Тұрғындар ауызсудың сапасыз екенін айтқан. Аудан әкімі Айтуған Шайхимов хатта жазып көрсеткендей, Захаровкадағы су құбырының ұзындығы – 3,5 км. Оны қайта құру жұмыстары 2008 жылы жүргізіліпті. Ал 2021 жылы сумен жабдықтау нысандарына 14,1 млн теңге қаражат бөлініп, оған су мұнарасы жаңартылып, қосымша су колонкалары орнатылған. Сондай-ақ су желісінің тиімділігін арттыруға мән берілген. Одан ағып келетін тіршілік нәрінің дәмі мезгіл сайын тұз татып, ащы болып кететінін ескерген жергілікті билік енді келер жылы кешенді блок-модуль орнатып беруді ұйғарып отыр.
– Захаровкадағы түтін саны – 78, жалпы 212 адам тұрады. Биыл 54,7 млн теңгеге ауыл ішіндегі 1,6 шақырым жолға асфальт төселді. «Индустрия связи» ЖШС тұрғындар тұрақты интернет байланысына қол жеткізуі үшін діңгекті байланыс орнатты. Нәтижесінде «уатсап» желісі арқылы байланысқа шығу мүмкіндігі бар. Бұйыртса, 2025 жылға дейін мұнда ұялы байланысты қамтамасыз ететін антенналы құрылғы қойылады. Ал Захаров негізгі мектебінде биыл шатыры жөнделіп, кіреберіс есігі жаңартылды, – деп жауап берді Айтуған Абылайұлы.
Аудан басшылығының мәселеге жедел үн қатып, жоба-жоспарларымен бөлісіп жатқаны құптарлық қадам. Ауыл жұртын алаңдатқан түйткілдердің түйіні тарқап, заманға сай инфрақұрылым орнап жатса, бұл да бір үлкен игілік болар еді. Келер жылы ауылдық аумақтарды дамытуға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп отырғаны да мәлім. Ендеше алда жақсылық күтеміз.
Павлодар облысы,
Железин ауданы,
Захаровка ауылы