11 Маусым, 2014

Балалы отбасы – мемлекет тірегі

3036 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
13254 (3) Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы» Жолдауында «Жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ана мен баланы қорғау» басты назарға алынған. Отбасы, ана, бала тақырыбы – күнделікті тіршіліктің тірегі. Отбасы ­қоғамның әлеуметтік құрылымының маңызды бөлігі ретінде қоғамға қажетті көптеген міндеттерді орындай отырып, ел дамуында үлкен рөл атқарады. Ұрпақтар бір-бірімен алмасып, адамның өзі «өндіріледі», оның тұқымы жалғасады. Бала ең алғаш рет отбасы тәрбиесін бойына сіңіреді. Досманбетов Бақберген СәрсенұлыДемография ғылымы халықты көп адамның жиынтығы ретінде емес, оны бір ұрпақтың келесі ұрпақпен ауысуы арқылы өзін-өзі жаңартып отыратын адам популяциясы ретінде қарайды. Ол үшін популяцияның белгілі саны, жастық-жыныстық құрылымы болуы қажет. Сонымен бірге, адамдардың бала тууы мен өмір сүрудің құндылығын білуі маңызды. «Бала тууға» байланысты қатынастар неке және отбасы секілді әлеуметтік институттар арқылы жүзеге асырылады. Статистикаға көз жүгіртсек, елімізде 8,9 миллионға жуық әйел тұрады, оның 52,2 пайызы некеде тұрса, 28,2 пайызы ешқашан некеге тұрмаған. Сондай-ақ, 12,6 пайызын жесірлер, 7 пайызын ажырасқандар құраған. Ерлер саны – 8,3 млн. Оның 57,1 пайызы үйленгендер, 36,9 пайызы ешқашан некеде болмағандар. Бұдан бөлек, 3,5 пайызын ажырасқандар, 2,5 пайызын жесірлер құраған. Ал 18 жасқа дейінгілердің 72,3 пайызы өз ата-аналарымен, 15,1 пайызы тек анасымен, 6,4 пайызы тек әкесімен, 6,2 пайызы ата-анасынан бөлек тұрады. Ұрпақтың өсіп-өнуі отбасына ғана тән. Зер сала қарасақ, отбасының маңызы тек халықтың ұдайы өсуі мен ұрпақты «өндіру» ғана емес еке­нін көреміз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, әке мен ана баласын өзінің жарын таңдауға, үй болуға дайындайды. Жаңа шаңырақ көтерген жастарға өмір тәжіри­бесімен қоса отбасы құндылықтарын үйретеді. Еліміздің келешегі ұрпақ бойына қандай тәрбие дарытуымызбен анықталады. Бұл жөнінде Елбасымыз өз Жолдауында қадап айтты. Өкініш­ке орай, жүргізілген зерттеулер үйленетін жастарымыздың отбасын құруға немқұрайлы қ­арайтынын көрсетеді. Осының салдарынан қа­зір кеңінен таралып жатқан аз баламен шектелу саясаты, жастардың жүктілікті болдырмайтын әре­­кеттерге жиі баруы, әйел денсаулығына зиян кел­ті­ретін жасанды түсіктердің көбеюі – ұрпақ дамуы­ның болашағына балта шауып отырғаны шын­дық. Күтпеген жүктілікке, ерте, жиі немесе кеш тууға, жұбайлардың бедеу­лі­гін емдеуге медицина жәрдем беруі қажет. Осы­ған байланысты әйелдерге ақ­параттық, пси­хологиялық және медициналық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде отбасын жос­парлау ұйымдарын ашудың пайдасы орасан. Бұл мемлекетіміздің нығаюын қамтамасыз етеді. Елімізде демографиялық даму үрдісі әлі де толық қалыптаса қойған жоқ, оның үстіне жасанды түсік жасату шетелдегі көрсеткіштерден он есеге көп болса, өмір сүру ұзақтығымыз дамы­ған елдерден төмен. Шетелдік тәжірибе бұл жағдай отбасын жоспарлаумен айналыс­пайтын, бала тууды реттемейтін, жүктілікті бол­дыр­майтын заманауи препараттарды қол­дан­­байтын елдерде кездесетінін көрсетеді. Отбасын жоспарлау жұмысының өз деңгейінде болмағандығынан әйелдердің жартысынан көбі жүктіліктен тиімділігі төмен әдістер арқылы сақтанады, тек 12-15 пайызы ғана сақтанудың тиімді әдістерін қолданады. Соның нәтижесінде күтпеген жүктілік көбіне туылу мерзімінен бұрын жасанды тоқтатылып отырады. Халықаралық тәжірибенің көрсетуі бойынша, тиімді сақтану құралдарын әйелдердің 40 пайызы ғана пайдаланса, жасанды түсік жасау 1,5-2 жарым есе, ана өлімі 3 есеге азаяды екен. Бұл мәселе ұлт келешегіне аса қатысты болғандықтан, жоспарсыз жүктілікті, бедеулікті, жыныстық аурулар мен СПИД-тен емделуге баса көңіл бөлу керек. Қазіргі кезде жастарды көпшілік ақпарат құралдары арқылы туу мен көп балалы болу жөнінде уағыздау, расын айтқанда, оншалықты тиімді болып тұрған жоқ. Дегенмен, аз балалы болу нормасы ұлтымызды ұшпаққа шығармайтынын түсіндіріп, ұлтжандылық сезімін оятып, насихаттағанымыз жөн. Көптеген отбасылар қоғамның қажеттілігін ескермей, бала тууды объективті және субъективті факторлар арқылы жүзеге асыруда. Сондықтан демографиялық сая­сат халықтың, қоғамның экономикалық және әлеуметтік дамуын ескергені дұрыс. Статистикалық мәліметтер мен көптеген зерттеулердің нәтижесі бала туудың өсуіне немесе азаюына халықтың жынысы мен жасына қарай құрамы, тұрмыстық жағдайы, некеге тұру жасы, жалпы және кәсіби білімінің деңгейі, қоғамдық өндірісте әйел еңбегін пайдаланудың дәрежесі, өндірістің даму деңгейі, бала өлімі, халықтың мәдени-рухани даму дәрежесі секілді факторлардың әсер ететінін көрсетеді. Халықтың ұдайы өсіп-өнуін анықтайтын ма­ңызды фактор – баланың туылуы. Туу деңгейі бір жыл ішіндегі тірі туылғандардың жалпы санының халықтың 1000 адамға шаққандағы орташа санына қатынасын көрсетеді және фертильді контингенттің санына байланысты. Фертильді контингент халықтың жасы мен жыныстық құрылымымен, некелер мен ажырасулар деңгейімен, стерильді жұбайлар мен басқа да таза демографиялық факторлар арқылы анықталады. Қазақ отбасындағы бала туу соғыстан кейінгі жылдарда көбейе түсіп, 50-60 жылдары ең жоғарғы деңгейге жетті. Егерде 60-жылдардың басында қазақ отбасында бала тууды әдейілеп тежеу кең тарамаған болса, қазіргі кезде ол реттелетін жағдайға түсті. Мұның басты себебі, 60-жылдың екінші жартысында үйленген жастардың жаңа мәдени нормаларға, өмір сүрудің жаңа талаптарына, ақпарат құралдарының әсеріне, білім деңгейінің өсуіне, әйелдердің көпшілігінің жұмысқа назар аударуына байланысты болды. Осыған сәйкес жас аналардың репродуктивті (бала туу) көзқарасы басқаша қалыптаса бастады. Некедегі әке мен ана ғана бала туудың «пәк санын», «өздері қалаған санын», «ықтимал санын» өз еріктері бойынша шешеді. «Баланың пәк саны» деген – абстрактілі ұғым, себебі, ол жұбайлардың нақты өмір сүру жағдайынан алшақ жатыр. Бұл көрсеткіш, жалпы отбасында пәк жағдайда баланың нешеу болғаны дұрыс деген ұғымды көрсетеді. Өмірдің мәңгі пәк күйінде тұрмайтыны адамзатқа анық. Ал «қалаған бала саны» ұғымы – әр тұлғаның өз еркі. Шын мәнінде неше бала болатынын олардың өмір сүру жағдайының нақты көрінісі шешеді. Өмірде жұбайлар өздерінің бастапқы демографиялық ұстанымдарына қол жеткізуге талпынады. Француз демографы Р.Прессаның зерттеулері бойынша «қалаған бала саны» өмір сүрудің ең жоғары деңгейінде өмір сүргендердің өзінде 87 пайыз болса, төмен жағдайында 79 пайызға орындалады екен. «Қалаған бала» санына қол жеткізу бірнеше жағдайларға байланысты. Оның ішінде жұбайлардың білім деңгейі (өкінішке орай, білімдері жоғарылаған сайын бала сүюге құлықсыз болады), айлық табыстары, тұрғын үйдің көлемі, бос уақыттары, мектепке дейінгі мекемелердің, қажетті керек-жарақтардың қолжетімділігіне сая­ды. Зерттеулер жас және 30-49 жас арасындағы әйелдердің «қалаған бала» санына көзқарасы әртүрлі екенін көрсетіп отыр. Бұл отбасындағы табыс мөлшеріне де қатысты. Неғұрлым табыс жоғарыласа, «қалаған бала» саны төмендейді. 1-кесте. Халықтың табиғи қозғалысының көрсеткіштері
 

1970

1980

1990

2000

2010

2011

2013

Туылған бала саны

     
Барлығы 23,4 23,9 22,1 14,9 22,5 22,5 2,8
Қалада 19,7 22,1 19,1 13,6 22,9 21,8 1,9
Ауылдық жерде 27,1 25,9 26,3 16,6 22,1 23,3 3,7

Өлгендер саны

Барлығы 6,0 8,0 7,9 10,1 8,9 8,7 8,5
Қалада 6,5 8,1 8,1 11,3 9,5 9,2 9,0
Ауылдық жерде 5,5 7,8 7,5 8,5 8,3 8,1 8,0

Табиғи өсім

Барлығы 17,4 15,9 14,2 4,8 13,6 13,8 14,1
Қалада 13,2 14,0 11,0 2,3 13,4 12,6 12,6
Ауылдық жерде 21,6 18,1 18,8 8,1 13,8 15,2 15,6
2-кесте. Анасының жасына қарай туу мөлшері

Анасының жасы

1958 -1959

1978 -1979

1989

1999

2009

2010

2011

2012

20-дан жас 48,4 37,7 47,4 33,8 31 28,3 29,4 31,3
20-24 233,8 198,6 214,3 133,3 156,1 129,7 148,0 153,2
25-29 235,9 163,3 153,1 100 157,0 105,4 154,8 156,0
30-34 175,9 110,8 89,8 59,6 110,0 66,2 110,4 109,2
35-39 127,2 63,4 41,9 26,1 60,5 29,8 62,2 61,6
40-44 54,8 27,5 12,7 5,9 15,3 6,5 15,7 15,8
45-49 16,8 3,8 1,0 0,6 0,7 0,5 0,7 0,7
15-49 143 94,5 92,2 53,5 80,4 53,8 80,9 82,9
2009 жылғы халық санағы кезінде 15-55 жас аралығындағы әйелдерге неше бала тууды жос­парлағаны туралы сұрақ қойылды. Оған қатысқан 5058696 әйелдің 13098783-і «бала жос­парладым» деп жауап берді. Оның ішінде, қалада тұратын әйелдер 6751966 (51,5%) болса, ауылдық жерде 6346817 (48,5%) болып шықты. Еліміз бойынша бір әйел репродуктивті кезеңде (бала тууға қабілетті жасында немесе 15-49 жас аралығында) орта есеппен 2,6 бала тууды жоспарлаған, оның ішінде, қала­да – 2,3 бала, ауылдық жерде - 3 бала. Айта кету керек, жасы үлкен топтағы әйелдердің жоспары жоғарылау. Мәселен, 25-50 жастағы әйелдер орташа 2,6-2,9 бала тууды жоспарласа, жасы 15-24 жастағы әйелдер 2,0-2,3 бала тууды ғана қалаған. Бала санын отбасында өздері шешу дәстүрі алдымен қала тұрғындарынан басталды. «Асфальтта туған» баланың саны әлі күнге дейін ауылдық жерде туылғандардан аз. Жұбайлардың білім деңгейінің бала тууға кері әсері де жалғасын табуда. Оның басты себебі: тұрмыс әйелден көп уақытын үй жұмысына бөлуді талап етеді. Неғұрлым көпбалалы отбасы болған сайын, оның жұмысы да көбейіп, әйелдің өзінің жан-жақты дамуына уақыты жетпей, жеке басына көңіл аз бөледі. Осыған сәйкес әйел бала санын азайтуға мәжбүр. Жасыратыны жоқ, әр отбасы өз тіршілігін күйттеуде. Бір жағынан бала-шағасын асырау үшін ақша табудың жолын іздеп, жұмыс істейді. Екінші жағынан, ең басты табиғи борышы – ұрпағын өмірге әкеледі. Қарап отырсақ, адамды дүниеге келтіру процесін қаншама қоғамдық, мемлекеттік мәселе деп қарасақ та, көбіне жеке отбасының өзінің ғана ісі болып қалып отыр. Үйдегі тіршіліктердің көбі әйелдің мойнында екені тағы рас. Бұл өз кезегінде күйеуі екеуінің арасында психологиялық теңсіздікті тудырады. Осыдан келіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету әрекеті пайда болады. Ер адамдар да үйдегі өзіне тиесілі жұмыстардың аз болғанын қалап, бала басын тежеуге құлық танытады. Әйелді бала санын кемітуге мәжбүр ететін фактор – отбасының экономикалық, материалдық жағдайы. Нәрестені туу, оны өсіру үлкен жауапкер­шілік. Баламен отырған әйел қызметінен қалыс қалып, мамандығының мәнін де ұмыта бастайды. Өзін-өзі қарауға уақыты жетпей, жан тыныштығы азаяды. Оның үстіне, қазір әйелдің ерімен қатар отбасын асырау міндеті қатар жүргені рас. Ол – қазірде тұтыну заттарын үйге жеткізумен қоса үйдің тазалығы, ас даярлау секілді тіршіліктердің «қамытынан» босаған жоқ. Сондай-ақ, бала дәрігері, тәрбиешісі, педагогтік қызметін де қоса атқа­рады. Осыдан кейін әрбір ана бұл қиын­шы­лықтан шығудың жолы бала санын азайту деп түсінеді. Егерде осыдан 50-60 жыл бұрын әр қазақ әйелі орташа есеппен 7-8 баладан туса, 2000-2011 жылдары 3 баладан туған. Сөйтіп, қазақ халқы Орталық Азия елдері арасында бірінші болып демографиялық ауысудың екінші фазасына, яғни, туудың төмендеу сатысына көшті. Болжам бо­йын­ша, келешекте туудың төмендеуі әлі де бәсең­дейді. Тұрақтанар деген үміт те бар, бірақ, бұл тұрақ­тылық халықтың жастық құрылымының жақсаруына байланысты екенін ескерген дұрыс. Жалпы, 1970-1990 жылдары өңірлердегі туу деңгейінде оң өзгерістер болды. 2013 жылы елімізде 387227 бала дүниеге келді, соның ішінде қалалық мекендерде – 209004 адам, ауылдық  жерлерде – 178223 адам. Туылған ер балалар 51,6 пайызды құраса, 48,4 пайызы қыз балалар болған немесе 100 қыз балаға шаққанда 106,7 ер баладан келген. Туылғандар саны соңғы он жылда қалалық ме­кен­дерде 50,7 пайызға, ауылдық жерде 63,1 па­йызға артты. 2013 жылы туылғандар саны 2003 жыл­ғы деңгейден 56,2 пайызға өсті. Соңғы он жыл ішін­де 1000 тұрғынға шаққандағы бала туудың ең жоға­ры деңгейі Маңғыстау өңірінде (31,7), Оңтүстік Қазақ­стан (29,6) және Атырау (28,6) облыстарында болды. Ең төменгі көрсеткішке Шығыс Қазақстан (16,4), Қостанай (14) және Солтүстік Қазақстан (14,8) об­лыстары табан тиянақтатты. Осылайша, туу­дың жоғары және төменгі деңгейлерінің өзара ал­ша­қ­тығы 60 пайыздан асып кетті. Соңғы 40 жылда бала туудың орташа көрсеткіші 15,85 сатыға баяула­ды. Төмендеу біркелкі болған жоқ, мысалы, 1970 жылы бірден 30,5 пайызға түссе, соңғы жылдары бұл көрсеткіш одан төмендеу баяулады. Туудың жо­ғары болып, өлімнің төмендеуі нәтижесіне бай­ла­нысты 1000 адамға шаққандағы табиғи өсім Қы­зыл­орда облысында 2011жылы – 21,8, Оңтүстік Қа­зақ­станда – 21,7, Атырау облысында 21,2 болды. Ал Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысында 1970-2010 жылдары туу коэффиценті 3,4 пайызға бәсеңдеген. Репродуктивті кезеңінде (15-49 жас) бір әйелдің орта есеппен алғандағы дүниеге әкелетін балалар санын көрсететін туудың жиынтық коэффициенті (ТЖК) 2013 жылы 2,64-ті құрады және 10 жыл ішін­де 0,61-ке өсті (2003 ж. – 2,03). Қалалық мекендер­де ТЖК 2,40 (2003 ж. – 1,89) ауылдық мекендерде 3,01 (2003 ж. – 2,27) болды. Елдің өңірлері бо­йын­­ша ең жоғары ТЖК Оңтүстік Қазақстан (3,63), Маң­­ғыстау (3,63), Қызылорда (3,43), Жамбыл об­лыс­­­­тарында (3,41), ал төменгі  көрсеткіш Алматы қа­л­а­сы (1,71) мен Қостанай (1,77) облысында байқалды. 1970 жылдан бері жүргізілген зерттеулер елімізде баланың туылу көрсеткіші жоғары облыс­тар (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау) мен туу көрсеткіші ең төмен деген облыс­тарды (Қостанай, Солтүстік Қазақстан) анықтады. 2013 жылы еліміздің 38,6 пайыз халқы тұратын орталық және солтүстік облыстарында туудың жалпы коэффициенті 18,8 болса, елдің 61,4 пайыз халқы тұратын оңтүстік, батыс аймағында туу 22,4 пайызды құрады. Аталған облыстарда туу деңгейінің жоғары болуына бала туу туралы ұстанымдары үйлесім табатын, отбасы тарихының танымы үндесе білетін қазақ және өзбек ұлттарының шоғырлануы себеп болды. Келесі фактор индустрияландыру мен урбанизацияның өсу деңгейінен көрінді. Аймақтық дәлелдер ауыл мен қала тұрғындарының туу коэффициенттерінің алшақтығы 0,8 ден 7,4 сатыға дейін жеткен. Халықтың табиғи өсімі – туу мен өлімнің жалпы коэффициенттерінің айырмашылығы негізінде есептелетін табиғи өсім коэффициентімен көрсетіледі. Ал 1-кестеде көрсетілгендей, 1990-2013 жылдары бұл көрсеткіш 14,2 ден 14,1-ге дейін төмендеген. Республикамызда 1958-2012 жылдары анасы­ның жасына қарай туылғандар туралы деректерге сүйенсек, бала туудың 1958-1959 жылдармен салыстырғанда төмендегенін көрсетеді. Бұл жұбай­лардың отбасындағы бала санын өздері шешуінің кең тарағанын және оның тереңдей түскенін аңғартады. Бұл (2-кесте) келесі кестеде көрсетілген. Соңғы кезде ана жасының ең төменгі деңгейін­дегі (20-дан жас, 20-24 аралығындағы) туу көрсеткіші 1978-1979 жылдары туылғандармен салыстырғанда, 1989 жылы туылғандар үшін бірнеше жоғарырақ болды. Екінші бір тенденция 50-жылдардың аяғында жасына қарай туудың ең жоғары көрсеткіші 25-29 жастағы әйелдерге тән болса, қазіргі кезде де бұл көрсеткіш осы жастағы әйелдер арасында болып тұр. Статистикалық деректер 2013 жылы репродуктивті (әйелдердің бала тууға қабілетті жасы) жастағы әйелдердің 12,6 пайызға өскенін көрсетеді. Оның ішінде, 20-24 жас­тағы топ – 29, 45-49 жастағы топ 27 пайызға өссе, 35-39 жас аралығында топ 5,5 пайызға төмендеген. Демографиялық жағдайды талдау үшін репродуктивті жастағы некеде тұрған әйелдердің жастық құрылымы қажет. Фертильді жастағы әйелдердің үлесі 29 пайыздан 37 пайызға немесе 8 пайызға өскен. Ал 20-29 жастағы қарқынды бала туу жасындағы әйелдер саны 5,4 пайызға немесе 34,6 пайыздан 40 пайызға дейін көтерілді. Репродуктивті жастағы некеде тұрған әйелдер саны 58,6 пайыздан 53,1 пайызға дейін кеміген де, 20-29 жастағы әйелдер саны 29,4 пайыздан 30,1 пайызға дейін өскен. Репродуктивті жастағы некеден ажырасқан әйелдер саны 8,8 пайыздан 6,9 пайызға дейін немесе 1,9 сатыға төмендеді. Осы топтың ішінде 20-29 жас аралығында ажырасқан әйелдер саны 24 пайыздан 19 пайызға дейін төмендеген. Репродуктивті жастағы жесір қалған әйелдер саны да өзгеріске ұшырап, 3,5 пайыздан 2,5 пайызға дейін кеміді. 20-29 жастағы жесір әйелдер саны 10,5 пайыздан 6,5 пайызға дейін немесе 4 пайызға азайды. Елімізде бүкіл әйелдердің саны 1999-2013 жылдары 9,9 пайыз өссе, осы уақыт ішінде бала туған әйелдердің саны 13,5 пайызға ұлғайған. 2011 жылы туу коэффиценті 20 жасқа дейінгі топтан басқа топтардың барлығында жоғары болып, 1000 адамға шаққанда 29,4 баладан келді. Қазіргі кезде көптеген елдерге аз балалы отбасына көшу тенденциясы тән, әзірге біздің елімізде, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын түркі тектес халықтар арасында 3-4 балалы болу тенденциясы сақталуда. Сонымен қатар, ТМД елдеріне тән аз балалы болу тенденциясы байқалады. Мұнда негізінен бала туу 20-24 және 25-29 жастар тобына ауысуда. Басқа жастар топтарында туу коэффициенті төмендеп кетті. Мысалы, 35-39 жастағы топта бала туу 1,2 есеге, 45-49 топта 3 есеге төмендеген. Бала туу көрсеткішінің өсуіне еліміздегі некелесудің жоғары деңгейі мен ажырасудың төмен болғаны оң әсер етуде. Сонымен қатар, табиғи өсім мен тууға халықтың қалада немесе ауылдық жерде тұрғаны да әсер етеді. Мысалы, 2013 жылы 1000 адамға шаққанда, қалада – 22,4 адам туылса, ауылдық жерлерде – 23,2 нәресте дүниеге келген. Демек, неғұрлым ауылдық жерде тұратын халықтың саны көп болса туу деңгейі де жоғарыламақ. Білім деңгейі мен бала туу арасында белгілі бір байланыс бар, халықтың білімі неғұрлым жоғары болған сайын бала туу төмендейді. Бұл қағиданы 2009 жылғы халық санағының қорытындысынан да аңғаруға болады. Жоғары білім алған әйелдердің 1000 адамға шаққандағы туылған бала саны – 1279, жоғары білімі аяқталмаған әйелдерде – 1306, орта білім алғандарда – 1378, толық емес орта білімі бар әйелдерде – 1648 болса, бастауыш білімі барлар 2718 сәбиді өмірге әкелген. Сонда білімі бастауыш мектеп деңгейінде болған әйелдер ғана туудың ең жоғары көрсеткішіне ие болып, ұдайы өсуді қамтамасыз етіп отырғандығын көреміз. Ана мен баланың денсаулығын жақсарту мақсатында соңғы жылдары көптеген перзентханалар, әйелдер мен балалар консультациялары, жүкті әйелдер мен балалы әйелдер үшін демалыс орындары салынуда. 2013 жылы елімізде 1018 әйелдер консультациялары мен акушер-геникологиялық кабинеттер жұмыс істеуде. Сол жылы әрбір туылған 1000 балаға есептегенде 10,3 дәрігер акушер-гинекологтан, жүкті әйелдерге арналған 25 кереуеттен тиесілі болған. 2010-2011 жылдары ҚР Статистика агенттігі мен БҰҰ Балалар қорының қатысуымен жүргізілген зерттеулер елімізде әйелдерді босануға дейінгі уақыттағы бақылауға алу жұмысы жоғары деңгейде екенін көрсетті. Жүкті әйелдің 99,2 пайы­зы кем дегенде бір рет дәрігердің қабылдауында болған, ал жүкті әйелдердің 87 пайызы төрт реттен жоғары санатты дәрігерге қаралған. 15-16 айлық балалар тобына өмірінің алғашқы он екі айында БЦЖ (99,2%) егу жұмысы жасалып, 98,4%-на бірінші АКДС егуі, 98,1%-на полиомелит вакцинасы салынған. Сонымен қатар, мемлекет балалы отбасына көптеген материалдық көмек көрсетуде. Тегін немесе жеңілдікпен балалар мекемелерінде тәрбиелеу, көпбалалы аналаларға мемлекеттен жәрдемақы төлеу, аз қамтылған, асыраушысынан айырылған отбасыларға, жас мүгедектерге жәрдемақы тағайындап, еңбекке жарамсыз мүгедек балалардың зейнет ақысына қосымша төлеу секілді қамқорлықтар қаралған. 2012 жылы бала тууға байланысты берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақыны 381,2 мың адам 64 720 теңгеден, бір жасқа толмаған баланы бағып күту бойынша жәрдемақыны 313,7 мың адам 16 396 теңгеден алды. Бірақ көптеген зерттеулер мұндай материалдық жәрдемақылар бала тууды ынталандыра алмайтынын көрсетіп отыр. Бала тууды ынталандыру үшін мемлекеттен берілетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшерін елдегі орташа жалақының деңгейіне көтеру қажет. Сонда ғана әр отбасы баласын өсіруге, оның келешегіне сенімді болады. Халықтың табиғи өсіміне әсер ететін ең бас­ты шешуші фактор – бала туу болып саналады.Табиғи өсімнің жоғары болуы мемлекеттің ана мен баланы қорғауға бағытталған демографиялық саясатына тікелей байланысты. Себебі, балалы отбасы – мемлекетіміздің тірегі. Сондықтан, бала тууды көбейту мен көпбалалы болуды ынталандыру үшін Үкімет отбасы және неке саласындағы заңнамаларды қайта қарап, әлеуметтік мәселелерді шешуді барынша қамтитын тиімді демографиялық саясат жүргізуі тиіс. Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сарапшысы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.