Өндіріс • 04 Мамыр, 2024

Сұранысқа ие сүт зауыты

131 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аграрлы өңір ауыл шаруашылығы саласындағы өнімдерді көбейтуге бел байлап отыр. Осы бағытта сүт өнімдеріне сұраныс артып келеді. Оған дәлел – Талдықорғандағы «JLC Сүт» зауыты. Кәсіпорын бүгінде 80 тонна сүт өңдеп, 60-қа тарта өнім шығарады.

Сұранысқа ие сүт зауыты

Суреттерді түсірген – Дмитрий Ерофеев

Тұтынушылар көбейген са­йын, зауыт та соған сай өнім­дерін түрлендіріп отыр. Мәсе­лен, бұған дейін сүт, сары май, құрт, ірімшік, түрлі ашытылған сүт өнімдері шығарылып келсе, енді соған қосымша глазурлі ірімшік сүзбелерін өндіруді қолға алған. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіп иесі жаңа желіні іске қосу үшін Мажарстаннан тапсырыспен дайындалған құны шамамен 150 млн теңге болатын арнайы жабдық сатып алған. Қазір соның игілігін көріп отыр.

Жалпы, зауыт мамандары «JLC» компаниялар тобының сүт өңдеу кәсіпорындарында оқытып-үйретуден өткен екен. Кәсіпорын қазір сүзбенің 5 түрін шығарады. Мысалы, жаңа глазурлі ірімшік сүзбесін айы­на 16 тонна өндіреді. Себебі халықтың бұған сұранысы жоғары. Сондықтан мамандар барынша талапқа сай жұмыс істеуге тырысады. 

«JLC Сүт» ЖШС зауытында айына 2 мың тоннадан астам дайын сүт өнімі өндіріледі. Оған қажетті шикізат өңірдегі шаруашылықтардан сатып алынады. Дайын өнім Талдықорған мен Алматы қалаларында және жалпы Жетісу облысы аумағында сатылады. Облыс орталығында зауыттың 21 фирмалық дүкені бар. Кәсіпорын 260-тан астам тұрақты жұмыс орнын ашқан, оның 110-і сүт өндірісіне тартылған.

«2014 жылы Талдықорған сүт зауытының  базасында құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде кәсіпорын заманауи жабдықтармен толық жарақталды. Осының арқасында біздің өнімдеріміздің түрі жыл сайын көбейіп келеді. Біз сүт өндірісінің дәстүрлі және заманауи үрдістерін үйлестіре отырып, тұтынушыларымыздың қажеттілігін қанағаттандыруға тырысамыз. Мысалы, біздің кәсіпорында ежелден келе жатқан сары май мен құрт жасаудың технологиясы мен рецепті сақталған. Жақында зауытта жаңа өнім – глазурлі сүзбе шығара бастадық. Жаңа желіні іске қосуға қажетті заманауи жабдықтар сатып алдық», дейді өндіріс меңгерушісі Әмина Арынбекова.

Ол кәсіпорында 10 жылға жуық қызмет етіп келеді. Зертханашыдан сүт өндірісінің басшысына дейін көтерілген маманның айтуынша, тұтынушылардың өнімді жақсы қабылданғанына көз жеткізген соң биылдан бастап кокос, құлпынай қосылған тағы 2 түрін қосқан.

«Жабдықтар шығарған зауыттың мамандары іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізді. Біз осы құрал-жабдықтармен қалай жұмыс істеу керектігін үйрендік. Осылайша, өткен жылдың шілдесінен бастап сүзбе өндіруді қолға алдық. Нарықтағы сұранысты зерттей отырып, ірімшіктің үш түрін: шоколад, қоюлатылған сүт пен ваниль шығаруды бастадық», дейді Ә.Арынбекова.

ап

Зауыт басшылығының айтуынша, сүзбе ірімшіктері кәсіпорында өндірілетін жаңа өнім болуына байланысты олар қазір өзіндік құнына сатылуда, мәселен зауыттың фирмалық дүкендерінде 1 данасы 150 теңге тұрады. Әзірге қоюлатылған сүт пен ваниль қосылған ірімшіктерге деген сұраныс жоғары.

Кәсіпорын алдағы уақытта сары май өндіретін жеке цех ашуды жоспарлап отыр. Атап өтсек, өткен жылы «JLC Сүт» зауыты 115 тонна сары май өндірді, ал қазір айына шамамен 15-20 тонна өндірілуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының мәліметінше, бүгінде Жетісуда 8 280 басқа арналған 36 тауарлы сүт фермасы бар. Сәуір айының басында МТФ-да 8 600 тоннаға жуық сүт өндірілген. Жалпы, осы жылы өңірде мал басы тағы 2,5 пайызға өседі деп күтілуде. Демек алдағы уақытта 10 мың тоннадан астам сүт өңдеуге мүмкіндік тумақ.

 

Жетісу облысы