Технология • 10 Қаңтар, 2023

Еселенген электронды қызмет

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұдан былай e-liсense.kz порталында екі жаңа қызмет автоматтандырылады. Оның бірі – цифрлық майнинг қызметі туралы ақпараттандыру, екіншісі – қалдықтарды жинау, сұрыптау және тасымалдау жөніндегі қызметтің басталғаны/тоқтатылғаны туралы хабарлама.

Еселенген электронды қызмет

Цифрлық даму министрлігі­нің 2020 жылдың 13 қазанындағы бұйрығына сәйкес, цифрлық майнинг саласындағы кәсіпкерден аталған қызметті жүргізу үшін лицензия талап етілмейді. Тек eliсense.kz порталы арқылы өз қызметінің басталғаны туралы электронды өтініш жіберіп, онлайн рұқсат алу жеткілікті.

Цифрлық майнингті жүзеге асыру қызметі туралы ақпа­рат­тандыру үшін өтініш иесі порталда мынадай деректерді тол­­тырады: қажетті мегаватт (МВт) қуат­тылығы туралы өті­­­ніш; жоспарланып отыр­ған жұмыс орнының санын көрсету; жоспарланған инвести­ция (теңге); IP мекен-жай; цифр­лық майнингті өндіруге арнал­ған өңдеу орталығының орна­ласқан жері туралы ақпарат. Мем­лекеттік орган жіберілген өті­нішті қарастырғаннан кейін ақпарат автоматты түрде рұқсат етілген құжаттар реестріне түсе­ді немесе бас тарту реестріне жіберіледі (дәлелді себеппен). Рұқсат етілген құжат түріндегі не болмаса дәлелді бас тарту себебі бар жауап 15 күн ішінде пайдаланушының e-liсense.kz порталындағы жеке кабинетіне келіп түседі.

Сондай-ақ аталған портал­да қалдықтарды жинау, сұрып­тау және тасымалдау жөніндегі қызметтің басталғаны/тоқта­тыл­ғаны туралы хабарлама бо­йынша да қызмет қолжетімді. Пайдаланушы порталға кіріп қалдықтармен жұмыс істеу сала­сындағы кәсіпкерлік субъек­тісінің атауын көрсете отырып өтініш қалдырады. Субъект және орналасқан жері туралы деректі көрсетеді. Қыз­меттің не­месе әрекеттің атауын жазады. Жіберілген хабар­лама Хабар­ландыру рәсімі субъек­тілерінің тізіліміне автоматты түрде енгі­зіледі. Жауап 3-5 минут ішін­де жеке кабинетке келеді. Бұ­ған дейін аталған қыз­мет тек қағаз жүзінде іске асырылып келді және өтініш берушілер мемлекеттік орган­дар­дың канцеляриясына жү­гінген еді.

Айта кетейік, e-liсense порталына кіру және авторизация жа­сау жеке тұлғалар үшін бір рет­тік құпия сөзбен атқарылады. Сон­дай-ақ жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да портал қыз­метін тұ­тыну үшін электронды цифрлық қолтаңбаны қолдана алады.