көбі ишан-хазірет, Петербургқа депутат болып ба­рып, қазақтың дін және жер мәсе­­лесін оңынан шешуді талап еткен. Солардың бірі – Ахметжан ишан.

Бұл делегацияның шағымы «Орал облысының және Торғай облысының Петербургке депу­тат болып барған ізгі ишандары­ның һәм билерінің дін тұрғысын­дағы һәм жер тұрғысындағы әр министрлерге ұсынған сөздері» де­ген атаумен Орал қаласын­да Камил Тухватуллиннің бас­па­сынан 1905 жылы шағын кітап­ша болып басылған. Бұл құжатта дін туралы: «Енді бұл заманда қазаққа дін жөнінен болған қысым және кемшіліктер шектен асты. Яғни қазақ балаларының мұсылманша оқып жүрген мектеп медреселерін әкімдер жапты, жамағат болып намаз оқитұғын мешіт пен ғибадатханаларды жап­ты, һәм неке, туған балалар, өлген кісілер және талақтар ту­ралы және метрике жазудан мол­лаларды тыйды» деп күрделі мә­селелер қозғалады. Жер туралы: «қырғыз-қазақ халқы осы күнге шейін өзінің мекен етіп күнелтіп келе жатқан жерін, мәңгіге нә­сіл-нәсәпқа өзімнің, ешкімнің ор­тағы жоқ жерім деп есептейді. Қырғыз-қазақ халқының осы көңіліне сай, өткен заманда әкім­дері патшалық мұқтаждығы үшін қырғыз-қазақ халқының жерінен жер алса, тек халықтың разылығымен, обществолардың приговоры бойынша алушы еді» деген жолдар кездеседі.

Осы жазбада Ахметжан хал­пенің граф Алексей Павлович Игна­товқа жазған хатындағы «қазақ­тың бүгінде бауыры бал­шық, сырты су болып, көзі­нен аққан жасы таусылып, қан аға­ды» деген жолдары мы­сал­ға кел­тірілген. Көріп отыр­ға­ны­мыз­дай, ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында қазақ­тың дін мәселесі өте қиындап, ел ішіндегі ишан-хазіреттердің жағдайды түзеу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген.

Ахметжан молданың сауатты, көзі ашық адам болғаны қазақ­тың тұңғыш ұлттық басылымда­ры­ның бірі «Қазақстан» газеті­нің 1912 жылғы 24 сәуірдегі №11 нө­мірінде жариялаған қазана­ма-мақаласынан да көрінеді.

пр

Қайырша хазірет

«Баймұхамедтен – Ахмет­жан мен Ахметше бірге туған. Ахметжаннан – Қайыршаһ жә­не Әсима деген қыз болған. Ал менің атам Ахметшеден – екі ұл, бір қыз туған. Әкемнің құл­пытасында «Кердері руы, Жабағы тайпасы, Андас бөлімі» деп жазылған», – дейді Орал қаласында тұратын еңбек арда­гері Темірболат Құбашев.

Бір таңғаларлық жәйт, Қа­йырша хазіреттің туған жылы туралы мәлімет табылмай тұр. Батыс Қазақстан облыстық мем­лекеттік мұрағаты шығарған «Азалы кітап» жинағында бұл кісінің есімі жоқ. Кеңес үкіметі­нің саяси қуғын-сүргін құрбан­да­ры тізіміне кірмеген. Ақпан төңкерісінен кейінгі қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген, Алаш қозғалысы­ның белсенді мүшесі, Күнбатыс Алашорда жетекшілерінің бірі болған Қайырша Ахметжанов­қа большевиктер билігі тиіспей, тек қойды деу ақылға сыймайды. Туыстарының айтуынша, Қайырша хазірет те қудаланған, сотталған, жер аударылған. Ақы­ры жат жерде қайтыс болған.

Темірболат ағайдың айтуынша, Қайырша хазірет діни білім­ді Қазан қаласында алған. Орыс­ша сауаты да жоғары болғанға ұқсайды. Оның есімі жарқ етіп көрінетін кез – ақ патша тақтан құлап, күллі қазақ қоғамы автономия тақырыбын толғатып жатқан уақыт. 1917 жылы 19-22 сәуірде Оралда өткен облыс­тық қазақ сиезінде хатшылық қыз­мет атқарып, аты-жөні хаттама­ға түскен.

Орал қазақтарының сиезі

«1917 жылы сәуірдің 19-22-сі ара­лығында өткен Орал (Батыс Қазақстан) облыстық қа­зақ съезіне 800-ден астам делегат қатынасты. Делегаттар саны жағынан сол жылғы көк­темде өткен қазақ съездерінің одан асқаны жоқ. Съезді шақы­рушылар оған мұқият дайындалды. Делегаттар арасында Орал облысының уездерін айтпағанда, барлық болыстың өкілдері болды» деп жазды белгілі ғалым Кеңес Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» кітабында.

Орал облысы қазақтары­ның бірінші сиезі 1917 жылдың 19 сәуірі күні сағат түскі 12-де ашыл­ған. Сиез төрағалығына Томск округтік сотының прокурор жол­дасы Жаһанша Дос­мұ­хамедұлы бірауыздан сай­ланған. Ғұбайдолла Әлібеков пен Алпысбай Қалменов төр­аға орын­басарлары болса, Ғаббас Жет­пісов, Қайырша Ахметжанов және Ермұхамед Арғыншиев сиез хатшысы болып сайланған.

Осы сиездің екінші күні дін мәселесі талқыланды.

«Айырым муфтият құру­дың қажет­тігі жөніндегі бірінші мәселені талқылай келіп, сиез қазақтар үшін бөлек мүф­ти­лік құрған дұрыс болады деген ұйға­рымға келді, бірақ бұл мәселе өзге облыс қазақ­тарымен ақылдаса отырып шеші­летін болғандықтан, сиез қаулы етеді:

Орал облысы қазақтары­ның діни басқармасы уақытша Орын­бор мүфти­лігіне қосыл­сын. Жергілікті имамдар­ды мешіт жамағаты діни білімі, тиісті куәлігі бар адамдар арасынан сайласын. Ахун мен қази татарларда қалып­тасқан үлгімен сайлансын. Әр ауылдық әкім­шілік аумағында кем дегенде бір мешіт болуы міндетті болсын. Мешіт имамы туу, өлу және неке жайлы мәліметтерді метіркелік дәптерге жазып отыруға мін­дет­ті. Сайланған имамдардың қыз­меті мерзіммен шектелмейді».

Сиездің үшінші күні, 21 сә­уірде делегаттар Мәскеуде өтетін бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне Орал облысынан баратын топ мүшелерін анықтады. Сөйтіп, Мәскеуге Жаһанша Дос­мұха­медов, Халел Дос­мұхамедов, Ғұбайдолла Әлі­беков, мұғалім Сұбханов, молдалар Қайырша Ахметжанов, Хасан Нұрмұхамедов, Қажығали Мәулім­бердиев, К.Андабаев, Хамидолла Тәржі­манов, И.Бай­гүреңов баратын болды.

Дәл осы сиезде Қайырша Ахмет­жанов Орал облысы қазақ­тарының қазиы болып сайланды. Әр облыстағы қазақ сиездерінің таңдауымен Бөкейліктен – Ғұмар Қараш, Оралдан – Қайырша Ахметжанов, Торғайдан – Ғұ­байдолла Ешмұхамедов, Ақмо­ладан – Мағди Мақұлов қази болып сайланған. Осы­лардың ішінен әуелі Ғұмар Қараш, кейін Мағди Мақұлов Уфадағы діни бас­қармада қазақ істерімен айналысты.

Алқалы жиындар

Қайырша хазіреттің есімі осыдан кейін қазақ тағдыры талқы­ға салынған алқалы жиындар­дың бәрінде кездеседі. Тарих­шы Светлана Смағұлованың де­регінше, ол Орал облысының Далалық бөлігін басқарудың уақытша ережесін жасауға да қатысқан. 1917 жылы мамырда Мәскеуде жалпымұсылман сиезіне қатысып, жалпықазақ сиезін құруды қолдаған. Бұл қаулыға Жалпы мұсылман сие­зінің қазақ өкілдері К.Төгісов, А.Дос­жанқызы, Ғ.Әлібеков, Ә.Теміров, Ә.Дауыл­баев, Ғ.Қа­рашев, Қ.Оразаев, Б.Темір­танов, Ш.Бекмұхамедов, Сұб­ха­нов, X.Тәржіманов, О.Та­тиев, Х.Нұрмұ­хамедов, У.Тана­шевтармен бірге Қайыр­ша Ах­метжанов та қол қойған.

Орынбор қаласында 21-28 шілде аралығында өткен Бірінші Жалпықазақ сиезінің хаттамасында да Қайыршаһ хазіреттің Орал облысынан сайланған қазы екендігі жазылған.

Ал 1917 жылғы желтоқсан­ның 5-13 күндері өткен екінші жал­пы қа­зақ-қырғыз сиезіне әр уезде басы ел сый­­ла­ған екі ақса­қалдан, әрбір облыс­тық қазақ коми­теттерінен келе­тін екі өкілден тыс 30-ға жуық адамға арнау­лы шақыру жіберілді. «Олардың қа­тарында Омар Қарашұлы, Қа­йырша Ахметжанұлы, Ғаб­дол­ла Ешмұхамбетұлы, Ахметжан және Қожахмет Оразайұлдары, Құрманбек Бірім­жанұлы, Шәкә­рім Құдайберді­ұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Уәлитхан Танаш­­ұлы, Халел Досмұхамбетұлы, Жаһан­ша Досмұхамбетұлы, Бақытке­рей Құлманұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Есенғұл Маманұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Салық Қарпықұлы, т.б. болды. Бұлармен қатар «Ұран», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Тір­шілік» газеттері мен жаңадан ашылған қауымдардан бір-бір өкілден шақырылды» деп жазады тарихшы Кеңес Нұрпейісов.

Осы екінші жалпықазақ сие­зіне Қайырша хазірет арнаулы шақырулы делегат болса да әлдебір себеппен қатыса алмаған сияқты. Себебі сиез делегаттары «Алаш автономиясы бүгін ресми иғылан етілсін бе, әлде автономияны ресми иғлан етуді арамыздағы жат жұрттармен сөйлескенше һәм милициямызды құрып алғанша тоқтата тұру лайық па?» деп екіге жарылып, тас салған кезінде Қайырша Ах­метжанов бұл таңдауға қатыс­паған. 33 адам «бүгін», 42 адам «кейін» деп, үш адам екі жаққа да қосылмай қалыс қалған. Бар­лығының аты-жөні белгілі, бірақ ол тізімде Қайырша хазірет жоқ.

Бірақ Қайырша хазірет осы­дан кейін екі жылдай өмір сүр­ген Ойыл уәлаяты һәм Күн­ба­тыс Алашорда үкіметінің жұ­мы­сына белсенді қатысып, діни жетекшілерінің бірі болған. Бұл жөнінде жазушы Хамза Есен­жановтың «Ақ Жайық» трило­гиясында «Қайырша қазы», «полк молдасы» деп жиі айтыла­ды. Күн­батыс Алашорда 1919 жыл­дың соңында кеңес үкіме­тіне өз еркі­мен беріліп, 1920 жыл­дың басында тара­тылғанға дейін Қайырша Ахметжанов та осы айналада жүрсе керек.

Қудалау

1920 жылы 21 қаңтарда Қыр­ғыз (қазақ) әскери төңкеріс комитетінің (КРВК) Алашорданы тарату және қару­сыздандыру туралы шешімі шыққан болатын. Бұл тапсырма Леважа-Мюрат пен Әбдірахман Әйтиевке жүктел­ген. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің қорында Орынбордың тапсырмасымен Жымпитыға келіп, Күнбатыс Алаш­орданың «ликвидациясын» қабыл­даған Әбдірахман Әйтиевтің жеделхаты сақталған:

«Орал облыстық төңкеріс ко­митетіне, көшірмесі Әскери төң­ке­ріс кеңесіне. Қырғыз (қазақ) өлкесінің Төңкеріс комитетіне Орал облысынан сенімді күзет­пен Орынборға жеткізуді ұсы­нады:

Тоқберлинов Ихсанды, Мер­генов Дрангурді (Жанғожа – Қ.Қ.), Уәлиев Құрманды, Жет­пісов Ғаббасты, Нүкішев Нұрах­метті, (А)Блаев Айтқалиды, Көп­жасаров Ескендірді, Сұл­тангереев Нәдір­шахты, Меде­шев Айтілепті, Иша­нов Хаби­буланы, Сникрентов Ша­ришті, Құлбаев Исмағұлды, Қаржаубаев Рахметолланы, Сарыу­дрин (Сарғожин бо­луы керек – Қ.Қ.) Сабырды, Ахмет­жанов Қайыршаны, Омаров Са­лықты, Құбаналиев Майдан­ды, Ертілеусов (Ізті­леуов – Қ.Қ.) Са­ғидолланы, Қос­дәулетов Куа­найды, Чулаев Қожасты, Нұр­мұхамедов Хас(а)нды, Көп­жасаров Исаны, Қалменев Пу­рашты, Сатаев Кенжеғалиды, Қазаев Ғұбайдолланы, Омаров Хайролланы, Тілеубергенев Дже­букинберді (Жұбекен – Қ.Қ.), Нұр­мұхамедов Қабыш­ты, Мұқанов Мұха­медқалиды, Танаусов Мырзабайды, Попов Ива Гавриловты И. Даеденко земск басқармасының мүшесі, осыларды Алашорданың бел­сенді қайраткерлері әрі нағыз қол­даушылары ретінде. Пред­седатель Песковский».

Көріп отырғанымыздай, бұл тізім Күнбатыс Алашорда үкі­метінің ең бел­сенді мүшелері десек қателеспейміз. Дәл осы тізім бойынша кейін бұлардың бәрі де қуғын-сүргінге, репрессияға ұшыраған.

Міне, осы кезден бастап Қайырша хазіреттің басына бұлт үйірілді деп айта аламыз. Ке­йін алашордалықтарға амнис­тия берілген кезде бірнеше жыл өз шаруашылығымен айна­лы­сып, бейтарап тұрған. Бұл жө­нінде Самат Бекболатов деген аза­маттың өмірбаянында «1921 жылдан 1924 жылдың аяғы­на дейін Жымпиты ауданы Шола­қаңқаты ауылында Қа­йырша Ахмет­жановтың қо­лында мал бағып, жалшылықта жүрдім» деген дерек кездеседі.

Қайырша Ахметжановтың 1926 жылы 25 қазан мен 4 қараша аралығында Уфа қаласында өткен Ішкі Ресей және Сібір мұ­­сылмандарының ІІІ сиезіне қа­тыс­қандығы туралы дерек сақ­талған. Сиез президиумының ұсы­нысымен жер­гілікті баш­құрт үкіметін – Баш­құрт­стан Орталық Комитетін сиез атынан құттықтау үш адамға – Хасан-Гата Габашиге, Ғинатулла Ах­мет­шинге және Қайырша Ах­метжановқа тапсырылыпты.

р

Қолымызға әзірге нақты дерек түс­песе де, 1923-1924 жылдардан бас­­талған жаппай қуда­лау – сайлау пұрса­тынан айыру, үстеме салық салу, ол төлен­бе­ген жағдайда мал-мүлкін тәркі­леп, жер аудару секілді қуғын-сүргіннен Қайырша хазірет те тыс қалды деп айта алмаймыз.

«Көкемді 1932 жылы айдап алып кетті, біз далада қалдық. Ол кезде Куй­бышев (қазіргі Самара) облысында тұратын едік. Кейін ағайынды сағалап, елге келдік», дейді екен Қайыршаның қарындасы, Ахметжан молданың 1916 жылы туған кенже қызы Әсима апай. Бұл деректі бізге Темірболат ағай жеткізді.

Соңғы сәт

Байдың, молданың ұрпағы ретінде Ахметшеұлы Құбаш та қуғын-сүргін көрген. Ұлы Темір­болаттың айтуынша, Құ­баш арабша сауатты болған. Құл­пытасында 1882 жылы туды деп жазылғанымен, шын туған жылы 1899-1900 жылдар болуы керек. «Ауыл мек­тебін бітірген соң дін оқуын оқу үшін Қазан қаласына барған екен. Сол кезде бүкіл Ресейде төңкеріс басталып, күн­де жиын-митинг болып, Қазан шаһа­рының тынышы кетіп тұрған екен. Әкем оқымай, елге қайтып келіпті», дейді Темірболат ақсақал.

Ол кездері Құбаш Ахмет­шеев­тер Ілбішін (қазіргі Чапаев) шаһары тұсында, Жайықтың сол жағалауын мекендеген. Бұл қазіргі Теректі ауданы Шағатай ауылдық округі, Қызылжар ауылы маңы. Дуана да, Шалқар көлі де қашық емес.

Большевиктер билігі толық орнаған соң «молданың тұқымы, бай» деген айыппен Құбаш та сотталып, жер ауда­рылған. Кейін амнистияға ілініп, боса­ған соң туған ауылына бармай, наға­шыларын сағалап, қазіргі Бекей, Ханкөл ауылдарына келген.

Құбаш Ахметшеұлына тоқ­талып отырған себебіміз – Қа­йырша хазіретті соңғы рет көріп, тілдесіп қалған, ақырғы сапарына шығарып салған осы кісі. Тағы да Темірболат Құбашұлының әңгімесіне құлақ түрейік:

«1930 жылдардың соңы, 1940 жыл­дардың басы болса керек, әйтеуір соғыс­тан бұрын, әкеміз Қайырша хазіреттің бір хабарын естіп, Ресей жеріне іздеп барыпты. Әттең, нақты қай жер екенін анықтап сұрап алмаппын, айтса да есімде қалмаған. Сонымен әкем барса, хазірет қатты науқас екен. Төсек тартып жатса керек. Немере інісі келгеніне қатты қуанып, «менің күткен адамым келді. Енді өле берсем де болады» депті жарықтық. Сол жерде өзінің жеке түскен фотосуретін және ұстаған Құран кітабын өз қолымен әкеме табыстаған. Және көп ұзамай өмірден өткен. Арулап, пәктер алдында хазірет күлімсіреп жатыпты. Әкем хазіретті өз қолымен жерлеп, сурет пен Құранды елге алып қайтқан...»

Қайырша хазіреттің Құран кітабы осылайша Құбаш қарттың үйінде ең қастерлі бұйымға айнал­ған. Кейін кенже ұл Темір­болаттың шаңырағына көшкен. Темірболат ағай бұл Құранды 2000 жылдардың басында Орал қаласына жұмыс сапарымен кел­ген Президент Нұрсұлтан Назар­баевқа сыйға тартқан.

«Алаш қайраткерлері, Қа­йырша хазі­реттер армандаған тәуел­сіздікке біз жеттік. Сол баба­лар алақанының табы қал­ған көненің көзі қасиетті Құран сізді бәле-жаладан, сұқ көзден, сұғанақ тілден қорғайтын оққа­ғарыңыз болсын», депті Темір­болат Құранды ұсынып тұрып. Президент Құранды сүйіп, кеу­де­сіне басып, «маған берген сый­лықтардың ішіндегі ең қымбаты осы» деген екен.

 

Батыс Қазақстан облысы