Таным • Бүгін, 08:45

Батыс таныған Шоқан

7 мин
оқу үшін

Шыңғыс тұқымы, атағы мен айбыны үндескен, артына соны із қалдырған Шоқан Уәлиханов туралы жазуға дайындық керек сияқты. Осы мақаланы жазу барысында сонау 1956 жылы «Жаңа өмір» журналының баспасынан шыққан төте жазудағы шығармалар жинағын қайыра оқып шықтым. Бұл кітап маған қадірлі де қымбатты-тұғын. Себебі әріп танымайтын кезімде, атамның кітап сөресінде осы кітап тұратын. Қияқ мұртты, қыран көзді кісінің келбетін алғаш сол кітаптан көргенмін. Есейе келе оның Шоқан екенін білдім.

Батыс таныған Шоқан

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Атақты Достоевский 1856 жылы 14 желтоқсанда Семейден досы Шоқанға жазған хатында «мен сізді жанымдай жақсы көремін. Мен сізді жақсы көргендей ешуақытта, еш­кімді де, керек десе туған аға-інімді де жақ­сы көрген емеспін. Қымбатты Уәли­ханым, менің ниетімнің таза екеніне, тегі, ешқандай дәлелсіз сенерсіз. Егерде бұл туралы мен он кітап жазсам да, көңілдегінің бәрін түгел жазып тауыса алмас едім. Қия­лымның ішінде бір шындық бар, ол шын­дық – сіз өз халқыңыздан Еуропа біліміне қолы жеткен бірінші адамсыз», деп жазады. Шоқанды одан артық түсінген адам болды ма екен деген ой сап ете түсері анық. Даңқты орыс зиялысы осылай дей келе, «өз міндетіңізді ұғудың өзі сізге көп жауапкершілік жүктейді, сізге құдай жар болсын!» деген тілек айтады.

Шоқан Шыңғысұлының есімі қазақ даласын ендей өтіп, Ресей мен Еуропаның ғылыми орталарында да жоғары баға­ланды. Қысқа ғана ғұмыр кешкеніне қарамастан, Шоқан бір өзі шығыстану, этнография, тарих, география, фоль­клортану ғылымдарына үлкен үлес қосты. Әсіресе, Батыс ғалымдары оның Қашқарияға жасаған сапары мен Орта­лық Азия жөніндегі зерттеулерін ерекше бағалады. Соның нәтижесінде қазірге дейін Орталық Азия туралы кітап жазған Батыс ғалымдары өз еңбектерінде ең алдымен Шоқанға сілтеме жасайды. Бір ғана мысал айтайық, америкалық ғалым Э.Аллуорз құрастырып, 1967 жылы АҚШ-та жа­рық көрген «Орталық Азияның Ресей отарындағы бір ғасыры» атты ғылы­ми еңбекте ғалымдар Шоқан Уәли­хановтың аталған аймақ туралы ғылыми мақалаларына сілтеме жасайды.

Орыстың шығыстанушы ғалымдары Шоқанды «құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өткен ғалым» деп атағанын жақ­сы білеміз. Белгілі зерттеуші Н.И.Весе­ловский оның болашағынан зор үміт күт­кенін де жазған. Шоқанның еңбектері алғаш рет Еуропа ғылыми ортасына Ресей Географиялық қоғамы арқылы таныстырылды. Оның «Жоңғария очерктері», «Алтышаһарға сапар», «Қырғыздар тура­лы жазбалар» секілді еңбектері Орта­лық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін Батысқа танытқан маңызды дереккөзге айналды.

Енді Шоқанның даңқы Батыс әле­міне сонау 1865 жылы жеткені туралы айтайық. Осы жылы Шоқанның «Орталық Азиядағы орыстар» атты кітабы ағылшын тіліне аударылып, Лондонда жарық көріпті. Бұл тарихи еңбек Джон және Роберт Мичеллдердің аударуымен басылып шыққан. Кітапта Ресей империясының Орталық Азияға қарай кеңеюі, Сырдария әскери шебі, сондай-ақ Хиуа, Бұхара және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынасы кеңінен баяндалады.

Аталған еңбектің ерекше құндылығы – Шоқан Уәлихановтың 1858–1859 жылдары Қашқария мен Жоңғарияға жасаған сапарына қатысты жазбаларының енгізілуінде. Шоқанның зерттеулері арқылы Батыс оқырмандары Шыңжаң мен Жоңғария өңірінің географиясы, тұрмысы, этнографиясы және саяси ахуалы туралы маңызды мәліметтер алды. Кітапта Шоқан (Capt. Valikhanof), М.Венюков және басқа да орыс саяхатшылары­ның еңбектері пайдаланылған. Авторлар қазақ даласының Ресей империясы құра­мына ену үдерісін, Орталық Азия хан­дық­тарының саяси жағдайын және аймақ­тағы халықаралық бәсекелестікті жан-жақты сипаттайды. Батыс зерт­теушілері бұл еңбекті XIX ғасырдағы Ресейдің Орталық Азиядағы отарлық саясаты мен «Ұлы ойын» кезеңін түсіндіретін аса маңызды дереккөздердің бірі деп бағалайды. Ал Шоқан Уәлихановтың Қашқария туралы жазбалары еуропалық ғылы­ми орта үшін бұрын беймәлім бол­ған аймақ жөніндегі ең сенімді мәлімет­тердің қатарында саналады.

Батыс зерттеушілері Шоқанды тек ғалым ретінде ғана емес, Шығыс пен Батысты жалғаған мәдени көпір ретінде бағалады. Ағылшын және америкалық ғылыми еңбектерде ол «алғашқы еуро­палық білім алған қазақ ғалымы» ретінде сипатталады. Шоқан туралы кейінгі шетелдік ғылыми кітаптарда да оның тұлғасына ерекше назар аударылған. Ағылшын зерттеушісі Ник Филдингтің «Шоқан Уәлиханов және ағылшын әлемі» (Chokan Valikhanov and the English-speaking world) атты ғылыми мақаласында Шоқанның XIX ғасырдағы ағылшын тілді ғылыми ортаға қалай танылғаны жан-жақ­ты баяндалады. Автор Лондондағы Король­дік географиялық қоғам мүшелері Шоқан еңбектеріне ерекше қызығушылық танытқанын мақтанышпен айтады. Оның Қаш­қария туралы мәліметтері Батыс әле­мі үшін аса құнды болғанын, себебі бұл аймақ туралы сенімді ақпарат өте аз екенін оқырманға жеткізді.

Сонымен қатар Батыс зерттеушілері Шоқанның фольклор саласындағы қыз­метіне де жоғары баға берген. Ол қыр­ғыздың әйгілі «Манас» жырын алғаш ғы­лыми тұрғыдан зерттеп, Еуропаға таныс­тырған ғалымдардың бірі болды. Бұл туралы ағылшын тіліндегі энциклопедиялық еңбектерде арнайы айтылады. Шоқанның тұлғасы бүгін де халықаралық ғылыми ортада қызығушылық тудырып келеді. Оның ағылшын тіліне аударылған шығармалары Лондон мен АҚШ кітапханаларында сақтаулы тұр. 2000 жылы Кембридж университетімен бірлесіп жарық көрген «Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармалары» (Selected Works of Chokan Valikhanov) жинағы Батыс оқырмандарына қазақ ғалымының мұрасын қайта таныс­тырды.

Шоқан Уәлиханов – қазақ ғылымының ғана емес, әлемдік шығыстану ғылымының да көрнекті тұлғасы. Оның еңбектері арқылы Батыс жұртшылығы қазақ даласының тарихы мен мәдениетін тереңірек таныды. Сондықтан Шоқан есімі әлемдік ғылым тарихында мәңгі жарқырай бермек. 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:10

Жеті вагонды сүйреген жігіт

Рекорд • Бүгін, 09:05

Ертіс суы азайып барады

Мәселе • Бүгін, 08:50