Руханият • 09 Қаңтар, 2023

«Қазақконцерт» жылды табысты аяқтады

511 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамзат баласының жандүниесін рухтандырып, күллі халықтың түсінетін тіліне айналған құдіретті өнерді дана халқымыз ежелден-ақ айрықша бағалаған. Сол арқылы халқымыз рухы мықты, мәдениеті жоғары, өмір философиясы терең елдердің біріне айналды. Көне мұраларымызды күні бүгінге дейін ел игілігіне жаратып, байтақ даламызды әнімен тербеген небір тума таланттар болған. Біз қазір де мәдениет саласы мамандарының өнерлеріне бас иіп, тағзым етеміз.

«Қазақконцерт» жылды табысты аяқтады

«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы отандық өнер туындыларын кеңінен насихаттау мақсатында құрылған мемлекетіміздің ең ірі музыкалық мекемесі. Алпыс жылдан астам тарихы бар киелі шаңырақта әлем өнері мен мәдениетін терең меңгерген дарынды өнерпаздар еңбек етеді. Бұл ұйымның құрылуы еліміздің шежіресіне есімдері алтын әріптермен жазылған ұлы өнер қайраткерлерімен тығыз байланысты.

Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Мағауия Хамзин, Гүлжихан Ғалиева секілді Қазақстанның халық әртістерінің ізін жалғастырушылар Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Алтынбек Қоразбаев, Айжан Нұрмағамбетова сияқты танымал әншілерден кейін бүгіндері Азамат Жылтыркөзов, Медет Шотабаев, Димаш Құдайбергенов, Рухия Байдүкенова, Әлім Бейсембаев, Amre сынды талантты жастар сахна төрінде жүр. Шығармашылық ұжым биыл жаңадан құралған «Гүлдер» ансамблімен және «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығымен толықты. Төл дәстүрді терең меңгерген «АSTANA SAZY» және «TURAN» ансамбльдері, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «FORTE TRIO» мемлекеттік триосы, «SAZ&SOUL» вокалды-инструментальды ансамблі, классикалық және эстрада әншілері мен танымал топтар да бар.

Мекеме әртістері республика көлемінде ғана емес, шет елдерде де өз өнерлерін паш етуде. Атап айтатын болсақ, Түркия, Италия, Франция, Германия, Бразилия, Оңтүстік Корея, Беларусь, Венгрия, Тәжікстан елдерінің сахна төріне шығып, әлем халқын әндерімен тербеді. Бұдан бөлек, АҚШ, Италия, Испания, Франция, Португалия, Нидерланды, Аустрия, Швейцария, Ирландия, Украина, Словения, Мальта, Ресей, Өзбекстан елдерінің әртістерімен бірге «Qazaqstan» орталық концерт залының көрермендері үшін арнайы концерттік бағдарламаларын ұйымдастырды.

ПР

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың моноқалаларды дамыту тапсырмасына сәйкес, өңір тұрғындарына арнайы концерттер беру жоспарға ілінді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен гастрольдік іссапарлар 3 тақырыптық бағытта іске асырылды: Роза Бағланованың 100 жылдығы, «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» және «Алматыдағы Алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» жобалары.

Қазақ ән әлемінің падишасы, халқымыздың сүйікті қыздарының бірі, қайталанбас ғажап дауыс иесі, жезтаңдай әнші, КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толуына орай мерекелік іс-шаралар жыл бойы жалғасын тапты. «Қазақ деген халықтың еркесімін. Тағдырыма, еліме ризамын» – деп өзі айтқандай, әншінің мерейтойын бүкіл жұрт болып, ел болып лайықты өткізу басты міндетке айналды. Биылғы жылдың 62 маусымын «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасымен бастаған «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы гастрольдік сапарларын жаңадан ашылған облыстарға арнады, сондай-ақ, әншінің ұзақ уақыт бойы еңбек етіп, өмір сүрген Алматы қаласында «Алматыдағы алтын күз «Қазақконцертпен» бірге» атты өнер фестивалін ұйымдастырып, туған жерінде арнайы концерт берілді. Бұл шараларды қолға алудағы мақсатымыз – бір жағынан ұлттың үні Бағлановадай ұлы әншіге құрмет әрі тағзым ету болса, екіншіден, кейінгі ұрпаққа ой салу міндеті тұрды.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында да әншінің мерейтойына арналған ауқымды іс-шаралар өткізілді. Мерейлі мереке барысында елімізге белгілі мүсінші-гиппералист Айдос Есмағамбетов әнші апамыздың эксклюзивті мүсінін жасады. Сондай-ақ, «Astana Musical» мемлекеттік театры аты аңызға айналған әншінің балалық және жастық шағы, сондай-ақ, соғыс жылдарындағы қиын тағдыры мен өміріндегі осынау шешуші кезеңдері шығармашылық жолының қалыптасуына негіз болған «Роза Бағланова» атты мюзикалық қойылымды сахнаға шығарды.

«Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы аясында Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстарының тұрғындары шығармашылық ұжымның өнерлерін тамашалады. Аталмыш жобаның мақсаты – өңір тұрғындары үшін мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мен өнер қайраткерлеріне қолдау көрсету және ұлттық өнерді нығайту болды.

ЛР

«Алматым жүрегімде» атты Гала-концертте «Қазақконцерттің» солистері Қазақстанның Еңбек ері Р.Рымбаева, Қазақстанның халық әртістері А.Қоразбаев, М.Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Б.Сәмединова, А.Нұрмағабетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ж.Орынбасарова, Қ.Махан, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Р.Уайыс, Ә.Әлмәдиев, С.Меңдіғалиева, Д.Әбдухалық, Г.Мырзабекова, Е.Нариманұлы, «Азия» және «Меломен» топтары өнер көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тұңғыш «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры шаһар жұртшылығына «Сиқырлы сазды Хор концерт» театрландырылған концерттік бағдарламасын, «№13» комедиясын, «ЕНТ тапсырмаймын» драмасын, «Достар серті» және «Роза Бағланова» мюзиклдерін ұсынды. Аталмыш театр жақында жаңа «Алдар Көсе» қойылымын сахналады, оған 10 000-нан аса көрермен қатысты.

Биыл тұңғыш рет ерекше қажеттіліктері бар дарынды балаларға арналған «Арман асулары» және халықаралық «ALEM SAZ» өнер фестивалдері де өтті. «ALEM SAZ» жобасы Қазақстан мен әлемнің 76 елі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға және АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) құрылғанына 30 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Италия, Германия, Үндістан, Ресей, Испания, Беларусь және Түркия елінің музыканттары қатысып, 13 мыңнан аса көрермен тамашалады. «ALEM SAZ» фестивалінің жабылуында «АSTANA SAZY» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің «ZAMAN» атты жаңа күйтабағының тұсаукесері де өтті. Ал Балалар жылына орай өтікізілген «Арман асулары» фестивалінің гала-концертінде жобаға қатысушы өнерпаздардың «Би өнері», «Вокалдық өнер», «Аспапта орындау», «Әнді ым-ишарамен орындау» және «Ұлттық киім дизаины» жанрлары бойынша көрсеткен өнерлеріне тәнті болдық. Осы іс-шараны өткізгеннен кейін де көптеген балалар мен ата-аналардан және ұстаздардан жақсы пікірлер алдық. Әр жыл сайын өткізіп тұру өтініштерін де айтты. Іс-шараға «Қазақконцерттің» солистері, танымал өнер жұлдыздары мен шығармашылық топтармен бірге Орта Азиядағы ең алғашқы «Қанаттылар» инклюзивті театрының әртістері де өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, осы Балалар жылына орай «Балалар филармониясы» атты жаңа жоба қолға алынып, 2022 жылдың әр сенбі күні «Қазақконцерттің» айтулы өнер ұжымдары мен танымал әртістері дәріс-концерттер, шеберлік сабақтар, экскурсиялар өткізіп, кәсіби шеберліктерінің сырымен бөлісті. Ал «Жазғы кино» жобасы «Жас киноман» ретінде жалғасын тауып, көп балалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше көмекке мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге, балалар үйіндегі тәрбиеленушілер шақырылып, отандық кинотуындылар мен қазақша мультфильмдер 25 мыңнан астам балаға тегін көрсетілді.

Одан бөлек «Қазақконцерт» ұжымы «Ұлыларға тағзым» атты жаңа жоба бастады. Аталмыш жоба көрнекті жазушылар Мұхтар Әуезовтің 125, Ғабит Мүсіреповтің 120, қарымды қаламгер Ақселеу Сейдімбектің 80, талантты композиторлар Ғазиза Жұбанованың 95, Еркеғали Рахмадиевтің 90, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі Күләш Байсейітованың 110, жезтаңдай әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерекелеріне орай ұйымдастырылып, дәулескер күйші, композитор, дирижер, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналды.

Рухы мықты, мәдениеті жоғары және өнер философиясы терең халқымыздың өнер шежіресі Қорқыт баба, Әл-Фараби, Кетбұға, Асан қайғы, Қазтуған бабаларымыздан бастау алды. Халық өнері мен мәдениетін барынша насихаттап, олардың еңсесін көтеретін шығармаларды жаңаша сахналаудың жолында аянбай еңбек ету «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басты міндеттерінің бірі болып қала бермек.

РП

 

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,

композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,

«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры