Алдымен сақалды құрылыс санының күрт өсуіне не себеп болып тұр деген сойылдай сұрақ төңірегінде талдау жасап көрелік. Ең бастысы, алғашқы іргетасы қаланғаннан бастап сапасының сын көтермейтінінде жатса керек. Осыдан барып құрылыс жұмысы кешігеді. Бұл екі ортада құрылыс материалдарының бағасының өзгеруі де әбден мүмкін. Қазір айта-айта жауыр болған осы сылтау өршіп тұр. Бір ғажабы, бұл тарапта бақылау кемшін. Ойға алған шаруа неге ойдағыдай орындалмады, қол бөгесін болған қай кемшілік, құрылыс компаниялары ырғалып-жырғалып неліктен жүріп алды? Мәселенің мәнісіне барып жатқан ешкім жоқ. Айналып келгенде осының бәрі артық ақша жұмсауға себеп болады.
Алдымен сапа туралы айта кетелік. Биыл облыстағы құрылыс компанияларының сапасыз жұмысына байланысты 30 млн теңге айыппұл салынды. Тексеріс нәтижесіне орай 69 әкімшілік іс қозғалды. Бұл орайда мамандар нысандарды салу кезінде құрылыс технологиясы тап-тұйнақтай сақтала бермейтінін айтып отыр. Тұрғындар тарапынан жаңадан салынған тұрғын үйлердің сапасына орай жиі айтылатын өкпе-наз да осы жерде туындайды. Ал сақалды құрылыс деген самсап тұр. Қазір құрылыс материалдары күрт қымбаттап кетті деген желеумен миллиардтаған қаржы бағытталған нысандарды салып жатқан компаниялар қайта-қайта алақандарын жайып, қосымша қаражат сұрауда. Осы арасы түсініксіз. Әлбетте, кез келген құрылыс жұмысының жобалық-сметалық құжаттары толтырылады. Қаражат та бөлінеді. Тек салыну уақыты ұзап кеткеннен кейін баға өзгеріп кетті деген байбалам шығады. Осы арада жемқорлықтың құлағы қылтиып тұрған тәрізді.
«Аманат» партиясының облыстық филиалының комиссиясы өңірдегі нысандарға мониторинг жүргізіпті. Комиссия алдымен Аршалы ауданындағы Аршалы, Жібек жолы, Жалтыркөл елді мекендеріне көгілдір отын тарту желілеріне назар аударған. Жоғарыда аталған ауылдарда өткен жылдың соңына дейін ұзындығы 382,3 шақырым болатын газ желісін тарту жоспарланған. Алдын ала екшеліп, бекітілген тізімге сәйкес Целиноград және Аршалы аудандарындағы Аршалы кенті мен Аққайың, Қоянды, Шұбар, Жібек жолы, Жалтыркөл ауылдарына табиғи газ құбырлары тартылуға тиісті еді. Аршалы мен Жалтыркөл ауылдарындағы жұмыс уақтылы жүзеге асырылып, 134,5 шақырым газ желісі тартылды. Әйтсе де, құрылыс материалдары қымбаттап кетті деген жаны сірі желеумен 6 жобаның төртеуі бойынша жобалық-сметалық құжат түзетілуге тапсырылған. Мәселенің мәнісіне тереңірек тоқталсақ, Жібек жолы ауылындағы бұл тараптағы жұмыстың тек 48 пайызы ғана орындалған. Сөйтіп, 110 шақырым ғана желі тартылған. Аққайың ауылында да дәл осындай көрініс. Алдын ала жасалған жоспар небәрі 86 пайызға ғана орындалған. Ал Қоянды мен Шұбар елді мекендеріндегі бұл орайдағы жағдай тіпті қиын. Газ құбырының аз ғана бөлігі жүргізілген болып шықты. Енді қосымша тағы да қаншама қаражат бөлінуі керек. Егер алдын ала жасалған жоспар бойынша бар жұмыс тиянақты атқарылса, онсыз да бүйірі шықпай жатқан бюджетке қосымша жүк болмас еді.
Сақалды құрылыстың тағы бірі – Аршалы ауданындағы Жалтыркөл ауылында салынуға тиісті 300 орындық білім ошағы. Бұл құрылысқа өткен жылы бөлінуге тиіс 518,1 млн теңгенің тек 87,9 млн теңгесі ғана бағытталған. Облыстық бюджеттен бөлінетін 136,4 млн теңге толық аударылған. Әйтсе де, құрылыс жұмыстары қарқын алмады. Енді биыл жалғастырылмақ. Құрылыс компаниясының алдын ала жасалған есебіне қарағанда, бар шаруаны тап-тұйнақтай етіп атқару үшін облыстық бюджеттен тағы да қосымша 430,2 млн теңге қажет екен. Міне, осылайша іс сағыздай созылып, қыруар қаржыны жұтып жатыр.
Көкшетау қаласында да бұл тараптағы ретсіздік менмұндалап тұр. Жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақхана құрылыстары іркіліп қалған. Енді тағы да бағаның өзгеруіне байланысты түзетулер енгізілмек. Былтыр үш бірдей жатақхана жобасы қымбаттаған. Айталық, Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледждің жатақханасын толық аяқтау үшін әлі де 1 207,3 млн теңге қажет. Облыстық бюджеттен 2023 жылы 856,8 млн теңге қарастырылып отыр. Бюджетке қосымша тағы да жүк түспек.
Бөлінген қаражат жетпей қалды деген байбалам балабақшалар құрылысында да бой көрсетті. Айталық, облыс орталығындағы тіл кемістігі бар балаларға арналған 280 орындық балабақша құрылысына облыстық бюджеттен өткен жылы 251 млн теңге бағытталған. Оған қоса алдағы жылға 500 млн теңге қарастырылған. Дегенмен балабақша құрылысын толық аяқтау үшін бағаның өзгеруіне байланысты 1 120,2 млн теңге керек. Қазіргі уақытта бұл нысанның сыртқы және ішкі қабырғаларын қалау тәрізді жұмыс жүргізілуде. Облыс орталығының іргесіндегі Нұрлыкөш ауылындағы 280 орындық балабақша жобасына да түзету енгізіліп, қаражаттың жетіспеушілігінен құрылыс бағасы тіптен шарықтап кеткен. Облыстық бюджеттен 272,5 млн теңге бөлінгенімен, жоба жалынан ұстатар емес. Биыл тағы да 706,5 млн теңге бағыттау жоспарланыпты. Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі және сыртқы қабырғаларының кірпіші қаланып, екінші қабатының төбесі жабылып жатыр. Уақытында қаржыландырылмағандықтан ауадай қажет болып отырған нысанды пайдалануға беру мерзімі ұзартылған.
Өңірде мұндай өңі қашқан құрылыс жұмыстары аз емес. Соның бір парасы Бурабай ауданында. Щучинск қаласындағы көпсалалы спорт сарайы мен 4 тұрғын үйдің құрылысы тоқырап тұр. «Қазбайлық Астана» мердігерлік компаниясы салып жатқан әрқайсысы 45 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенімен, аталған нысандар аяқталған жоқ. Тіпті бар жұмысы былтыр бітеді делінген дәрігерлерге арналған тұрғын үй мен тағы бір 45 пәтерлі үй құрылысы қаңтарылып тұр. Мердігер компания өткен жылы жобаға түзету енгізіп, тағы да қаржы алғанымен, бұл жерде де берекесіздік орын алуда.
Алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін сақалды құрылысы самсап тұрған өңірде жиі-жиі мониторинг жүргізіліп, саланың серпінін жиі бақылап отырған жөн тәрізді. Әйтпесе, қожыраған іс қоң бітірер емес.
Ақмола облысы